Әдебиет • 01 Қараша, 2018

Кемел қаламгер келбеті

1672 рет
көрсетілді
17 мин
оқу үшін

Қазақтың қадірлі қасиетін әспеттеу  ісінде қолы таза, жаны жомарт тұлпар текті ұлт жанашыры қай дәуірде де халқына қалтқысыз қызмет еткен. Бұл  арқауын үзбей  жалғасып отырған. Солардың ішінде  ірілігімен көрінгендер ел тарихында  ешқашан елеусіз қалған емес. Иә,  Александр Пушкин  заманында  оны он орап алам дегендер  аз болмаған көрінеді. Бірақ  тарих таразысы асыл мен жасықты  теңшеп телқоңырын тепсең емес, шыңға шығарған. Сол шыңнан бір мысқал да түсірмеуге ант байласқан.

Кемел қаламгер келбеті

Шын ант – ақиқат. Ақиқаттан  надан болмаса, адам  аттамайды.  Арғы жаққа бармай-ақ өткен  ғасыр  мен өзіміз күн кешіп жатқан осы ғасырда әлгі ұлт ақиқатына өз үлесін қосқан  са­наулы саңлақтарды ойға түсірсек,  Алаш арыстарының үлгісін бойына  сіңірген, халқын қадірлей алған: «...Қазақ елі  ұйымшыл, ері жауынгер, биі әділ,  намысқор, адамы әрі бітімді, қайратты... болған екен», дейтін Мұхтар Әуезов пен «ұлт бостан бол­ма­йынша адам бостан бола алмайды»,  деп бастап, ұлт  не істеуі тиіс деген сү­белі сұраққа: «Өз тағдырымызға өзіміз жауапкер, өз тізгінімізге өзіміз  ие кезеңде кешегі көп қылық, көп  құ­лықтан уақтылы безіне білсек, уақ­тылы есейіп алмасақ, тарих бір қай­тарып әперген есемізден қайта айырылып қалсақ, оның өкінішінен өмір-бақи арыла алмақшы емеспіз», деп ертеңімізге бет алғанда  шалыс қадаммен шатыспауға ойлы кө­зін тік­кен Әбіш Кекілбаев  – ұлт қара­уылына айналған тұлғалар. 

Қазір  тұлға көп. Тұлға мен  тұғыр­ды ажы­рататын да – тарих.

«...Ерен ақылды, туасы шешен,  ой­шыл, нағыз ақын, хас жазушы, азамат, қайраткер... Рухы шарболаттай, аза­маттығы асқақ Әбіш Кекілбайұлы... ойын көкіректен шыққан сөзбен көм­кер­генде оның дауысы көкке  жеткендей көпшілік қауымды баурап алады», деп «Қазақтың Шерханы» (Әбіштің өз сөзі) Шер-ағаң, Шерхан Мұртаза  айтқандай, жер басып жүргенде ақыл-парасатымен айбыны асып, кімді де болса мысы басып  тұратын азамат, дарабоз дара өмірден озған соң да өлшеусіз өнегесімен – екінші өмірін көп ұзамай бастап кетті. Әбіш әлемі –  қа­зақ әлемінің бір мәуелі бәйтерегіне айналды. Сан қыры сараланып, кемел келбеті даралану үстінде. Бұлақ суындай тұнық зерделі сөзі саналыға сәуле түсіріп, түсініп, түйсіне алатындарды ойландырып-ақ тастады. 

Әбіш әлемі, яғни, кемел қаламгер­дің келбетін шығармалары арқылы ке­лістіріп ашқан «Әбіш Кекілбаев энциклопедиясының» бірінші томы таяу­да қолға тиді. Алматыдағы «Арыс»­ баспасынан жарық көр­ген бұл ір­ге­лі еңбек кемеңгер  шығармашы­лығына арналыпты. Осы күндері энциклопедия шығару үрдісі өрістеп тұр. Бірақ бәрі бірдей  талапқа  сай, тап-тұйнақтай десек, асырып  айтқандық болар.  Көбіндегі олқылық шығыпты, шығарыпты дегенге бой алдыру жолындағы асығыстықтан, терең барламаудан болып жатқан секілді. 

