Қазақы қалжыңды қатырып айтып, жүрген жерінде әдептен аспайтын әзілімен жұртшылықты еріксіз езу тарттыратын, бұл азамат – Ақмоланың байырғы тұрғыны, Қазақстан Архитекторлар одағының мүшесі, құрылысшы Сейдахмет Хасенов.
Өзі айтады: “Шота Уәлиханов ағамызбен кездесіп, танысып, суретке түсіп жатырмыз. Менің бойыма қарап Шота аға: “Е, біздің архитекторлар арасында да денелі, бойшаң жігіттер бар екен ғой”, – дейді. Сонда мен: “Аға, енді өспейміз бе?” – деймін. Ол кісі қарқылдап күліп жатыр.
1940 жылы Ақылбай мен Зейнелдің шаңырағында Сейдахмет дүниеге келгенде ешкім де алдында қасапты қанды қырғын тұрғанын білген жоқ еді. Соғысқа жарларын аттандырып салып, Совинформбюроның әрбір жаңалығына құлақ түре, төрт бұрышты хаттардан қорқып, үш бұрыш хаттарды әбден тозығы жетіп, жыртылғанша қайта-қайта оқып жүрген Зейнелдің бағы бар екен. Жары майданнан аман-есен оралып, Сейдахметтің артынан бір ұл мен бір қыз туады. Бірақ қан майданнан аман келген әке ғұмыры бейбіт күнде қысқа болады. 1955 жылы жол апаты Хасен ғұмырын қиып кетеді.
– Әке жоқ, баланың үлкенімін, Алматыға, немесе басқа қалаға барып оқу іздеуге болмайды. Бағыма қарай осындағы Ауыл шаруашылығы институтындағы жерге орналастыру факультетінен архитекторлыққа оқытатын бөлім ашылды. Әуелден суретке, сызуға бейім едім, сондықтан сол мамандыққа қызығушылық таныттым. Институтта сабақты да оқып, қоғамдық жұмысқа да араласып, одан үйленіп, балалы да болып жоо-ны жақсы аяқтадым. Бірақ мамандығым бойынша жұмыс жасасам, шешем мен соңымдағы бауырларыма, отбасыма қиын тиетіндей. Жобалау институттарындағы жас маман алатын жалақыға отбасыңды асырау өте ауыр. Содан құрылысқа келдім. Автокөлік басқармасындағы құрылыста алғашында шебер, одан прораб, құрылыс бастығы, сосын басқарманың өзінде күрделі құрылыс бөлімінің бастығы міндеттерін атқардым. Ол кезде қазіргідей емес, қазақ аз, тек білімің мен білігің асса ғана сені мойындайды, әйтпесе қиын. Және құрылыс та қай жөнді, алдымен сметасын жасап, қаражатын сұраймыз, оның жарым-жартысын бере ме, бермей ме, материал тағы жетіспейді.
Бірақ жұмыс жасадық. Осы қалада, аудандарда үйлер тұрғыздық, жұмысқа қажет базалар салдық. Ал басқарма тараған уақытта мен далада қалдым. Құрылысқа барсам, жасыңыз келіп қалған адамсыз деп ешкім алмайды. Маған портфельдің керегі жоқ, мен оның барлығынан өткенмін, менің бай тәжірибем бар, құрылыс басындағы бар мәселені бүге-шігесіне дейін білемін, адамдармен жұмыс жасай аламын, жәй қарапайым шебер етіп алыңдар, десем ешкім құлақ аспайды. Содан бір күні сол кезде құрылысы аяқталып қалған қазіргі Президенттік мәдениет орталығына келіп жұмыс сұрадым. Ағаш шебері боласың ба, деп күлді. Істеймін дедім. Орталықты түріктер салды ғой, ішінде жүріп қарасам, ана жоба ана жерде, мына жоба мына жерде, шашырап жатыр. Содан олардың бәрін ретке келтіру керек болды. Негізі тәртіп бойынша жоба төртеу болуы тиіс. Мен соларды жасап, сосын тағы өртке қарсы гидрант деген бар, олардың қайсысы қай жерде тұр, соны нөмірлеп, трафаретпен салып, альбомға қаттап, түгендеп апарып бердім. Бастығы архитектор жігіт көріп: “Ой, мынау жақсы болды ғой, сіз плотник емес, бөлім бастығы болуыңыз керек қой”, дейді. Жас жігіт қой, содан айналайын, мен де өзіңдей архитектормын дедім. Ағаш шебері болып істеп жүрген мен ақырында бөлім бастығы болып шыға келдім. Енді жұрт: “Бөлім бастығы болу үшін әуелі плотник болу керек екен ғой”, деп күліп жүрді. Сол жерден зейнеткерлікке шықтым – деді.
