26 Ақпан, 2010

“РИЗЫҒЫМДЫ ЕҢБЕКТЕН ТАПТЫМ”

1086 рет
көрсетілді
20 мин
оқу үшін
Қазақы қалжыңды қатырып айтып, жүрген жерінде әдептен аспайтын әзілімен жұртшы­лықты еріксіз езу тарттыратын, бұл аза­мат – Ақмоланың байырғы тұрғы­ны, Қазақстан Архитек­тор­лар ода­ғының мүшесі, құрылысшы Сейдахмет Хасенов. Өзі айтады: “Шота Уәлиханов ағамызбен кездесіп, танысып, суретке түсіп жатырмыз. Менің бойыма қарап Шота аға: “Е, біздің архи­текторлар арасында да денелі, бойшаң жігіттер бар екен ғой”, – дейді. Сонда мен: “Аға, енді өспей­міз бе?” – дей­мін. Ол кісі қарқыл­дап күліп жатыр. 1940 жылы Ақылбай мен Зейнелдің шаңырағында Сейд­ахмет дүниеге келгенде ешкім де алдында қасапты қанды қыр­ғын тұрғанын білген жоқ еді. Соғысқа жарларын аттан­дырып салып, Совинформ­бюро­ның әрбір жаңа­лы­ғына құлақ түре, төрт бұрышты хаттардан қор­қып, үш бұрыш хаттарды әбден тозығы жетіп, жыртыл­ғанша қайта-қайта оқып жүрген Зей­нел­дің бағы бар екен. Жары май­даннан аман-есен оралып, Сейдахметтің артынан бір ұл мен бір қыз туады. Бірақ қан май­­даннан аман келген әке ғұмы­ры бейбіт күнде қысқа болады. 1955 жылы жол апаты Хасен ғұмырын қиып кетеді. – Әке жоқ, баланың үлкенімін, Алматыға, немесе басқа қалаға барып оқу іздеуге бол­майды. Бағыма қарай осындағы Ауыл шаруа­шылы­ғы институтындағы жерге орналас­тыру факультетінен архитек­торлыққа оқытатын бөлім ашылды. Әуелден суретке, сызуға бейім едім, сондық­тан сол маман­дыққа қызығушы­лық таныттым. Институтта сабақты да оқып, қоғамдық жұмысқа да арала­сып, одан үйленіп, балалы да болып жоо-ны жақсы аяқтадым. Бірақ мамандығым бойынша жұмыс жасасам, шешем мен соңымдағы бауырларыма, отбасы­ма қиын тиетіндей. Жобалау институт­тарын­дағы жас маман алатын жалақыға отбасыңды асырау өте ауыр. Содан құрылысқа келдім. Авто­көлік бас­қар­масындағы құры­лыста алғашын­да шебер, одан прораб, құрылыс бастығы, сосын басқарманың өзінде күрделі құрылыс бөлімінің бастығы мін­дет­терін атқардым. Ол кезде қазір­гідей емес, қазақ аз, тек білімің мен білігің асса ғана сені мойын­дай­ды, әйтпесе қиын. Және құры­лыс та қай жөнді, алдымен смета­сын жасап, қаражатын сұраймыз, оның жарым-жартысын бере ме, бермей ме, материал тағы жетіс­пейді. Бірақ жұмыс жасадық. Осы қалада, аудан­дарда үйлер тұрғыз­дық, жұмысқа қажет базалар сал­дық. Ал басқарма тара­ған уақытта мен далада қалдым. Құрылысқа бар­сам, жасыңыз келіп қалған адам­сыз деп ешкім алмай­ды. Маған портфельдің керегі жоқ, мен оның бар­лығынан өткенмін, менің бай тәжірибем бар, құры­лыс басындағы бар мәсе­лені бүге-шігесіне дейін білемін, адамдар­мен жұмыс жасай аламын, жәй қара­пайым шебер етіп алың­дар, десем ешкім құлақ аспай­ды. Содан бір күні сол кезде құрылысы аяқталып қалған қазіргі Прези­денттік мәдениет орталығына ке­ліп жұмыс сұрадым. Ағаш шебері боласың ба, деп күлді. Істей­мін дедім. Орталықты түрік­тер салды ғой, ішінде жүріп қарасам, ана жоба ана жерде, мына жоба мына жерде, шашырап жатыр. Содан олардың бәрін