Қолыма қалам алып, ақ қағазға ұзақ үңілдім. «Қарадала» деген жалғыз ауыз сөз жаздым...
Көз алдыма ұлы таулардың арасындағы көсілген тақтайдай жазық елестеді.
Иә...
Теңіз тамшыдан құралып, Отан дейтін киелі де қасиетті ұғымның отбасынан басталатынын білмейтін адам жоқ.
Қазақ елі дейтін ұлы байтақтың бастау-көзі де кіндік қанымыз тамған ұлы төрлерден басталады.
Қарадала – мен үшін қазақ даласындағы сондай ұлы төрлердің бірі.
Құбыла бетінде Көкпекті жазығы мен Торайғыр, Бұғыты тауларының қария бітімді сілемдері аласарып барып құлайтын атақты Шарын шатқалы жатқан; теріскейі Іле өзені мен шыңдары алыстан аспанға асылып тұрғандай «менмұндалап» шақырар Жоңғар Алатауымен тілдескен; түстігін мәңгі мұздықтар көмкерген Тәңіртаудың ұлы қойнауларына, хан жайлаулары – Шалкөде мен Қарқараға, Мыңжылқы мен Сыртқа, Ағанас пен үш Меркіге ұласқан; Қараүйсін тауының құйқалы жонын бөктерлей отырып, шекарадан әрі асқан: Құлжа, Сайрамкөл, Шапшал, Мұңғыл күре, Әулие Шоқы, Текес, Күнеске жалғасқан ұлы жазықты бабаларымыз ескі күндерден – біз бірін білсек, бірін біле бермейтін көне замандардан бері Қарадала деп атаған.
Қарадала – сол ұлы таулардың қақ ортасында жатқан құтты аймақ, берекелі өңір.
Осыдан бір жылдай бұрын, 2017 жылдың тамызында менің кіндік қаным тамған сол құтты жазықта өткен «Жетісу Resort» шипажайының ашылу салтанатына қатысқан едім...
Алматы облысы мен Ұйғыр ауданы әкімдіктерінің атсалысуымен «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өткен аталмыш шараға алыс-жақыннан келіп қатысушылар көп болды. Тәңіртау мен Жоңғар Алатауының арасын қалың елдің қуанышы кернегендей ерекше күйге түсті. Алыстан көзге шалынып, күндіз Күнмен, түнде Аймен шағылысар сымбаты мен сыны ерекше, кереге-маңдайына қазақтың қошқар мүйіз өрнегі бедерленген таза ұлттық-шығыстық үлгідегі сұлу ғимаратты көрген жұрттың есі кете таңғалғаны әлі күнге жадымда.
Әлемдік стандарт тілімен айтар болсақ, «бесжұлдызды» қонақ үйлермен иықтаса алар шипажайдың іші мен сыртын көріп дән риза болған қонақтардың бірі: «Апыр-ай! Мына ғимарат ертегілерді еске салады ғой!.. «Ерте, ерте, ертеде, ешкі жүні бөртеде, қырғауыл жүні қызыл екен, балақ жүні ұзын екен», деп басталатын қазақтың хисса-дастандардағы «жал-жал құмдар тасасынан күмбезі күнмен тілдескен сұлу Сарай шыға келіпті...» дейтіндей екен» деп ағынан ақтарылғаны бар.
Десе дегендей, айтса, айтқандай...
Осынау сұлу, әсем ғимаратқа сәулетші болып сән бітірген, құрылысшы болып тіл бітірген, Республика жұртшылығына есімі кеңінен мәлім кәсіпкер құрылысшы, атақты «Мойнақ» ГЭС-ін салған Стақан Белғожаевтың бір жолы кездескенде: «Нұрлан қалқам, мен бұл ғимаратты халқым ертең айта жүрердей белгі болсын» деп салып жатырмын. Сенің Өмір атаң туралы айтқан әңгімең есімнен кетпейді. Кім келіп, кім кетпеген бұл Қарадалаға?.. Бабаларымыздың аманатындай болған киелі өңір ғой бұл! Қасиетті Қарадала ғой бұл! Сенің жырларыңа арқау болған Аспантаудың төріне – Қазақтың Қарадаласына ел-жұртты жиып, «Жетісу» санаторийінің тұсауын кесейікші бір», – деп еді.
Стақан ағамыз сол айтқанында тұрды...
