Осы келісімшарттан кейін Қазақстан мен АҚШ құрлықаралық баллистикалық ракеталарды жойды. Ядролық қаруды таратпауды және атом сынақтарынан кейінгі ел мен жер жарасын емдеуді қолға алды.
Қазақстанның бейбітшілік бағытындағы құнды құжаттары Нанна-Лугара бағдарламасының орындалуына ықпал етті.
25 жылдық достық әріптестік арқасында Қазақстан Ұлттық ядролық орталығы мен АҚШ-тың Қорғаныс және Энергетика министрліктері арасында тығыз байланыс орнатылып, бұрынғы Семей ядролық сынақ полигонын қауіпсіз жағдайға көшіру мәселесі талқыланды. Ядролық атом қаруы қалдықтары ел аяғы бармайтын жерлерге ауыстырылды.
– Семей ядролық сынақ полигонында атқарылған жұмыстарға орай, полигон аумағының басым бөлігі тексерілді, – деді Ұлттық ядролық орталықтың бас директоры Эрлан Батырбеков, – бұл полигон жеріндегі Қазақстан мен күллі әлемге төніп тұрған қауіпті сейілттік. Инженерлік және физика тұрғысынан алып қарағанда, жағдай бірқалыпты.
АҚШ өкілдері қатысқан жиналысты қорытындылай келе, Эрлан Батырбеков былай деді: «Міне, 25 жыл ішінде біз көптеген тәжірибе жинақтадық. Қазақ ғылымының дамуы үшін бұл аса маңызды. Алдағы уақытта да АҚШ пен Қазақстан әріптестігі жалғаса беретін болады».
Раушан ҚАБЖАНҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»
Шығыс Қазақстан облысы, Курчатов қаласы