Өнер • 31 Қазан, 2018

Әміре Қашаубаевтың дүниеге келгеніне 130 жыл

1337 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Биыл – алаштың атын ең алғашқылардың қатарында төрткүл дүниеге танытқан ұлы әнші, актер Әміре Қашаубаевтың дүниеге келгеніне 130 жыл. Өнерпаздың мерейлі мерейтойы жуықта туған жері – Шығыс Қазақстанда, облыс орталығы – Өскеменде кең көлемде бірқатар тағылымды шаралармен аталып өтті.

Әміре Қашаубаевтың дүниеге келгеніне 130 жыл

Мәдениет және спорт ми­нис­трлігі мен облыс әкім­дігі­нің бірлесуімен Астана қа­ла­сының 20 жылдығы аясында ұйымдастырылған Әміре Қашаубаев атындағы республикалық фестивальға 34 жас дәстүрлі әнші қатыс­ты. 

Қазылар алқасы байқауға келген қатысушылардың өне­рін үш кезең бойынша са­рапқа салды. «Фестивальға келген жастар шама-шар­қы­нша өнерлерін көр­сетті. Өнерпаздардың орын­дау­шылық деңгейі жақсы, ба­сым көпшілігі әншілік аппаратты меңгеруге жұмыс жасағаны байқалып тұр. Әттең-айы, ән­нің мазмұнына көңіл бөлу қалыс қалып жатыр. Әри­не бұны жас әншілер бола­шақта ескереді деп ойлаймын. Жалпы, байқау өте жоғары, кәсіби деңгейде ұйым­дас­ты­рылды», дейді Алма­ты­дағы Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консер­ваториясының «Халық әні» кафедрасының меңгерушісі, PHD докторы Амангелді Күзеубай.

Бір аптаға жуық Өскемен аспанында дәстүрлі әндерді қалықтатқан Әміре Қашаубаев атындағы республикалық фес­тиваль облыстық драма театрда Гала-концертпен қорытындыланды. Гала-кон­цертте фестиваль жүлде­герлерімен қатар Ас­танадан құр­метті қонақ ретінде шақы­рылған дәс­түрлі әншілер Мед­ғат Манапов, Перизат Тұ­ра­рова, Айтбек Нығызбаев пен Ерлан Рысқали әуелете ән шырқады. Марапаттау рәсімінде сөз алған қазылар алқасының төрағасы, Қазақ­станның Халық әртісі Қа­жыбек Бекбосынов: «Ерек­ше айтқым келетіні, байқауға қатысушылар бұрын 9-10 адамнан аспайтын еді. Осы жолы фестивальге 34 жас әнші қатысты. Үш күн бойы сабылып байқау өткіздік. Өнерпаздар бірінен бірі өтеді. Олардың дәстүрлі әнге көңіл бөлгендері, соны ұс­тап жүргендері қуантты», дей келе фестивальды ұйым­дастырушыларға алғы­сын жеткізді. 

Сонымен, фестиваль қо­рытындысында екі үшін­ші орынды Алматыдағы Т.Жүр­генов атындағы Қазақ ұлт­тық өнер академиясы мен Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының студенттері Диас Мұратхан мен Біржан Айтахметов иеленсе, екінші орын Батыс Қазақстан облысы Ғ.Құр­ман­ғалиев атындағы об­лыс­тық филармониясының әншісі Ернар Өмірәліге бұ­йырды. Жүлделі 1-орынды Астанадағы Қазақ ұлттық өнер университетінің сту­денті Бауыржан Нұр­мұханов қан­жығаласа, бас жүлде – Гран-приге (1 миллион теңге) Ал­ма­тыдағы «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйы­мының әншісі Асқар Мұқият лайық деп табылды.

Азамат ҚАСЫМ,

«Егемен Қазақстан»

Өскемен