Міне, менің жадымды жаңғыртып отырған мына суреттер мен көріністер – сол «Жетісудың» тұсауы кесілген тұстағы қайталанбас сәт-сағаттардың, сондағы лебіз-пікірлердің еске түскендері.
Сол күні шипажайдың ашылуына қатысқандар арасынан Мәжіліс депутаты, белгілі қоғам және мемлекет қайраткері Қуаныш Сұлтановты, бір кездері осы облыстың бірінші басшысы болған елағасы Кеңес Аухадиевті, сондай-ақ елімізге белгілі көптеген қоғам қайраткерлерін, БАҚ басшыларын көріп, қалың жұртшылық бір серпілгендей болып еді...
Әрине... Бұған дейін де: «Шонжының басындағы ыстық суға барып қайттық. Емдік қасиеті күшті екен. Арнайы мамандар әлденеше рет тексеріп, құрамын анықтап, бағасын беріпті. Ана ауруды жазыпты, мына ауруға шипасы бар екен...» дескен ұзын-құлақтың әңгімесі бұл аймақты кезгелі ондаған жылдар болды. Бірақ ен даланың бойында жарыса салынған сол шипажайлардың бірен-сараны болмаса, дені сапалы санаторийлерге қойылар талап-тілектерге толық жауап бере алмай, қызмет көрсетудің орта, ортадан төмен деңгейінен аса алмай келе жатқаны жасырып-бүгер сыр емес...
Қара қоржынын Қарадаланың қасиетті суын оңды-солды пайдалану арқылы толтыру – кешегі жабайы нарықтың кезінен қалған, бүгінде келмеске бет түзеген ескі әдет екенін халық та аңғара бастады. Алыс-жақыннан ем іздеп келушілердің талап-тілегі күшейді. Уақыт, заман сұранысына сай күтім керегі Қарадала төсіндегі емдік суларды пайдалануға деген көзқарасты өзгертті. Нарықтың алғашқы кезеңінде қолы жеткендер алып қалған артизан құдықтарының да, құдық айналасындағы жерлердің де бағасы өсті... Судың қадірін ғана емес, ыстық су бизнесінің де қадірін білетін қомақты қаржысы барлар Қарадалаға ағыла бастады.
Осы ыстық суды игеру қажеттілігін, заман талабын, өзгерген елдің сұраныс-тілегін жан-жүрегімен сезінгендердің қатарында облыс өмірі мен тыныс-тіршілігін жақсы білетін, қаршадай кезінен табанынан тозып жүріп, Аспантау мен Алакөл арасындағы Жетісу дейтін бай өлкенің ірілі-ұсақты ондаған ғимараттарын өз қолымен тұрғызған, кезінде атақты Мойнақ ГЭС-нің құрылысын да тәуекел деп мойнына алған, Елбасы алдына барып, бұл құрылыстың ел болашағы үшін аса қажетті екеніне көз жеткізген, өз ісінің майталманы кәсіпкер-құрылысшы осы Стақан Белғожаев та болды.
Кәсіпкерлік бойына табиғатынан дарыған аңғарымпаз жан жекешелендірудің күллі тәртібіне сай тиісті конкурстардан өтіп, осы Сұңқар құдығына ен тақты. Жартылай жұмыс істеп, бір тоқтап, іске бір қосылып, қолдан қолға өтіп, тоз-тозы шыққан ескі құрылысты жерімен қоса сатып алды.
«Мойнақ құрылысы аяқталғанша шипажайға бұрылуға мұршам болмады. Нұрсұлтан Әбішұлының тікелей қадағалауында тұрған алып құрылысты ойласам, түн баласы ұйқы көрмеуші едім... Мойнақты қалай тапсырдық, солай осы «Жетісуға» кірістім. Жиған-терген тәжірибем мен қаржы-қаражатымды түгелімен осы Қарадалаға бұрдым. Нұрлан, айналайын, бизнес дейтін әлем-сиқырлы, сыры мол әлем ғой. «Жетісу» шипажайының аяғынан тұруы оңайға соқпады. «Тәуекел деген – желқайық...» демей ме қазақ атамыз. Тағы да сол тәуекел мені тығырықтан алып шыққан секілді...
Замана сұранысына сай еңбек етуіміз керек!
