Қазақстан • 26 Қазан, 2018

Тілге қызмет: әке аманатына адалдық

729 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

ХХ ғасырдың бірінші жартысында еліміздің ғылымы мен мәдениетінің қалыптасуында, оны одан әрі дамытуда кейінгі ұрпақтың ғылым мен білімге құштарлығын арттыруда ерекше еңбек сіңірген бір топ зиялы қауым өкілдері болғаны белгілі. Сондай тұлғалардың бірі — көрнекті әдіскер-ғалым, ағартушы Шамғали Харесұлы Сарыбаевтың туғанына 125 жыл толып отыр. 

Тілге қызмет: әке аманатына адалдық

Бұл мақаламызда әкесі Шамғали Ха­ресұлының Отанды сүюге, туған тілді құрметтеуге, мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруге аянбай еңбек ету аманатын абыроймен жүзеге асыр­ған, еліміздің ғылымы мен бі­лімінің дамуына айтарлықтай үлес қосқан, биыл ғана дүниеден өт­­кен қайраткер-ғалым, Ұлттық ғы­лым академиясының академигі, фи­ло­логия ғылымдарының докторы, про­­­фессор Шора Са­ры­­баевтың ғы­­лы­ми-педагогтік, шы­ғар­машылық қызметін жастарға өнеге ретінде ұсы­нып отырмыз. 

Шора Шамғалиұлының тұлға болып қалыптасуына, өмірдегі өзін­дік орнын табуына ата-ана­сының ықпалы зор болғаны белгілі. Ал­матыдағы жалғыз қазақ орта мек­тебінде алған білімі қазақ елінің та­ри­хынан, мәдениетінен, салт-дәс­түрлерінен мол мағлұмат беріп, болашақ ғалымның туған жерге, ту­ған тілге құштарлығын оят­­­қаны белгілі. Өйткені, әкесі әй­гі­лі әдіскер-ғалым Шамғали Ха­рес­­ұлының мектептен тыс үйде қо­сымша білім-ғылымға бағыттаған тәрбиесі мектеп табалдырығын ат­та­ғаннан бастап өмірдің мәні оқу-білімде екенін ұқтыруға мықтап әсер етті. Содан да болар, мектеп бітір­геннен кейін Шора Шамғалиұлы ой­ланбастан тіл білімін таңдайды. Мектепті үз­дік бітірген түлек әркімге де арман болған әл-Фараби атындағы Қа­зақ ұлттық университеті филология фа­культетінің студенті атану бақы­тына ие болады. 

Университет қабырғасында жү­ріп, ғалым-ұстаздар – М.Әуезов, Н.Сауранбаев, М.Балақаев, І.Кеңес­паев, Ы.Маманов, Б.Кенжебаев, Ж.Аралбаев сынды әйгілі тұлға­лар­­дың дәрістерін тыңдау жас сту­денттің ғылымға деген ұмты­лы­сын оятып, студенттік ғылыми конферен­цияларға қатысып, баяндамалар жасап, өзінің ғылымға икемділігін танытады. Студенттік шақтың өзінде бірнеше республикалық конкурс­тарда жүлделі болғанын аңғарған ұстазы профессор М.Балақаев «Қазақ тіліндегі одағай сөздер» деген кан­дидаттық диссертация тақырыбын ұсынады. Ғылыми зеректігі арқа­сында аспирант Ш.Сарыбаев филология ғылымдарының кандидаты дәрежесіне ие болады. 

1954 жылы жас ғалымды Ұлт­тық ғылым академиясы Тіл бі­лімі институтының ұжымы жылы шы­раймен қарсы алған болатын. 60 жыл­дан астам саналы ғұмырын осы­­ ғылым ордасында өткізген Шо­­­­­­ра Шамғалиұлы қатардағы ғы­лы­­ми қызметкерден институт ди­рек­­­торының орынбасары лауазымына дейін көтерілді. 1974 жылы док­торлық диссертация қорғады, Ұлттық ғылым академиясының ака­демигі болып сайланды.
Ғалымның қаламынан 300-ге жуық ғылыми мақалалар, моно­гра­фиялық еңбектер, оқулықтар мен сөз­діктер жарық көрді. Бүгінде ға­лымның аты Қазақстанда ғана емес, бүкіл ТМД елдері мен шет мемлекет­терге де белгілі. Бұрынғы одақ көле­мінде шығып тұрған «Вопросы языкоз­нания», «Советская туркология», «Народы Азии и Африки», «Со­ветское востоковедение» сияқты ғы­лыми-теориялық журналдарда ең­бектері жарық көріп, ғылыми жұрт­­шылықтың қызығушылығын тудырды. 