– Аға, жұртпен жұмыс жасай аламын деп айтып отырсыз ғой, сол үшін адам бойында қай қасиет көбірек болуы керек?
– А, ол үшін алдымен адалдық керек. Өзің адал болсаң, жұмысыңды адал жасасаң ғана екінші біреуден талап ете аласың. Екіншіден, білімің толық болуы керек. Сен мынаны сыз деу үшін, өзің соның қалай сызылатынын білуің қажет. Мысалы, қолымда сызба тұр ма, мен соны түбіне дейін оқып біліп тұруым керек. Қандай материал, қандай лай қоспасы керек, қай тұрба қай жерге қолданылуы тиіс. Мен зауыттан қажетті материал алып жатқанда барлығының маркасын біліп тұруға тиіспін. Мысалы, арматураның жуандығы маркасына сай ма, сондай толып жатқан оның мәселелері бар. Былтырғы жылдары жаңадан салынған мектептің төбесі құлады емес пе, ол, мәселен, жаңағы арматураның жіңішкелігінен де болуы мүмкін. Себебі, салмақ көтере алмайды ғой.
Мен енді осы қаланың барлық кезеңін көрдім ғой. Қазіргі келбетіне көңілің тасиды, қала әдемі, мықты жобалармен салынған ғимараттар көздің жауын алады. Бірақ құрылысшы ретінде сапа жағына көбірек бақылау жасалғаны дұрыс-ау деп ойлаймын, – деп сөз соңын бір түйіп тастады.
Әңгімелесе отырып, Сейдахмет ағаның қолындағы эскиздерге көзім түсіп, не екенін сұрадым. “Қарындасым, сен білесің бе, осы қаладағы Рақымжан Қошқарбаев атындағы көшенің ұзындығының қанша екенін?” “Жоқ, анығын білмеймін, бірақ қысқа, тұйық көше-ау деп шамалаймын”, дедім. “Шамаң дұрыс, 120 метр. Мынау менің қолымдағы батыр ағаға қойылатын ескерткіштің жобасы. Оған қаражатымыз да бар, қор құрғанбыз, бірақ ескерткіш қоятын орын табылмай тұр. Бұрынғы ескі базар мен мешіт орналасқан қысқа көшенің қай жеріне қоямыз, сол себепті Рейхстагқа туды Егоров пен Кантариядан бұрын тіксе де, “Біреуінің фамилиясы Булатов, біреуі Қошқарбаев, мынаның екеуі де азиялық қой” деп тарихтан әдейі өшірілген ағамызды туған жұрты қадірлесе екен деп шапқылап жүрміз. Жобаны Сүйіндік Айсақов деген архитектор екеуміз қолға алғанбыз, өзіміздің сызбамыз. Жеңістің де 65 жылдығы ғой, Рақымжан Қошқарбаевтай тұлғалар кейінгі ұрпақ үшін де қажет”, дейді Сейдаға. Рас, Отанды сүюдің үлгісін көрсеткен батыр аталардың рухының өзі ұрпағын патриот етіп тәрбиелеуге үлесін қосатыны айқын. Ерлігі майдан даласында аңыз болған Баукең атындағы көшемен Жеңіс туын желбіреткен Рақымжан атындағы көше қиылысып, еңселі тұлғалары айбатымен “менмұндалап” тұрса несі бар?!
