Бен КУИНТОН, «Нью-Йорк Таймс»
Эми ЦАН, «Нью-Йорк Таймс» – Лондон
Бұл – 2005 жыл еді. Лондон басшылығы қаланың шығысындағы өнеркәсіптік аймақ, тұрмысы төмен аудан Стратфордты қайта жаңғыртуы керек-тұғын. Бірақ шаһар басшылығы Лондонның шығысындағы кедей ауданды дамыту үшін 9 миллиард фунт-стерлингті (11,5 миллиард доллар) Олимпиада кешеніне ғана жұмсауға құқығы жоқ еді.
Қаржылық дағдарыс бұрқ ете түскенде, Олимпиадаға арналған кешендерді ойындардан кейін де пайдаланудың маңызы арта түсті.
Қазіргі таңда, Олимпия ойындарынан кейін 6 жыл өткенде Элизабет патшайым атындағы Олимпиадалық саябаққа қатысты мақсат орындалды деуге болады. Бос жатқан жерлер көгалдандырылды. Өзендер мен каналдарда серуендеуге арналған қайықтар қойылды.
«Олимпиада стадионы» «Вест Хэм Юнайтед» футбол клубының негізгі алаңына айналды. Сонымен қатар мұнда түрлі жеңіл атлетика жарыстары, Foo Fighters және Бейонсе секілді әншілердің концерті өтті.
Сэр Аниш Капурдың архитектурасымен салынған The ArcelorMittal Orbit шолу мұнарасы бой көтерді. Меймандар алып ескерткіштің төбесіне айналмалы, күміс түстес құрал арқылы шығады.
Ұлыбритания Қаржылық бақылау жөніндегі басқармасы мен ЮНИСЕФ саябақтың бизнеске арналған бөлігінде дүкендерін ашты. Осы арада алып ойын-сауық орталығы бар. Бұрын баспасөз орталығы болған жер қазіргі таңда технологиялық хабқа айналған.
Саябақтың ішінде спортпен айналысып жүргендердің қарасы қалың. Бейжіңде өткен 2008 жылғы жазғы Олимпиададан кейін 10 жыл өткен соң кешендердің тиімсіз пайдаланылғаны анықталды. Рио Олимпиадасына арналған кешендер алты ай өтпей-ақ қаңырап бос қалды. Орыстар мен бразилиялықтар футболдан Әлем чемпионатын өткізудің пайдасына күмәнмен қарады.
Басқа қалалар да мәселеге басқа қырынан мән бере бастады. Токио билігі 2020 жылғы жазғы Олимпиадаға арнап салынатын, Заха Хадид архитектурасын сызған стадионның бағасын көргеннен кейін оны салудан бас тартты.
Games for Populous архитектуралық фирмасының бұрынғы қызметкері Джефф Кеастың айтуынша, Лондон тарапы аз ғимарат салу жөнінде шешім қабылдаған екен.
«Үнемі қажеттілігі жоқ спорт кешендерін уақытша ғана пайдаланатындай етіп салдық», дейді ол. Баскетбол аренасы Лондон Олимпиадасы аяқталғаннан кейін сатылып кетті. Жағалау волейболы «Атты гвардиялар алаңындағы» уақытша кешенде өтті.
2024 жылғы Олимпиаданы өткізу құқығына ие болған Париж тарапы Лондонның тәжірибесіне сүйеніп, тұрақты үш кешен салуды жоспарлап отыр. Жүзу бассейні уақытша ғана салынады. Ал үнемделген қаржы шаһардың спорт ғимараттары аз бөлігінде тұрғындарға арналған бассейндер салуға жұмсалмақ.
Лондондағы Олимпиада саябағы басшылығы суық және қонақтар қатары сирейтін айларда келушілердің санын арттыруға күш салуы керек.
Қазіргі таңда аудандағы тұрғындардың басым бөлігі айналадағы биік ғимараттардан қандай пайда түсетінін білгісі келеді. Олимпиада саябағының жанындағы тұрғын үйлер құны ойындар аяқталғаннан кейінгі 5 жылда 64 пайызға өсті. Осыған байланысты Лондон ассамблеясы аймақты дамытуға жауапты компанияның жұмыс жылдамдығын сынға алды.
Қолжетімді баспана жөнінде бастама көтеріп жүрген Саскиа О’Хараның айтуынша, көпшілік даму туралы берілген уәделердің орындалмағанына қынжылады.
«Қазіргі таңда Лондонның басқа бөліктеріне қарағанда, осы ауданда үйсіздер саны көп. Олимпиада – аймақты жедел дамытудың тиімді жолы. Бірақ орта тап үшін мұның еш мағынасы жоқ», дейді О’Хара.
© 2018 The New York Times News Service
Мақаланы аударған Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»