ретке келтіру керек болды. Негізі тәртіп бойынша жоба төртеу болуы тиіс. Мен соларды жасап, сосын тағы өртке қарсы гидрант деген бар, олардың қайсысы қай жерде тұр, соны нөмірлеп, тра­фарет­пен салып, альбомға қаттап, түгендеп апарып бердім. Бастығы архитек­тор жігіт көріп: “Ой, мынау жақсы болды ғой, сіз плотник емес, бөлім бас­ты­ғы болуыңыз керек қой”, дейді. Жас жігіт қой, содан айна­лайын, мен де өзіңдей архи­тектормын дедім. Ағаш шебері болып істеп жүрген мен ақырында бөлім бастығы болып шыға келдім. Енді жұрт: “Бөлім бастығы болу үшін әуелі плотник болу керек екен ғой”, деп күліп жүрді. Сол жерден зейнеткерлікке шықтым – деді. – Аға, жұртпен жұмыс жасай аламын деп айтып отырсыз ғой, сол үшін адам бойында қай қасиет көбірек болуы керек? – А, ол үшін алдымен адалдық керек. Өзің адал болсаң, жұмы­сыңды адал жасасаң ғана екінші біреуден талап ете аласың. Екінші­ден, білімің толық болуы керек. Сен мынаны сыз деу үшін, өзің соның қалай сызылатынын білуің қажет. Мысалы, қолымда сызба тұр ма, мен соны түбіне дейін оқып біліп тұруым керек. Қандай материал, қандай лай қоспасы керек, қай тұрба қай жерге қолданылуы тиіс. Мен зауыттан қажетті материал алып жатқанда барлығының марка­сын біліп тұруға тиіспін. Мысалы, арматураның жуандығы марка­сына сай ма, сондай толып жатқан оның мәселелері бар. Былтырғы жылдары жаңадан салынған мек­тептің төбесі құлады емес пе, ол, мәселен, жаңа­ғы арматураның жіңіш­келігінен де болуы мүмкін. Себебі, салмақ көтере алмайды ғой. Мен енді осы қаланың барлық кезеңін көрдім ғой. Қазіргі кел­бетіне көңілің тасиды, қала әдемі, мықты жобалармен салынған ғимараттар көздің жауын алады. Бірақ құрылысшы ретінде сапа жағына көбірек бақылау жасал­ғаны дұрыс-ау деп ойлаймын, – деп сөз соңын бір түйіп тастады. Әңгімелесе отырып, Сейдахмет ағаның қолындағы эскиздерге көзім түсіп, не екенін сұрадым. “Қарын­дасым, сен білесің бе, осы қаладағы Рақымжан Қошқарбаев атындағы көше­нің ұзындығының қанша еке­нін?” “Жоқ, анығын білмеймін, бірақ қысқа, тұйық көше-ау деп шамалаймын”, дедім. “Шамаң дұрыс, 120 метр. Мынау менің қолымдағы батыр ағаға қойы­латын ескерткіштің жобасы. Оған қара­жаты­мыз да бар, қор құрғанбыз, бірақ ескерт­кіш қоятын орын табылмай тұр. Бұрынғы ескі базар мен мешіт орналасқан қысқа көше­нің қай жеріне қоямыз, сол себепті Рейхстагқа туды Егоров пен Кан­тария­дан бұрын тіксе де, “Біреуі­нің фамилиясы Булатов, біреуі Қошқар­баев, мынаның екеуі де азиялық қой” деп тарихтан әдейі өшірілген ағамызды туған жұрты қадірлесе екен деп шапқылап жүрміз. Жобаны Сүйіндік Айсақов деген архитектор екеуміз қолға алғанбыз, өзіміздің сызбамыз. Жеңіс­тің де 65 жылдығы ғой, Рақымжан Қошқар­баев­тай тұлғалар кейінгі ұрпақ үшін де қажет”, дейді Сейдаға. Рас, Отан­ды сүюдің үлгісін көрсеткен батыр аталардың рухы­ның өзі ұрпа­ғын пат­риот етіп тәр­бие­леуге үлесін қоса­тыны ай­қын. Ерлігі май­дан дала­сында аңыз болған Баукең атын­­дағы көшемен Жеңіс туын желбіреткен Рақым­жан