Қарап отырмай, елге қажетті бір іс тындырсам деп шапқылап жүрген Сейдахмет аға бақытты әке, ата. Жары Раиса Жанайдарқызы екеуі үш ұл, үш қыз өсіріп, олардан туған немере-жиендерінің қызығына кенеліп отыр. “Нағашыларымда қолөнер болса, өз тегімде домбырашылық, әншілік бар. Немерем Абайдың Америкаға барып, домбырамен күй тартуы сол нәсіліне тартқандықтан шығар”, дейді Сейдахмет аға мейірлене күліп. Шаңырағы шаттыққа толы, бір-бірімен ұғынысқан отағасы мен отанасы тіл мен көзден аман болып, балаларының қызықтарына тоймасын, дедім мен іштей.
Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ, Астана.
ТІЛ КИЕСІНЕ АДАЛДЫҚ
Қасиетіңнен айналайын, қасіреті қалың қазақ тіліне “жанашырмын” дейтіндер жыртылып айрылады. “Ой, мен туған тілімнің туын көтеріп едім”, “қазақ тілін қорғайтын қоғам құрып едім” деп кеудесін ұрып, сол үшін ебін тауып, қызмет алып, бедел жинап жүргендер де жетерлік. Ана тіліне деген адалдыққа да ақы сұрап жүргендерге қарап, еріксіз ойға қаласың. Күні кеше өткен санақ деректері бойынша, қазақтарының саны 63,6 пайыздан асып отырған егемен елімізде төл тіліміздің әлі күнге дейін төрге шыға алмай отырғандығы да осындай керағарлықтың салдары ма екен?! Туған тіліңнің тағдырына деген жанашырлық туған анаңның алдындағы перзенттік парызға пара-пар ғой. Осы бір перзенттік парызын ұрандатпай-ақ, бедел шақырып дабырлатпай-ақ іс жүзіне асыратындар да арамызда жоқ емес. Соның бірі — Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ мемлекеттік агротехникалық университеті қазақ тілі кафедрасының меңгерушісі Айман Қожахметова.
Қылышынан қан тамған қызыл империяның қадірі қайта бастаған, бірақ “жыланды үш кессең де кесірткедей шамасы бар” демекші, әлі де дәуірі жүріп тұрған 1989 жыл болатын. Қазақтың ардақты азаматтарының бірі, белгілі экономист ғалым, бүгінгі депутат Кенжеғали Сағадиев сол кезде өзі ректор болып отырған Целиноград ауыл шаруашылығы институтында қазақ тілі кафедрасын ашуға бел буды. 17 пайыз ғана қазағы бар, қаймағы бұзылмаған қалың орыстың ортасында отырып мұндай шешімге бару да, оны ойдағыдай орындау да оңай шаруа емес еді. Сондықтан бұл істі сеніп тапсыратын шын жанашыр, туған тілінің тағдырына қабырғасы қайысатын нағыз ұлтжанды адам керек. Ұзақ толғаныстан кейін Кенжеғали Әбенұлының таңдауы сол кездегі қаладағы жалғыз Жамбыл атындағы қазақ орта мектебінің мұғалімі Айман Қожахметоваға түсті. Қазақ әдебиетінің классигі, академик Ғабит Мүсірепов өскен өңірдегі атақты Елтінжал ауылында өмірге келіп, Солтүстік Қазақстандағы туған тілінің мүшкіл тағдырын бала күнінен танып өскен Айман ректордың ұсынысына бірден келісімін берді.