Шора Шамғалиұлының шығар­машылық шеңбері кең, әр алуан.­ Оның ғылыми еңбектерін бай­­­­­қап қа­расақ, қазақ тіл білімінде қа­лам түртпеген саласы кемде-кем екен. Атап айтқанда, қазақ тілінің өзекті салалары – қазақ тіл тарихы, диалектология, лексикология, лексикография, грамматика, терминология, этимология т.б. көкейкесті мәселелерге арналған. Ғалым бар күш-жігерін сарп етіп зерттеген екі саланы ерекше бөліп атауға болады. Оның бірі – диалектология болса, екіншісі – тіл білімінің тарихы. 30 жылға жуық тіл тарихы мен диалектология бө­лімінің меңгерушісі лауазымында бол­ғанда, еліміздің шалғай жерін ме­кендеген тұрғындар тілінен және Қазақстаннан тыс жердегі қазақ тілінің мол байлығын жинау үшін жүйелі түрде диалектологиялық экс­­­педициялар ұйымдастырып, ел аузынан сөз байлығын жинауға бас­шылық етті. Тіл білімі институ­тының картотекалық қорын көбей­туге көп үлес қосты. Жиналған диа­­­­­лек­тілік материалдар негізінде көп­­­теген зерттеу жүргізіп, үлкен жұ­мыс атқарды. Оның 1976 жылы жеке кітабы ретінде жарияланған «Қазақтың аймақтық лексикография­сы» атты докторлық диссертациясы түркітану ғылымында аймақтық лексикография теориясына арналған тұңғыш монография болды. Ғалым алыс-жақын шетелдерде өткізілген форумдар мен симпозиумдарға жә­не конференцияларға қатысып, «Диа­лектілік сөздіктерді құрастыру», «Тіл­ мәлениеті және жергілікті ерек­шеліктер», «Диалектілік термино­логия» сияқты тақырыптарда баян­дама жасап, тың ойлар ұсынды. Диа­лектология бойынша оқулықтар мен монографиялар жарық көруіне ат салысты. «Қазақ диалектология­сы» атты тұңғыш оқулықтың (Ғ.Қалиев­пен бірге), «Қазақ тіліндегі аймақтық лексика» атты монографиясын (О.Нақысбековпен бірге) жария­лады. Сондай-ақ экспедиция­ларда жиналған материалдар негізінде «қазақ тілі тарихы мен диалектологиясы» атты сериямен шыққан сегіз кітап­тың белсенді авторларының бірі болды. Академик Шора Сары­баевтың басшылығымен әрі ре­дак­торлығымен 80 баспа табақ кө­лемінде құрастырылған «Қазақтың аймақтық сөздігі» қазақ тіл бі­­ліміне ғана емес, түркологияға қо­сылған үлес болып бағаланды. 

Ғалымның табысты еңбек еткен саласы – алтаистика мәселелерін ерек­ше айтып өту керек. Өйткені қа­зақ тіл білімінде түркі және моң­ғол тілдерінің туыстық төркінін анық­­тауды нақты деректер негізінде салыс­тыра зерттеуді қолға алған аз ғана тілшілер қатарында ғалымның есімі айтылуы орынды. 

Академик Ш.Сарыбаевтың ай­рық­ша еңбектеніп, көп жылдан­ бе­рі үзбей айналысқан саласы –қазақ тіл білімінің тарихы. Қазақ тіл бі­­лімі саласындағы бай мұраны жи­­­­­нақ­тап, ғылыми жүйеге түсіре оты­­рып, «Қазақ тіл білімінің би­б­лио­графиялық көрсеткішін» жа­рия­лады. Осы көрсеткішті шы­ғар­­­ған кезде А.Байтұрсынұлы, М.Жұ­мабайұлы, Ж.Аймауытұлы, М.Ду­латұлы, Х.Досмұхаммедұлы, Т.Шонанұлы т.б. арыстардың 140 еңбегі енгізілгені үшін аталмыш кітабы 1960 жылы пышақтың ас­тына түсіп туралып кеткен болатын. Саяси қате жіберді деп ғалымға сөгіс беріліп, бөлім меңгерушілігі лауазымынан босатылғанын біреу білсе, біреу білмес. Оған қарамастан осы еңбегін әрі қарай жалғастыруының арқасында «Қазақ тіл әдебиетінің биб­лиографиялық көрсеткіші» деген ат­пен бүгінде жеті томдық жинақ жарық көрді. Сондай-ақ «Түркітану әде­биетінің библиографиялық көр­сеткішін» басып шағырды. Әри­не ондай еңбек адам бойынан шы­дам­дылық, табандылық, ұқып­ты­лық және ыждаһаттылық сияқты қа­сиеттерді қажет ететіні белгілі. Ға­лым­­­­­ның айтуына қарағанда, осындай қасиеттерді бойға сіңіріп, тіршілікте ұсақ-түйек болмайтынын үйреткен де әкесі Шамғали Харесұлы екен. Тіл білімі бойынша көрсеткіш жасау, жа­рық көрген зерттеулерді қадағалап оны қағазға түсіріп, алфавиттік, хро­нологиялық, тақырыптық, салалық тәртіп бойынша жылдар бойы жинап, жүйелеп кітап етіп шығару тіл білімін зерттеушілерге орасан зор қолғабыс екенін айтқанымыз абзал. Олар өздеріне керек материал­дарды ғалым жинаған картотекадан оп-оңай таба алады. Ғылыммен шұғылданған талай жастар әлі күнге дейін бұл еңбектің оларға материалдар дайындауда көп септігін тигізгенін тілге тиек етеді. Ғылыми қызметкерлерге, аспиранттар, студенттер және мұғалімдер үшін бұл еңбек таптырмайтын, күнделікті қолдан түспейтін кітапқа айналып отыр.