атындағы көше қиы­лысып, еңселі тұлға­лары айбаты­мен “менмұн­далап” тұрса несі бар?! Қарап отырмай, елге қажетті бір іс тындыр­сам деп шапқылап жүрген Сейдахмет аға бақытты әке, ата. Жары Раиса Жанайдарқызы екеуі үш ұл, үш қыз өсіріп, олардан туған немере-жиендерінің қызығына кене­ліп отыр. “Наға­шы­ларымда қолөнер болса, өз тегімде домбыра­шылық, әншілік бар. Немерем Абай­дың Амери­каға барып, домбы­рамен күй тартуы сол нәсіліне тарт­қандықтан шығар”, дейді Сейдахмет аға мейір­лене күліп. Шаңырағы шаттыққа толы, бір-бірімен ұғы­нысқан отағасы мен отанасы тіл мен көзден аман болып, балалары­ның қызықтарына тоймасын, дедім мен іштей. Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ, Астана. ТІЛ КИЕСІНЕ АДАЛДЫҚ Қасиетіңнен айналайын, қасіреті қалың қазақ тіліне “жанашырмын” дей­тін­дер жыр­тылып айрылады. “Ой, мен туған тілімнің туын көтеріп едім”, “қазақ тілін қорғайтын қоғам құрып едім” деп кеудесін ұрып, сол үшін ебін тауып, қызмет алып, бедел жинап жүргендер де жетерлік. Ана тіліне деген адал­дыққа да ақы сұрап жүргендерге қарап, еріксіз ойға қаласың. Күні кеше өткен санақ деректері бойынша, қазақтарының саны 63,6 пайыз­дан асып отырған егемен елімізде төл тіліміздің әлі күнге дейін төрге шыға алмай отырғандығы да осындай керағар­лықтың салдары ма екен?! Туған тіліңнің тағдырына деген жанашырлық туған анаңның алдын­да­ғы перзенттік парызға пара-пар ғой. Осы бір перзенттік парызын ұрандатпай-ақ, бе­дел шақырып дабыр­латпай-ақ іс жүзіне асы­ра­тындар да арамызда жоқ емес. Соның бірі — Сәкен Сейфуллин атын­дағы Қазақ мемлекеттік агротехникалық уни­вер­ситеті қазақ тілі кафедрасының меңгерушісі Айман Қожахметова. Қылышынан қан тамған қызыл импе­рия­ның қадірі қайта бастаған, бірақ “жы­лан­ды үш кессең де кесірткедей шамасы бар” демекші, әлі де дәуірі жүріп тұрған 1989 жыл болатын. Қазақтың ардақты аза­маттарының бірі, белгілі экономист ғалым, бүгінгі депутат Кенжеғали Сағадиев сол кезде өзі ректор болып отырған Целиноград ауыл шаруашылығы институтында қазақ тілі кафедрасын ашуға бел буды. 17 пайыз ғана қазағы бар, қаймағы бұзылмаған қалың орыстың ортасында отырып мұндай ше­шім­ге бару да, оны ойдағыдай орындау да оңай шаруа емес еді. Сондықтан бұл істі сеніп тапсыратын шын жанашыр, туған тілінің тағдырына қабырғасы қайысатын нағыз ұлт­жанды адам керек. Ұзақ толғаныстан кейін Кенжеғали Әбенұлының таңдауы сол кездегі қаладағы жалғыз Жамбыл атындағы қазақ орта мектебінің мұғалімі Айман Қожахме­то­ваға түсті. Қазақ әдебиетінің классигі, ака­демик Ғабит Мүсірепов өскен өңірдегі атақты Елтінжал ауылында өмірге келіп, Сол­түстік Қазақстандағы туған тілінің мүш­кіл тағдырын бала күнінен танып өскен Ай­ман ректордың ұсынысына бірден келісімін берді. Өз жерінде отырса да өгейдің күйін ке­шіп, қандай істі қолға алмасын жоғары жақ­қа алаңдап, Мәскеудің қас-қабағын бағып отыратын заманда, қанша жер мен елдің иесі болса да қазақтың тұралап қалған ұлт­тық мүддесін қорғау, ұлттық