Өз жерінде отырса да өгейдің күйін кешіп, қандай істі қолға алмасын жоғары жаққа алаңдап, Мәскеудің қас-қабағын бағып отыратын заманда, қанша жер мен елдің иесі болса да қазақтың тұралап қалған ұлттық мүддесін қорғау, ұлттық тілдің жоғын жоқтап, мұңын мұңдау оңайға түскен жоқ. Оның үстіне желтоқсаннан жүрегі шайлыққан облыс, қала басшылары да осы бір бастамадан ши шығып кете ме, “аға ұлт” өкілдерінің шамына тиіп кетпейміз бе дегендей жалтақтаумен болды. Табиғатынан табандылық мен өжеттік қатар дарыған Айман Қапсытбайқызы тәуекел қайығына мініп, қолға алып қойған ісінде ештеңеден де тайынбады. Қандай дәрежедегі алқалы жиындар болса да бұлтартпас дәлелдер айтып, туған тілінің еңкейген басын биіктетуге барлық қажыр-қайратын жұмсап бақты. Негізінен техникалық мамандықтарға бейімделген орыс тілді жоғары оқу орнында қазақ тілі кафедрасын ашуға өзгені қойып, өзіміздің ішімізден де жақтастардан гөрі қарсылардың көп болғандығы бүгінде Айман апамызға аян. Ақыры әділдік салтанат құрып, білікті басшы, беделді ғалым Сағадиевтің салиқалы саясатының арқасында, Айман Қожахметованың жүргізген жан-жақты жемісті ұйымдастырушылық жұмыстарының нәтижесінде 1990 жылдың қазан айында ауыл шаруашылық институтында қазақ тілі кафедрасы жұмыс істей бастады.
Халқымыз “көш жүре түзеледі” дегенді тегін айтпаса керек. Агротехникалық университеттің қазақ тілі кафедрасының бүгінгі жағдайын осыдан жиырма жылғы жағдаймен салыстыруға да болмайды. Қазір кафедрада 17 білікті оқытушы жастарымызға мемлекеттік тілдің шұрайлы тұнығынан сусындауы үшін дәріс беруде. Оның ішінде 4 ғылым кандидаты, 4 ғылым магистрі бар. Мұнда арнайы жабдықталған оқу сыныптары, жеке компьютер орталығы жұмыс істейді. Кафедраның материалдық-техникалық базасы да бүгінгі өскелең талаптарға сай мамандар тәрбиелеуге толық бейімделген. Бүгінде жетіспейтін оқулықтар мен әдістемелік құралдарды университет қабырғасында-ақ дайындап алатын мүмкіндік бар. Басталған істің баянды болуына университеттің бүгінгі ректоры, ветеринария ғылымдарының докторы Айтбай Бұлашевтің жасаған қамқорлығы да үлкен ықпал етті.
Осы орайда өзіміз куә болған тағы бір игілікті бастама ойға оралады. Университетте Сәкен Сейфуллиннің туғанына 100 жыл толуына арналған үлкен әдеби-шығармашылық кеш өткізілді. Сонда Сәкеннің өлеңдері мен әндерін кілең орыс студенттері орындап, ақын шығармаларын басқа ұлт өкілдерінің балалары сахналық қойылымдармен өрнектеген еді. Жиналған жұрт жаңа бастамаға сәттілік тілеп, орыс тілді өзге ұлт өкілдерінің қазақ тіліне деген ілтипатына шексіз риза болған-ды. Бұдан кейін осы бастама университетте жалғасын тапқан берік дәстүрге айналды. Қазақ тілі кафедрасының игі бастамаларында шыңдалған Евгения Вивчаренко, Сергей Башмаков, Любовь Муртазалиева сияқты түлектер бүгінде мамандықтарын мемлекеттік тілмен ұштастырып, қазақ тілінің өркендеуі жолында жемісті еңбек етіп жүр.