Болмысы бөлек классик шығарма­ла­рына арналған көлемді дүниені жүзе­ге асыру үстінде жұмысшы то­бы көп ізденгені, жақсы үлгілерді алуға талпынғаны бірден байқалады. Жа­уап­ты істі талғаммен қолға алғанда әр туындының түпкі идеясын айтуда аз сөзбен көп мағынаны білдіруді бас­ты нысанға алған. Оны «Оқырманға арнау сөзде» басылымның жауап­ты редакторы Ғарифолла Әнес әде­­мі баян­даған екен. Ол заманауи­ эн­цик­ло­педия шығару ісінде біраз құн­дылықтарды сараптаудан өткізіп, соның ішінде «Достоевский» эн­ци­клопедиясының желісіне көңіл аудар­ғанын алға тартады. Тұлғалық энциклопедияның алғашқы екі кітабы туралы ой қозғағанда біріншісі – «Шы­ғармашылығы» деп аталып, оған келер алдында тәжірибе-байқау ретінде «Сөз» жинағы, ал екінші кі­табы – «Өмірі мен ортасы» оның ықшамдалған нұсқасы жұртқа ұсы­нылған екен. Бұған қарағанда, шы­ға­рушылар ұжымдық еңбекке үлкен әзірлікпен келгені тайға таңба бас­қандай көрініп тұр. Осы жобаның дү­ниеге келуіне ұйытқы болған азаматтар қатарында жазушы-журналистер Ә.Спан мен Л.Сәдуақасов, «Арыс» қорының жұмысшы тобы (жетекшісі Т.Алпысбаев), сол се­кілді сөз зергерінің жары Клара Жұ­ма­байқызы да көп үлес қосқанын, қар­жылық жағынан көмек көрсеткен Маң­ғыстау облыстық әкімдігі екенін жоба жетекшісі еске сала кетіпті. 

Сонымен қазақтың бір өңірінде маңдайы кере қарыс ұл болып өмірге келіп, ұлт ұлына, жұрт кісісіне, бүгінгі сөзбен айтсақ, феномен дәрежесіне кө­терілген Мырзағаң (Мырзатай Жол­дасбеков) әулиелер қатарына қос­қан «Әбіш Кекілбаев энциклопедиясы» өзіндік өрнегімен кімнің де бол­са ілтипатына бөленеді деген се­німдеміз. 

Ол қандай өрнек дегенге келер бол­сақ, жазушы шығармашылығы жанр бойынша жеті тарауға, нақтылай түс­сек: поэзия, проза, драматургия, аудар­малар, тарихи-танымдық туын­дылар, сапарнамалар, мақалалар бо­йынша жүйеленген. Мәселен, «Өлең сөздің – патшасы...» деп Абай ұғымымен ашылған поэзия бөлі­­мін­де өлең жанры, әлемдік және қа­зақ поэзиясының арғы-бергі тарихынан шағын да болса шалымды мағлұматтар беріліп, айтулы сөз ұсталарының, сонымен бірге бүгінгі жас толқынның аяқ алысы айтылып,  Әбіш Кекілбайұлының «Алтын шуақ» (1962), «Дүние ғапыл» атты екі кітабындағы 147 өлеңі мен 2 поэ­масы, Г.Гейнеден, М.Лермонтовтан, Р.Ғамзатовтан, О.Сүлейменовтен, Э.Капиевтен, тағы басқалардан аудар­ған дүниелер алфавиттік ретпен сараланыпты. 

