Қазақстан • 26 Қазан, 2018

Өзара әріптестіктің ширек ғасыры

413 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Курчатов қаласындағы Қазақстан Ұлттық ядролық орталығында еліміз­дегі АҚШ елшілігінің өкілдері, DTRA мен DOE/NNSA ұйымдарының мамандары мен ғалымдары бас қосқан арнайы жиын болып өтті. Алқалы жиын жаппай қырып-жою қаруын таратпау жөніндегі Қазақстан-АҚШ келісімшартының 25 жыл толуына арналды.

Өзара әріптестіктің ширек ғасыры

Осы келісімшарттан кейін Қазақ­стан мен АҚШ құрлықаралық бал­лис­тикалық ракеталарды жойды. Ядролық қаруды таратпауды және атом сынақтарынан кейінгі ел мен жер жарасын емдеуді қолға алды. 

Қазақстанның бейбітшілік бағы­тын­дағы құнды құжаттары Нанна-Лугара бағдарламасының орындалуына ықпал етті. 

25 жылдық достық әріптестік арқасында Қазақстан Ұлттық ядролық орталығы мен АҚШ-тың Қорғаныс және Энергетика министрліктері арасында тығыз байланыс орнатылып, бұрынғы Семей ядролық сынақ полигонын қауіпсіз жағдайға көшіру мәселесі талқыланды. Ядролық атом қаруы қалдықтары ел аяғы бармайтын жерлерге ауыстырылды. 

– Семей ядролық сынақ полигонында атқарылған жұмыстарға орай, полигон аумағының басым бөлігі тексерілді, – деді Ұлттық ядролық орталықтың бас директоры Эрлан Батырбеков, – бұл полигон жеріндегі Қазақстан мен күллі әлемге төніп тұрған қауіпті сейілттік. Инженерлік және физика тұрғысынан алып қарағанда, жағдай бірқалыпты. 

АҚШ өкілдері қатысқан жиналысты қорытындылай келе, Эрлан Батырбеков былай деді: «Міне, 25 жыл ішінде біз көптеген тәжірибе жинақтадық. Қазақ ғылымының дамуы үшін бұл аса маңызды. Алдағы уақытта да АҚШ пен Қазақстан әріптестігі жалғаса беретін болады».

Раушан ҚАБЖАНҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан» 

Шығыс Қазақстан облысы, Курчатов қаласы

Соңғы жаңалықтар

Су үнемдейтін қондырғы

Технология • Кеше