Оқу ордасының қоғамдық факультеттер ғимаратында дарынды жастарға арналған домбыра, вокал, би үйірмелері ашылған, ұлт аспаптар оркестрі құрылып, жемісті жұмыс істеп келеді. Бұл игі істердің ұлттық өнерімізге тигізіп жатқан шапағаты да баршылық. Тек қытай қазақтарының арасында ғана сақталып қалған “Қара жорға” биінің қазақ топырағына қайта оралуына осындағы би үйірмесінің бірден-бір себеп болғандығын атап айту керек. Міне, ана тіліміз бен ұлттық құндылықтарымыздың бір жоғары оқу орны қабырғасында осындай өркенді өріс алуына өлшеусіз үлес қосып келе жатқан Айман Қапсытбайқызының қарапайым еңбегі қандай құрметке де лайық.
Бүгінде білімнің биік жетістіктеріне жетіп, жаһандану талаптарына сай сапасын арттыру – ұстаз іскерлігінің сыналар мәресі. Егемен еліміздің экономикасы мен мәдениеті, тілі мен ділінің бәсекелестікте шыңдалып, өркендей өсуі білімі мен біліктілігін жүрек қалауымен таңдаған ісіне сарп етіп келе жатқан ұстаздар қауымының еңбегіне байланысты. Ендеше, қандай да кедергіні болмасын білімі мен біліктілігі арқылы еңсерген өз ісінің майталманы Айман Қожахметова сынды ұлағатты ұстаз қалаған ғылым мен тәрбие кірпіші ұлт мерейін ұлықтап, туған тілдің мәртебесін мәңгілікке асқақтата беретіні шүбәсіз. “Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі”, доцент сияқты марапаттар мен ғылыми атақтар оның осы оқу ордасында ұзақ жылдар бойы атқарған ерен еңбегіне, білімді мамандар даярлау ісінде өз қотаңбасын қалдырып, мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту жолындағы шынайы жанашырлығына берілген баға екендігі анық.
Сөз зергері Ғабеңнің шығармаларына арқау болған Елтінжалдың жапырақ жайған сұлу қайыңдарының сымбаты мен беріктігін бойына сіңіріп, барлық саналы ғұмырын туған тілдің тұнық кәусарын ұрпақ бойына сіңіруге арнаған Айман Қожахметова “түн ұйқысын төрт бөле” жүріп, ұлттық тіл ғылымының толығуына да үлес қосты. “Қазақ тілінің тәжірибелік курсы” атты ауыл шаруашылығы жоғары оқу орындарының студенттеріне арналған оқулық, “Қазақ тілінің тәжірибелік сабақтары”, “Қазақ тілі және халықтық педагогика” атты еңбектері соның айқын дәлелі болса керек. Білікті маман бұдан басқа зерттеулерге құрылған отызға тарта ғылыми еңбек жазыпты. Міне, осының бәрі тіл жанашырының кеуде соғып дабырлатпай-ақ жасаған игі істерінің бір парасы ғана.
Қазақ әйелдеріне ғана тән қарапайымдылығы бойына жарасқан Айман Қапсытбайқызының үлгі тұтар өмірлік өнегесі тек ерен еңбегімен ғана шектеліп қалмаған. Ақынға жар болудың асқақтығы мен ауыртпалығы хақында аз айтылып жүрген жоқ. Жұдырықтай жүрегіне жұмыр жерді сыйғызатын шабыт шақырған шығармашылық адамының бабын табудың шеберлігін ол жарты ғасырдан бергі ғұмырында үздіксіз шыңдап келеді. Қазақтың белгілі ақыны Нұрғожа Ораз бен Айман Қожахметованың отасқанына да биылғы көктемде жарты ғасырдың жүзі аумақ. Ақын жүрегінің сезім қылдарын шерте жүріп, ол шаңырақ шамының жылуын да, жарығын да жайқалта жайып, ақар-шақар әулеттің ұйытқысы бола білді. Өнегелі ортада өнген, ұлы Нұрай, келіні Гүлжан, қызы Салтанат, күйеу баласы Дулат – бәрі де ғылым жолын қуды.
Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ, Астана.