Бір дәйек келтірсек, «Абайла, ба­­уы­рым, абайла» деген алғашқы  өлең­­нің қашан жазылғаны, қайда жа­рия­­ланғаны алға тартылып, онда­ғы фи­лософиялық тереңдік пен мета­фо­ралық өрнектер де ескеріліпті. Мұн­дай талдау тәсілі барлық өлеңге тән деуге болады. Өлеңдердегі кейбір ұғым­дарда кездесетін адам аттарына, же­ке сөздерге де түсінік беріп отыруды әдемі үйлестірген. Айталық, 1998 жылы жазылған «Шимұрын» атты өлеңнен «Қойсайшы тағдыр бұй­рығын,  жеңгетай болған шимұрын, Ат дүбірін естіп, зытып берген сор жақ­қа, шолтаңдатып құйрығын. Әй, жексұрын шимұрын», деген жолдарды мысалға келтіріп  шимұрын сө­зіне түсінік бере кетіпті. «Шимұрын – адамды жүріп келе жатқан жолынан адастырып, батпаққа батырып өлтіретін шайтанның бір түрі» еке­нін айтып,  оған қоса «шимұрын – күлдіріп өлтіруші шайтан» делініпті. Шынында, бұл қазақ тіл байлығының мол екенін көрсетумен бірге, тап ба­сып тани алсақ кәделі мұра аз емес­тігіне, жазушының ондай ұлт тіліндегі бай­лықты қолдану шеберлігіне тоқ­тала­ды. Мұндай алымдылыққа қалай сүйсінбейсің. 

Осы арада шешімін әдемі тапқан мына бір тәсілді айта кетсек дейміз. Ол ақын-жазушыны, басқа да айтулыларды кітап ішіне тізе бермеу жағы еді. Тек Кекілбаев шығармашылығында аты аталғандарды, қалам тербегендер­ді, өзі аударған авторларды суреті­мен бірге шағын деректерді қосып отыр­ған. Ондай деректер мен  суреттердің бәрі энциклопедияда түрлі-түсті бояу­мен көмкерілген. Классиктің өз сурет­теріне де орын молынан берілген.

Проза бөліміне әңгімелері, хикаяттары, романдары топтастырылыпты. Проза шебері туралы аңдатпада жанр жайлы сөз қозғалып, ұлттық прозаға байлам жасалып, қаламгердің 13 әңгімесі, 10 повесі, 3 романы сөз болады. Әр шығарманың атынан кейін кейіп­керлер көрсетіліп, үзінділер кел­­тіріліп отырады. Хикаяттар мен романдарға кітаптан мол орын бері­ліпті. Кейіпкерлердің бітімі кеңінен қам­тылып, оқиғалардың бастау басы, шырқау шегі, тарихи оқиғалар, тарихи тұлғалар, аңыз-әпсаналар, сол туындылар туралы жазған авторлардың пікірлері үйлесімділігімен баурайды. Тарихи романдар туралы тартымды алғысөз іспеттес жазбадан кейін «Үркер» мен «Елең-алаң», «Аңыздың ақыры» сөз болады. Ұлт руханиятына қосылған бұл айтулы шығармалар ту­ралы замандастарының, үлкен ғалымдардың, үздік сыншылардың, кейінгі толқынның пайымды оң тұ­жырымдарынан үзінділер ұсы­нылыпты. Әр шығарманың атауына, құрылымына, көтерген жүгіне тоқ­­талып, тарихи кейіпкерлердің дара сомдалғанына жете көңіл бө­лінеді. Тұғыры мықты туындылар­дан мысал келтіріп, ақиқатқа көзің­ді жеткізіп, суреткердің образ жа­сау­дағы шеберлігіне тәнті етеді. Шы­ғармалардың  көркем тілмен безен­дірілуі, заман сөзін жеткізе алуы: «Мә­ті би айтқан түлкі дәуреннің біржола орна­ғаны ғой. Ал сонда мұның әлгі тағ­дырдың жазуындай бүркіттің өзі­не тап бергені не болғаны?.. Не де болса, келешек көрсетер...» деген үш сөйлемнен көрініп тұр емес пе? Тал­дау­ларда астарлап айтқан байламдар арқылы өрен жүйріктің өрісі кең еке­нін сездіреді. 

Драмасына келгенде қазақ сөз өнеріндегі бұл жанрдың көш басында тұрған алыптарды атап, одан кейінгі мықтыларды еске түсіріп, «Абылай хан» драмалық дастанына  орын бере­ді. Бұл драманың жазылуы, театр­да қойылуы, басты тұлға «Қазақ­­тың қайран даласын жағасы жайлау ел қылам, қара сирақ баласын басқа­лармен тең қылам», деген Абылай хан, оны сахнада сомдаған өнер саң­лағы (Т.Жаманқұлов) туралы мәлі­меттер алға тартылады. 

