Аймақтар • 26 Қазан, 2018

Жануарларға күрке жасап, азық дайындайды

718 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Биылғы жыл өңірде «Экология жылы» деп жариялаған-ды. Осы бастамаға орай облыста 9,5 гектар жерге қарағай отырғызылды. Орманшылар жаңа егілген қарағайларды жаз бойы күтіп-баптапты. Олар орман мекемелеріне қарасты 9799 гектар жердің бабын тауып отыр.  

Жануарларға күрке жасап, азық дайындайды

Облыс орталығындағы Орман және жануарлар әлемін қорғау жөніндегі мекемеге қарасты Павлодар, Жаңаауыл, Чернорецк, Ямышев, Черное және Көктөбе орманшылықтары бар. Бір орманшы қарамағындағы 1 мың гектар алқапқа бас-көз болады. Өрттен, заңсыз ағаш кесушілерден, аңшылардан қорғайды. Орман және жануарлар әлемін қорғау жөніндегі мекемеге қарасты аумақта аң аулауға тыйым салынған. Мақсат – өңірдегі орман қорын қорғау, сақтау, ағаштарды өсіру, жануарлар әлемін қорғау, олардың өсімін көбейтуге үлес қосу. Сондықтан жергілікті әкімдік, төтен­ше жағдай, жергілікті полиция, ор­ман­шылық басқармасынан құралған об­лыстық штаб құрылса деген ұсыныс айтып отыр орманшылар.

Облыстық жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасының мәліметінше, биыл өңір­дегі Үрлітүп, Павлодар, Лебяжі ор­ман ша­ру­а­­шылықтарына өрт сөндіру көлік­тері, моторлы қайықтар, тракторлар беріліпті. 

Қазір орманшылар жануарлардың азы­ғын дайындауға кірісіп кеткен. Олар жыл сайын қыс келерде жабайы жануар­ларға қорек тасиды. Табиғат жанашыр­лары жабайы жануарларға арнап жемшөп салатын астаулар орнатқан. Астауларға шөп, тұз салып кетеді.

Орманшылар жабайы аң-құстардың есебін де жүргізеді. Осы көрсеткіш арқылы аң аулау лимиті белгіленеді. 

– Жануарларға қыс кезінде қалың қар астынан азық табу қиын. Сондықтан биотехникалық шаралар аясында 300 кило тұз, ағаш бұтақтарынан буып жасалған 1600 дана азық, 6 тонна шөп дайындалды. Күзде жауыннан, қыста аяздан, бораннан қорғайтын күркелер жасалды. Аңдардың азығына лайықты кесілген ағаштардың діңгектері ойылып, арнайы астаулар ілініп, жемшөп салынады, – дейді орманшылар. 

Облыстық Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақ­тық инспекциясының мәліметінше, елімізде 2016 жылы көктемгі аңшы­лыққа тыйым салынғаннан кейін биыл өткен жылмен салыстырғанда өңірдегі құстардың саны 20 пайызға өсіпті. Мысалы, үйрек 1091300-ге, қаз 49965-ке, қасқалдақ 193130-ға, шіл 49066-ға дейін жетіпті. 

Көбейгені жақсы-ақ еді, биылғы жылдың қыркүйек-қазан айларында үйрек, қаз, қасқалдақ, құр, балшықшы құсын, бөдене мен көгершін, қоян, түлкі, қарсақ аулауға рұқсат беріліпті. Күзгі аңшылық маусымында өңірде 800-дей аңшы жабайы құстар мен аңдарды аулауға шығатын көрінеді. 
 Иә, айтса айтқандай-ақ, аң-құс, орман-тоғай біздің байлығымыз. Орман­шылар болса аң-құстардың қыста жейтін азығына дейін дайындап беріп, күркесін жасап, аялап, қамқорлық көрсетуде. 

Фарида БЫҚАЙ,

«Егемен Қазақстан»

ПАВЛОДАР