тілдің жоғын жоқ­тап, мұңын мұңдау оңай­ға түскен жоқ. Оның үс­ті­не желтоқсаннан жүрегі шайлыққан облыс, қала бас­шылары да осы бір баста­ма­дан ши шығып кете ме, “аға ұлт” өкілдерінің шамына тиіп кетпейміз бе дегендей жалтақтаумен болды. Таби­ға­тынан табандылық мен өжеттік қатар дарыған Ай­ман Қапсытбайқызы тәуекел қайығына мініп, қолға алып қойған ісінде ештеңеден де та­йынбады. Қандай дәреже­дегі алқалы жиындар болса да бұлтарт­пас дәлел­дер ай­тып, туған тілінің еңкейген басын биіктетуге барлық қажыр-қайратын жұмсап бақты. Негізінен тех­ни­калық ма­мандық­тарға бейім­делген орыс тілді жо­ға­ры оқу орнында қа­зақ тілі ка­федра­сын ашуға өзгені қо­йып, өзіміздің іші­­мізден де жақ­тас­­тардан гөрі қар­­сылар­дың көп бол­ған­дығы бүгін­де Айман апа­мыз­ға аян. Ақыры әділ­дік салта­нат құ­рып, білікті бас­шы, бе­дел­ді ғалым Саға­диевтің салиқалы сая­са­ты­ның арқа­сын­да, Айман Қо­жах­­мето­ва­­ның жүр­гізген жан-жақты жемісті ұйым­дас­ты­ру­шы­лық жұ­мыс­тарының нәти­жесін­де 1990 жыл­дың қазан айында ауыл шаруашылық инс­титутында қазақ тілі кафедрасы жұ­мыс істей бастады. Халқымыз “көш жүре түзеледі” дегенді те­гін айтпаса керек. Агротехникалық уни­вер­ситеттің қазақ тілі кафедрасының бүгінгі жағдайын осыдан жиырма жылғы жағдай­мен салыстыруға да болмайды. Қазір кафе­дра­да 17 білікті оқытушы жастарымызға мем­лекеттік тілдің шұрайлы тұнығынан су­сын­дауы үшін дәріс беруде. Оның ішінде 4 ғылым кан­дидаты, 4 ғылым магистрі бар. Мұнда ар­найы жабдықталған оқу сынып­та­ры, жеке компью­тер орталығы жұмыс іс­тей­ді. Кафедраның материалдық-техникалық базасы да бүгінгі өскелең талаптарға сай мамандар тәрбиелеуге толық бейімделген. Бүгінде жетіс­пей­тін оқу­лықтар мен әдіс­темелік құралдарды универ­си­тет қабырғасында-ақ дай­ындап алатын мүмкіндік бар. Басталған істің баянды болуы­на университеттің бү­гін­гі ректоры, ветери­нария ғылымдарының докторы Айтбай Бұлашевтің жасаған қамқорлығы да үлкен ықпал етті. Осы орайда өзіміз куә болған тағы бір игілікті бас­та­ма ойға оралады. Уни­вер­ситетте Сәкен Сейфуллин­нің туғанына 100 жыл то­луына арналған үлкен әде­би-шығармашылық кеш өткізілді. Сонда Сәкеннің өлең­дері мен әндерін кілең орыс студенттері орындап, ақын шығарма­ларын басқа ұлт өкіл­дерінің балалары сахналық қойылым­дар­мен өрнектеген еді. Жиналған жұрт жаңа бастамаға сәттілік тілеп, орыс тілді өзге ұлт өкілдерінің қазақ тіліне деген ілтипатына шексіз риза болған-ды. Бұдан кейін осы бас­тама университетте жалғасын тапқан бе­рік дәстүрге айналды. Қазақ тілі кафедра­сы­ның игі бастама­ларында шыңдалған Евге­ния Вивчаренко, Сергей Башмаков, Любовь Муртазалиева сияқты түлектер бүгінде ма­ман­дықтарын мемлекеттік тілмен ұштас­ты­рып, қазақ тілінің өркендеуі жолында жемісті еңбек етіп жүр. Оқу ордасының қоғамдық факультеттер ғимаратында дарынды жастарға арналған домбыра, вокал, би үйірмелері ашылған, ұлт аспаптар оркестрі құрылып, жемісті жұмыс істеп келеді. Бұл игі істердің