Аймақтар • 26 Қазан, 2018

Жанармай арзандады, такси қымбаттады

731 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Жуырда өңірімізде жанармай бағасы арзандап, қуанғандай болдық. Көпшілік автокөліктерге құйылатын АЙ-92 маркалы жанармай бағасы Қазталов ауданы орталығында 180 теңгеден – 155 теңгеге бірден төмендеді. Бірақ бұл қуанышымыз су сепкендей басылып қалды. 

Жанармай арзандады, такси қымбаттады

Оған себеп – Орал мен аудан орталығына қатынайтын такси бағасының 2500 теңгеден 3000-ға көтерілуі. Әншейінде жал­ақы мен жанар-жағармай өсе қал­са, бағасын өсіре қоятын такси қыз­меті нарықта өзгеріс бо­­ла тұра, тарифтерін түсірмей, керісінше көтеріп жатқаны тұр­ғын­дар арасында наразылық ту­ғы­зу­да. Осы мәселенің мән-жа­йын сараптап көруді жөн санадық.

Бүгінде Қазталов – Орал ара­лы­ғына қатынайтын жеке такси­лердің құны 3000 теңге, ал Жалпақтал – Орал арасы 2500 теңге. Бұл бағаны оларға ешкім шегелеп бекітіп берген жоқ, әрине. Бұл такси жүргізушілері өзара келісіп алған ортақ баға. Ал осы екі араға қатынайтын ав­то­бус­тың билет құны 1350-1500 теңге. Дегенмен, Қазталов бағы­тындағы 20 орындық автобустың соңғы кездері жүруінен тұруы көбейіп кетті. Тіпті бір айға жуық мүлдем жүрмей қалғаны да бар. Сондай-ақ бұл автобус­тар тұрғындарды толық қамти ал­май­ды. Билетті ертемен барып ал­масаңыз құр қалатыныңыз тағы бар. Талай мәрте өзіміз осы жағ­дайды басымыздан өткі­зіп жүрміз. Амал жоқ такси қыз­метіне жүгінуіңізге тура келеді.

Осындай такси қызметін жиі пайдаланатын ауыл тұрғындары­ның бірі – Нұрлан Құсайынов:

– Такси бағасының бұлай өсуі негізсіз деп санаймын. Жылдан-жылға облыс орталығынан тар­тыл­ған тас жол жақындап келеді. Аудан орталығына 30 шақырым жетпей тұр. Такси қызметінде жүргендердің ішінде көліктері көгілдір отынмен жүретіндері де бар. Жағармай құны төмендегені тағы бар. Сонда олар осыны ес­кер­мей ме? Атқарушы органдар бұл жағдайды реттесе екен дей­мін, – деген пікір білдірді.

Осы мәселеге тікелей қатысы бар аудандық тұрғын үй-ком­мунал­дық шаруашылық, жолау­шылар жол көлігі және автомобильдер жолы бөліміне бас сұғып, жөн сұрадық. Бөлім басшысы Нұржан Ислямов:

– Жақында облыс орталығы мен аудан орталығына қатынай­тын автобус жөндеуге тұрып қал­­­ғанын пайдаланған такси қыз­ме­­тін­дегілер жолақыны көтеріп жіберді. Бұл олардың жеке шеші­мі. Бізбен ақылдасқан еш­кім жоқ. Одан бөлек, такси қыз­метіне арнайы патент алмай жүр­ген­дері де біршама. Яғни, жолау­шы тасуға ешбір рұқсаты жоқ, бірақ ондай көліктерге тұрғындар ой­ланбастан мініп жатыр. Осы жағ­дайларды реттеу үшін «Нұр Отан» партиясы, жол полициясы қызметкерлері және қоғамдық кеңес мүшелерімен бірге рейдтерге шығуды жоспарлап отырмыз. Осы жұмыстармен қатар аудан орталығында автотұрақтар жасақтауды қолға алып жатырмыз, – деген жауабын берді.

Әрине жоғарыда көрсетіл­ген және берілген пікірлерді ескерсек, такси қызметіндегілердің жолақыны көтерулері жөнсіз сияқты. Бұрынғыдай Чапайға дейін шоқалақ, жайсыз жолдың асфальт жолмен жабдықталып жатқанын да алға тартуға болады. Дегенмен, такси қызметінде жүріп, напақа тауып жүрген аза­мат­тардың да пікіріне де құлақ астық. Жолаушы тасымалымен айналысып жүрген ауыл тұрғыны Мерген Малахов:

– Аудан орталығында арнайы рұқсаты бар, «Алипкалиев» жеке кәсіпкерлігі арқылы тіркелген 23 такси облыс орталығына қаты­нап жұмыс жасауда. Олар­дың 3-і Бірік ауылдық округі­нен, 2-і Бостандықтан. Ал аудан ор­талы­ғындағы 18-дің қазір­гі күнде 12-сі жолаушы тасы­ма­лымен айналы­суда. Қалған­дары әртүрлі себептермен әзірге жүрмей жатыр. Мен де осы Берік Алипкалиев бас­қара­тын «Алипкалиев» жеке кәсіп­кер­лігі арқылы жолаушы тасы­малы­мен айналысамын. Жолау­шы тасымалына қажет­ті бар­лық құжаттарымыз бар. Такси қыз­метінің жолақыны көтеру мә­селесіне келсек, біз өт­кен жылдың 21 ақпанында өзара келісу арқылы Қазталов-Орал бағытындағы жолақыны 2500-нан 3000 теңгеге көтердік. Бұдан кейін биылғы жылы жаз айларында балалар мен сту­дент­тердің ауыл мен қалаға қа­ты­науына жеңілдік ретінде қай­­та­дан 2500 теңгеге түсірген бо­ла­­тын­быз. Ал қазір азық-түлік, киім, құрылыс материалда­ры күннен-күнге қымбаттап жатыр. Көлікке қажетті авто­бөл­шек­тер де шарықтап кетті. Біз де так­си қызметінде еріккен­нен жүр­гені­міз жоқ қой. Отба­сы­мыз­ды асы­рау үшін жұмыс жасаймыз. Сол себептен жолақысын 3000 теңгеге қайтадан көтердік. Бізден басқа рұқсатсыз такси қыз­меті­мен айналысатындар көп. Оларды қатарымызға тартуға әрекеттеніп келеміз. Ауыл тұрғын­дары­ның ішінде аз қамтылған отбасы­лар­дан жол­ақысын алмаймыз. Көп­ба­лалы отбасыларға облыс ор­та­лығынан азық-түлік те әке­ліп беріп жатамыз. Көпшілік бізді дұрыс түсінсе деймін, – деген уәжін білдірді.

Иә, жолаушы тасымалымен ай­на­лысатын такси жүргізу­ші­лер­дің көпшілігі жұмыссыз жүрг­ен­дер. Отбасын асырау үшін темір тұлпар тізгіндеп, табыс табуды көздегендер. Әркімнің күн көріс қам­ы үшін еңбек еткені дұ­рыс. Бір­ден такси қызметінде жүр­ген аза­маттарды кінәлаудан аулақ­пыз. Дей тұрғанмен, олар­дың қа­ра­па­йым халықтың қал­та­сына тым қатты салмақ сала беруге бол­­май­тынын ескергені абзал. Мә­се­ле оң шешім табатынына сеніміміз мол.

Қайрат ЖАҚЫП,

Батыс Қазақстан облысы, Қазталов ауданы

Соңғы жаңалықтар