Ал жазушы аударған пьесалар да бір шоғыр екені мәлім. Олардың қа­тарында Шекспирдің «Ромео мен Джульетта», «Король Лир», «Корио­лан» Г.Ибсеннің «Үрей», А.Чеховтың «Ваня ағай», М.Кәрімнің «Ай тұтылған түн», өзге де туындыларды атауға болады. Шешендікпен, шеберлікпен аударған романдар мен повестердің қатарында: Ги де Мопассан, Л.Толстой, Ш.Айтматов, т.б. жайлы да мәліметтер жинақталып берілген. 

Әбіш Кекілбаев еңбектерінің ішін­де тарихымызды тереңнен қоз­ғап жазған тарихи-танымдық туын­дылардың жөні бөлек екені рас. «Ше­жі­релер сыр шертсе...» деген  атпен берілген бөлімде «Талайғы Тараз», «Ұйқыдағы арудың оянуы», «Шандоз» атты деректі тарихи баяндардағы мағлұматтар өте маңызды. «Шандоз» деген сөзді кітап аты етіп ала отырып, оны айналымға енгіз­гені белгілі. Ол сөздің түпкі ма­ғы­насына келсек, «сұлу, көркем жі­гіт» деген ұғымды береді. Ол ар­қылы Махамбеттің түр-тұлғасын көз алдыңа алып келеді. Маңғыстау, Та­раз өңірлеріндегі киелі жерлердің арғы-бергі сілемдерін тап басып тарата айту, ондағы түрлі атауларды жіліктеп беру заманауи басылымның жетістігі деуіміз керек. 

Іргелі еңбектегі «Сапарнамалар» бөлімінде дара дарын иесінің көзі­мен көріп, қолымен ұстаған әлем жұрт­тарының тірлік тынысын әр қырынан сарапқа салған байламдары қашанда байыпты болып келетіні анық. Кешегі кеңес заманында, одан кейін ту кө­теріп, тәуелсіз ел болған тұста төрт­күл дүниеге жазушы ретінде де, мем­лекет қайраткері санатында да бар­ған сапарларынан жазған публицистикасы энциклопедиядан елеулі орын алған. Азамат қаламгердің әр жазбасы өзіндік өзгешелігімен бұ­рын қалай есте қалса, кітапта да сондай әсерлі берілгенін айтуға тиіс­тіміз. Тарланбоздың табаны тиген ел­дердің тарихы, ұлы тұлғалары, қа­ласы мен даласы жайлы да қысқа дерек­тер тартымды әрі тағылым алар­лық. Бұл тұрғыдан келгенде, оқыр­ман қаламгердің сапарларымен қа­тар, «азат елге ағайын көп» деп өзі айт­қандай, өзге мемлекеттердің өт­кені мен бүгінін тиісінше жан-жақ­ты бергенін энциклопедияны парақ­тап отырғанда көз жеткіздік. Бір сөз­бен айтқанда, сараптамалық пуб­лицис­тикалық шығармалардың қашан жазылып, қайда жарияланғаны, айы-күні бәрі таспадағыдай анық. 

Әбіш Кекілбаев әлемінде тіл мен ой шеберінің көсем сөздері ұлт тарихына қосылған қазына десек, артық айт­қандық болмайды. Соның айғағы шығар, 60 жылдан аса уақыт бойы толғақты мәселелерді, ұлттық үлгі мен үрдістерді, тіл мен ділді, елдік пен ер­лікті, халыққа қажет дүниелерді, әлемдік құбылыстарды қамтыған, бәрінде көркем кестелеген дүниелер рухани байлығымыздың бастау басында тұрғандай әсерге бөлейді. Мұның бәрі «Дәуірмен бетпе-бет» (1972), «Заманмен сұхбат» (1996), «Азаттықтың ақ таңы» (1998), «Тіл және Тәуелсіздік» (2007) кітаптары арқылы көрсетілген. «Ойдағымыз болды, ортамыз толды», «Арға тартпай – арман тұл, намыс қумай – мақсат тұл» деп жігеріңді жанып, қалғып кеткен жанарыңды ашатын әр мақала мен сұхбаттар алфавиттік тәсілмен жүйеленген. 

