Қазақстан • 26 Қазан, 2018

Ертерек тіркелгеннің бір ісі артық

297 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Бүгінгі таңда елімізде ұрланған ұялы телефондардың 85-87 пайызы қайта қосылып, оларды мүлде бөтен біреулер пайдалануда. Ішкі істер министрі бұл келеңсіздікті телефондарды реттеу тәртібінің болмағандығымен байланыстырған еді. 

Ертерек тіркелгеннің бір ісі артық

Енді міне, ұялы байланыс або­ненттік құрылғыларын тіркеу ере­же­­­лері бекітілгеннен кейін, ІІМ құрыл­ғы­ларды тіркеуге 2019 жылдың 1 қаң­тарына дейін үлгеріп қалуды ескертіп отыр. 

– 2019 жылдың 1 қаңтарынан бас­тап IMEI-код + SIM-карта + тұлға ЖСН сызбасы бойынша абоненттік құрылғыларды міндетті тіркеу ере­жесі күшіне енеді. Тіркелмеген або­ненттерге байланыс қызметі көр­сетілмейді. Осыған байланысты азаматтар осы жылдың соңына дейін өздерінің байланыс құрылғыларын тір­кеулері қажет, – деді ІІМ-нің ресми өкілі Алмас Садубаев. 

Осы ретте ІІМ-нің ресми өкілі ұя­лы байланыс операторларының фи­лиалдарында үлкен кезек болып, қоғамда дүр­белең тумауы үшін аза­маттарға құ­рыл­ғыларын дер уақы­­тында тіркеуге кеңес береді. 

– Бұл ең алдымен азаматтардың мүд­десін қорғау үшін жасалып отыр. Егер бір адамның телефоны тірке­геннен кейін ұрланатын болса, онда база арқылы оны кім пайдаланатынын анықтауға болады. Бұған қоса, бай­ланыс операторлары да базада құрылғының IMEI-коды ұрланған ретінде көрсетіліп тұрса, байланысқа тосқауыл қою мүм­кіндігін алады, – деді ресми өкіл. 

Бұған дейін еліміздің Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев ұялы байланыстың або­ненттік құрылғыларын тіркеуде халық арасында дүрбелең болмауы үшін министрлік тіркеу процесін барынша жеңілдеткендігін, тіпті азаматтар онлайн режімде және SMS арқылы да ұялы телефонын тіркеуге мүмкіндік алатындығын айтқан болатын. 

«Ұялы телефондарды тір­кеу үшін ұялы байланыс опе­ра­тор­ларының або­ненттік бөлімше­леріне барудың қажеті жоқ. Або­ненттер онлайн немесе SMS ар­қылы тіркеле алады», – деген еді Д.Абаев. 

Расында, Ақпарат және коммуникациялар министрінің ұсынысы мен алаңдауының жөні бар. Өйткені миллиондаған абоненттеріміз бар деп жар салып, жария қылудан шаршамайтын ұялы байланыс операторлары мөлшерлі уақыттың мерзімі таяғанымен, әзірге аса бір бел­сенділік танытпай отырған сыңайлы. Оны операторлардың ресми сайтына шолу жасап-ақ бай­қауға болады. Олар ертеңгі күні уақыт таяғанда қазір әліпт­ің ар­тын бағып отырған халық нө­­піріне қалай төтеп бермекші? Мә­селен, қазір олардың ресми па­рақшаларында қарапайым тұты­нушыға ұғынықты ақпараттар жоқтың қасы. 

Қазіргі уақытта еліміздегі қыл­мыс­­тың денін – ұрлық құрайды, ал ұрлықтың басым бөлігі байланыс құ­рыл­ғыларына қатысты екендігі анық. 
Сондықтан да Ақпарат және ком­­муникациялар министрлігі ұя­лы байланыстың абоненттік құрыл­ғыларын тіркеу тәртібін бекітіп берді, бұл тәртіп Ішкі істер министрлігінің де оң жамбасына келіп отыр. Поли­цейлер елімізде ұрланып, ҚХР, Ре­сей, Өзбекстан мен Қырғызстанға асырылатын­ байланыс құрылғыларын да қай­таруға құлшынып отыр. Жал­пы, ұялы байланыс құрылғысын тір­кеу жүйесін қалпына келтірудің ұлтт­ық қауіпсіздік мәселелерімен де ұш­тастығы бар. 

Ендігі міндет, министрлік өкілі айтқандай, бос дүрлігуге жол бермес­тен, телефон аппараттарын уақтылы тіркеуде жатыр. 

Әлбетте, ертерек тіркелгеннің бір­­ ісі артық болатыны рас. Осы­ орай­­­­­да ортақ тәртіпті та­ғы бір мәр­те­ ес­теріңізге саламыз.­ Бай­ла­ныс қыз­­­­метін пайдаланушылар үшін құ­рыл­ғыны тіркеу қиындық тудыр­майды. Ақпарат және коммуника­циялар министрлігінің мәліметі бо­йын­ша, жеке тұлғалар байланыс құрылғыларын өтініш берілген сәттен бастап 4 сағатта, заңды тұлғалар – 8 сағатта ақысыз не­гізде тіркей ала­ды. Он төрт пен он сегіз жас ара­лы­ғындағы кәме­летке толмаған азаматтар бай­ланыс құрылғыларын заңды өкілдерінің келісімімен тіркейді, ал 14 жасқа дейінгі кәмелетке тол­мағандар үшін заңды өкілдері не­месе ата-аналары тарапынан жү­зеге асырылады. Ұялы байланыс құрылғыларын тір­кеу және қайта тіркеу үшін құрыл­ғының иесі қызмет көрсетудің авто­мат­тандырылған қызмет көрсету жүйесі арқылы немесе ұялы байланыс операторларының кеңселеріне тө­мендегі тізімдегі құжаттарды ұсы­нуы тиіс: 1) ЖСН (жеке тұлғалар үшін) немесе БИН (заңды тұлғалар үшін); 2) абоненттік ұялы байланыс құрыл­ғысының иденти­фикациялық (IMEI) коды; 3) абоненттік ұялы байланыс құ­рыл­ғысында қолданылатын або­ненттік нөмірі. 

Серік ӘБДІБЕК,

«Егемен Қазақстан»