Ғалымның морфология саласы бойынша сөз таптарын зерттеу­ге арналған «Қазақ тіліндегі одағайлар», «Еліктеуіш сөздер» деген кітаптары жарық көруімен қатар «Қазіргі қазақ тілі», «Қазақ тілінің грамматикасы» атты еңбектері тең авторлықпен басылып шықты. 

Ш.Сарыбаев лексикография са­­­­­ла­сында да жемісті еңбек етті. Ол әртүрлі сөздіктер құрастыру жұ­мы­сына да белсене араласты. Ға­лымның қатысуымен «Қазақ ті­лінің қысқаша этимологиялық сөз­дігі», «Қaзaқша-oрысша-қазақша сөздік», «Қазақ тілінің жаңа атаулары» атты сөздіктері жарық көрді. Сонымен бірге ол үлкен «Қазақша-орысша» және «Орысша-қазақша» сөздіктерін құрастырушылардың бірі болғандығын айтуға болады.
Ғалымның баспасөз беттерінде тіліміздің зәру мәселелерін көтерген мақалалары да қоғамдық пікірге қозғау салып, пікірталас өрбіткені көп­шілікке белгілі. Жаңа сөздер жөнінде және спорт терминдерін үйлестіріп, нормаға келтіру, қазақ балабақшалары мен мектептерін көбейту, қазақ тілінің мемлекеттік тіл деңгейінде қызмет етуі мен қос тілділік туралы айтқан ой-пікір­лері көпшіліктен қолдау тап­қанын білеміз.

Өнегелі ұстаз-ғалым ғылыми кадр­­лар дайындау ісіне де зор үлес қосты. Оның жетекшілігімен диссертация қорғаған жиырмадан астам ғылым докторлары мен кандидаттары еліміздің жоғары оқу орындарында, ғылыми-зерттеу институтта­рында еңбек етіп жүр. Тіл білімі институтының, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің және Қырғызстан мемлекеттік уни­вер­ситетінің докторлық диссертация қор­ғау кеңестерінің мүшесі ретінде талай ғалымдардың ғылыми атақ-дә­реже алуларына себепкер болды.

Академик Ш.Сарыбаевтың ғылы­ми-педагогтік қызметі, ғылымды да­мы­тудағы, ғылыми кадрларды дайындаудағы еңбектері Үкімет тарапынан бағаланып, «Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым қайраткері» атағы беріліп, «Парасат», «Құрмет» ордендерімен марапатталды.

Біз шағын мақаламызда ғалымның барлық ғылыми еңбектеріне талдау жасауды мақсат етпедік. Қазақ тіл бі­лімінің өркендей өсуіне елеулі ең­бек сіңіру, өз ұлтының тілін, мә­де­ниеті мен дәстүрін ардақтау, ту­ған тілге шексіз қызмет етуді тап­сыр­ған әке аманатына адалдық танытып, артында мол мұра, өшпес із қал­дырып, түркология тарихының төрінен лайықты орын алған академик Шора Шамғалиұлының жеткен же­тістіктерін көрсету болатын. Осын­­­дай дара талантымен елдің есінде қалған тұлғаларды қас­тер­леп­ құрметтеу, кейінгі ұрпақтың аза­маттық парызы болып қала бермек.

Кәрімбек ҚҰРМАНӘЛИЕВ,

Қазақстан ұлттық жаратылыстану

ғылымдары академиясының вице-пре­зиденті,      

ҰҒА  корреспондент-мүшесі, филология ғылымдарының докторы,

профессор

Соңғы жаңалықтар