Мақалалардағы «...Елес емессің, естесің. ...Тобамыз тек тәубемізден айыра көрмесін!» деп арғы-бергі ұлт жақсыларын әспеттеген тұстары, кейіп­керлері, сұхбат алған журналис­тер туралы деректер суреттерімен орын алған. Әр заманның «әп, бәре­келді» дегізетін тұстарынан қысқа үзінділер беріп отыру да зейін-зердеңе із тас­тайды. 

Жалпы, Әбіш Кекілбаев мақалала­ры жайлы бөлімді оқып шыққанда – бәрі де көркем дүние қатарында еке­ніне еш шүбә келтірмейсіз. 

Өз Отанымызда, әлем елдерінде жа­рық көрген кітаптары суреттерімен жария­ланып, қай кезде, қай бас­па­да шыққаны көрсетілген. Библио­гра­фиялық көрсеткіште жазушының кітап­тарымен бірге, ол туралы жа­зыл­ған мақалалар жылдар бойынша тізіліп, авторлары көрсетіліп, қор­­ғал­ған ғылыми диссертация­лар да на­зардан тыс қалмаған. Энцикло­педияны дайындау кезінде сыншы Ә.Байбол, жазушы М.Ізім, журналист Д.Имамбаевалардың қосқан үлесін, суретші К.Бекеновтің арнайы салған иллюстрациялары пайдаланғаны ту­ралы жоба жетекшісі еске салып өт­кен. 

«Тағдыр мен тарих қоғам мен ұлт өміріндегі ең бір шешуші оқиғалардың ортасында жүруге бұйырды. Сыртқы бақылаушы ғана болып қалмай, додаға түсіп, талқылы мәселелердің ше­шімін табуына қолма-қол араласуға итермеледі... Әлеуметтен асқан әділ қазы қайда бар?! Әлеуметтен асқан сырласты қайдан табарсың?» деп халқының қадірлісі болып, әлеуметін әспеттеген бір дәуірдің алыбы, тәңірім келбетіне қарай кемелдікті де берген, сөз ұстап, ой тербеуде де тектілік таныта алған азат қазақтың айбынын асыруға да аянбай тер төгіп үлесін қосқан, даралығы мен даналығын бүкіл шығармаларында дәлелдеген, сөйтіп  ілтипатқа бөленген, үкілеген ұлдарының алдыңғы сапынан табыл­ған тарлан талант туралы заманауи энциклопедия ұлт құндылығына қосыл­ған олжа екеніне кім шүбә келтіре алады. Бұл еңбек – Әбіш әлемінің бір жүйеге түскен алғашқы бастау басы деп ұққанымыз жөн секілді.

Ендігі жерде Кекілбаев шығарма­шы­лы­ғының бүкіл болмысын осы кітаптан тауып, Абай, М.Әуезов эн­циклопедияларының қатарына қойып, тағылымын үйреніп, тәбәріктей қолда ұстайтынымыз хақ. Ұлтым деген, жұр­тым деген ұлы жазушы, қайраткер туралы мұндай ізгі ізденістер енді арна тарта береді. Алдағы уақытта эн­циклопедияның «Өмірі мен ортасы» «Көрсеткіштер» атты екінші, үшінші томдары жұртшылық қолына тиеді. Түйіндей айтқанда, кіріптарлықтан құтылған, азаматын қадірлей білген, өзін танып білуге ұмтылған қазақ баласы үшін бұл энциклопедия қазына деп қабылдасақ, «бәрекелді!» деп бір сәт дамылдасақ, артынан жақсы істі жалғастыра берсек, қане! Бұл кейінгіге үлгі, сабақ болары сөзсіз. 

Сүлеймен МӘМЕТ,

«Егемен Қазақстан»