ұлттық өнері­міз­ге тигізіп жатқан шапағаты да баршылық. Тек қытай қазақтарының арасында ғана сақталып қалған “Қара жорға” биінің қазақ топырағына қайта оралуына осындағы би үйірмесінің бірден-бір себеп болғандығын атап айту керек. Міне, ана тіліміз бен ұлт­тық құнды­лықтарымыздың бір жоғары оқу орны қабырға­сында осындай өркенді өріс алуына өлшеусіз үлес қосып келе жатқан Айман Қапсытбайқызының қарапайым еңбегі қандай құрметке де лайық. Бүгінде білімнің биік жетістіктеріне жетіп, жаһандану талаптарына сай сапасын арттыру – ұстаз іскерлігінің сыналар мәресі. Егемен еліміздің экономикасы мен мәде­ниеті, тілі мен ділінің бәсекелестікте шың­да­лып, өркендей өсуі білімі мен біліктілігін жүрек қалауымен таңдаған ісіне сарп етіп келе жатқан ұстаздар қауымының еңбегіне байланысты. Ендеше, қандай да кедергіні бол­масын білімі мен біліктілігі арқылы ең­серген өз ісінің майталманы Айман Қожах­метова сынды ұлағатты ұстаз қалаған ғылым мен тәрбие кірпіші ұлт мерейін ұлықтап, туған тілдің мәртебесін мәңгілікке асқақтата беретіні шүбәсіз. “Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі”, доцент сияқты ма­ра­паттар мен ғылыми атақтар оның осы оқу ордасында ұзақ жылдар бойы атқарған ерен еңбегіне, білімді мамандар даярлау ісінде өз қотаңбасын қалдырып, мемлекеттік тілдің қол­даныс аясын кеңейту жолындағы шы­найы жанашырлығына берілген баға екендігі анық. Сөз зергері Ғабеңнің шығармаларына арқау болған Елтінжалдың жапырақ жайған сұлу қайыңдарының сымбаты мен беріктігін бойына сіңіріп, барлық саналы ғұмырын туған тілдің тұнық кәусарын ұрпақ бойына сіңіруге арнаған Айман Қожахметова “түн ұй­қысын төрт бөле” жүріп, ұлттық тіл ғы­лымы­ның толығуына да үлес қосты. “Қазақ тілінің тәжірибелік курсы” атты ауыл ша­руашылығы жоғары оқу орындарының сту­денттеріне арналған оқулық, “Қазақ тілінің тәжірибелік сабақтары”, “Қазақ тілі және халықтық педагогика” атты еңбектері соның айқын дәлелі болса керек. Білікті маман бұ­дан басқа зерттеулерге құрылған отызға тар­та ғылыми еңбек жазыпты. Міне, осының бәрі тіл жанашырының кеуде соғып дабыр­латпай-ақ жасаған игі істерінің бір парасы ғана. Қазақ әйелдеріне ғана тән қарапайым­дылығы бойына жарасқан Айман Қапсыт­бай­қызының үлгі тұтар өмірлік өнегесі тек ерен еңбегімен ғана шектеліп қалмаған. Ақынға жар болудың асқақтығы мен ауыртпалығы хақында аз айтылып жүрген жоқ. Жұдырықтай жүрегіне жұмыр жерді сый­ғызатын шабыт шақырған шығармашы­лық адамының бабын табудың шеберлігін ол жарты ғасырдан бергі ғұмырында үздіксіз шыңдап келеді. Қазақтың белгілі ақыны Нұрғожа Ораз бен Айман Қожахметованың отасқанына да биылғы көктемде жарты ғасырдың жүзі аумақ. Ақын жүрегінің сезім қылдарын шерте жүріп, ол шаңырақ шамының жылуын да, жарығын да жайқалта жайып, ақар-шақар әулеттің ұйытқысы бола білді. Өнегелі ортада өнген, ұлы Нұрай, келіні Гүлжан, қызы Салтанат, күйеу баласы Дулат – бәрі де ғылым жолын қуды. Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ, Астана.