Аймақтар • 30 Қазан, 2018

Солтүстік Қазақстанда үкіметтік емес ұйымдардың форумы өтті

335 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Үкіметтік емес ұйымдардың 8-ші азаматтық форумында саладағы өзекті проблемалар талқыланып, шешу жолдары қарастырылды.

Солтүстік Қазақстанда үкіметтік емес ұйымдардың форумы өтті

Диалог алаңдарында  үкіметтік емес ұйымдардың  әлеуеті дұрыс пайдаланылмайтыны атап көрсетілді.

«Үкіметтік емес ұйымдардың тәжірибелері жеткілікті. Жаңашылдық бағыттағы қадамдары құптарлық. Бірақ атқарылған шаралар әлі жеткіліксіз. Түпкі нәтиже, тиімділік жағы қуанта қоймайды», деді пәтер иелері кооперативі аймақтық қауымдастығының төрағасы Сергей Худяков.

Қазақстанның азаматтық альянсының вице-президенті Мұсағали Дуамбековтың пікірінше,  «Ауыл–ел бесігі» жобасы шалғай елді мекен тұрғындарын жұмыспен қамтуға бағытталуы керек.  Теріскейде жүзден астам үкіметтік емес ұйымдар тіркелгенімен, төрттен бірі ғана белсенді жұмыс істейді. Қазақстанның Азаматтық Альянсы–үлкен күш.  Оған бүгінде жарты мыңға жуық бірлестік мүше.

Солтүстік Қазақстан азаматтық альянсы ассоциациясының төрайымы Сәуле Сүлейменова жиында шекаралас аймақта орналасқан елді мекендердің өзекті  мәселелерін көтерді. Жастар арасында Ресей Федерациясы мен өзге де жақын шетелдерге оқуға, жұмысқа кетушілер қатары көп. Бұл ретте бірлестіктер  мемлекеттік органдармен бірлесе отырып, нақты жұмыстар атқаруы тиіс.

Биыл  үкіметтік емес ұйымдардың жұмысын жандандыруға  ел қазынасынан 20 миллиард теңге қаражат бөлініп отыр.

Өмір ЕСҚАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

Солтүстік Қазақстан облысы