Аймақтар • 26 Қазан, 2018

Америкалық еріктілер ауыл балаларына ағылшын тілін үйретуде

362 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Америкалық ерікті Мириам Гринфилд Қарағанды облысы, Нұра ауданының №3 Киевка орта мектебінің оқушыларына 1 айдан астам уақыт бойы ағылшын тілін үйретіп келеді. Қазақстанға келгеніне көп уақыт болмаса да, ауыл тұрғындарымен достасып, оқушылардың сүйікті мұғалімдеріне айналып үлгерген.

Америкалық еріктілер ауыл балаларына ағылшын тілін үйретуде

Осы жылы алғаш рет жүзеге асқан «English for Jastar» жобасы бойынша 9 шетелдік және 146 қазақстандық ерікті еліміздің мектеп оқушыларына ағылшын тілін үйретуге, сөйлеу дағдыларын дамытуға көмектесу үшін 2 айға шалғай ауылдарға аттанған. Солардың бірі – Американың Нью-Йорк қаласынан келген Мириам.    

Мириам балаларға тек сабақ үйретіп қана қоймай, ауылдың қайнаған тіршілігіне белсене араласып жүр. Ауыл тұрғындары да оны жиі отбасылық мерекелерге, тойға, балыққа, экскурсияларға қатысуға шақырып тұрады. Айта кету керек, ол әлеуметтік желілерде де өте белсенді  ауылда өткен әр күнімен интернет парақшасында достарымен бөлісіп тұрады. Сондай-ақ ол бос уақытын жергілікті жаттығу залында йога жаттықтырушысы ретінде өткізеді.

Мириам Қазақстандағы оқушылардың тәртібін ерекше атап өтті: «Оқушыларым керемет. Өте тәрбиелі, білімге құштар, сабақта мұқият тыңдап, көп нәрсе үйренуге тырысады. Күнде таңертеңнен бастап жүздеген бала құшақтап рахметін айтады. Мен үшін ең үлкен жетістік осы. Ауыл тұрғындары ақжарқын, ашық, өте қонақжай. Келесі жылы да келуге қарсы емеспін».

Сондай-ақ еріктілер қатарында Гарвард университетінің студенті Кеннет Палмер де бар. Ол қазір Қарағанды облысының Осакаровка ауданында оқушыларға ағылшын тілін тегін үйретіп жүр. Одан өзге еріктілер еліміздің Түркістан, Ақмола, Ақтөбе, Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Павлодар, Алматы облыстарының ауылдарына аттанған.