Бүгінгі санаторийлер мен демалыс орындарына қойылар талап жалғыз – халықаралық деңгейге көтерілу. Соған лайықты ем жасау... Жоғары деңгейлі сервиз! Мықты санаторий – аймақтың абыройы. Мықты санаторий – берісі – ауданның, әрісі – облыстың, республиканың бюджетіне жұмыс жүргізудің жолы. Мықты санаторий – елді тану мен танытудың, жерді тану мен танытудың үлгісі. Мықты шипажай келушілердің санасында демалған жер туралы жақсы әсер қалдырады. Әлемдік деңгейге көтерілген шипажайлар сапынан орын алуға Қарадала аймағында мол мүмкіндік бар. Қарашы, мына терістік бөктері сыңсыған қарағайлы қалың орман. Етегі шүйгіні мол жайылым. Бала кезде талай шөп шапқанбыз... Қайыңды тоғайлар, омарталы сайлар... Елігі мен бұғысы қалың. Арқары мен ешкісі өріп жүрген сұлу өлке. Одан әрі өрлесең, қия жартастарын мекен еткен ақиығы тағы бар. Туризмге сұранып тұр. Одан әрі ердің ері ғана ерге қонып, таудың жолымен асу асар өткелдер... Одан әрі Тәңіртаудың ұлы жайлауы – Шалкөде! Шіркін-ай! Әне бір жылдары Қарадала төсін үйір-үйір қарақұйрық кезіп жүруші еді... Өкінішке қарай... Сол төртаяқтының тектісі болған қайран қарақұйрықтарды енді көру қиын... Шарын дейтін бір көрген адамның түсінен шықпайтын аңызы қалың аңғар іргеде тұрған жоқ па?! Ерен ағаштың орманы қандай?!
Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев ұсынған ел тарихын бағалау мен бағалатудың, ел рухын асқақтату мен тәрбиелеудің жолын, бағыт-бағдарын айтар «Рухани жаңғыру» атты ұлт пен ұлысты түлету бағдарламасындағы басты ұрандардың бірі – Туған жерге туыңды тік!
Туған жерге ту тігу, Туған елді әлемнің алдыңғы елдері қатарына шығаруға ұмтылу – бүгінгі ұрпақ пен ұлттың басты мақсаты. Бұл – елін, жерін сүйер кез келген жұмыр бас пенденің бойындағы ізгі қасиеттер мен адамшылық асыл нышандардың көзін ашар өнеге мен тәрбие бастауы ғой!» – деп еді ол бір жолы сексеннің екеуіне келген тарлан кәсіпкер таусыла сырласып.
* * *
Осы бір сәт-сағатты сарыла күткен, Сарықамыстың желке тұсындағы буы бұрқыраған Сұңқардың ыстық суына келушілердің таңырқамағаны, шаттана қуанбағаны жоқ. Іргедегі Нарынқол, Кеген, Жалаңаш, Шелек, Талғар, Есік, Қаскелең, Ұзынағаш, Шонжы, Жәркентті қойып, ат арытып, арнайы Астанадан, Алматыдан, Талдықорғаннан, Тараздан, Шымкенттен жеткен қонақтар қанша ма?!. Іргедегі қырғыз ағайындар да жүр... Жаңалық десе, «жарғақ құлақтары жастыққа тимей» әңгіменің алдын орап жүретін журналистер легі де шамадан тыс мол.
Журналист ағайындардың есіл-дерті мына сымбатты, сұлу сарайды насихаттап, сарайдың иесі – Белғожаев Стақан деген кісімен танысып, сұхбат алу.
Сол күні «Жетісу» шипажайының иесі – сексеннің сеңгіріне көтерілген елағасы ерекше елгезектік танытып, қонақтарының ыңғайын табумен болды. Жүрісі де, сөзі де ширақ. «Әкелерім-ау! «Қалауын тапса, қар жанады» демей ме дана халқымыз. Алла тағала мейірін төгіп, мына қасиетті өңірге – «тауы – киік, ойы – балық» сұлу өлкемізге бәрін үйіп-төгіп берген ғой. Біздің міндет сол Хақ тағала берген жердің байлығын уақыт талабына сай өңдеп, өрнектеп, әдемілеп халықтың өз қажетіне жарату. Қарадаланың ыстық суы – қазақтың қазына-байлығы! Бұл ыстық судың даңқы менсіз де бірталай жерге барған, әлі де барады. Келушілер, демалушылар көп...» деп кесек-кесек ой айтып жатты.
Мамандығы құрылысшы болғандықтан, дәуір қанатында жүріп, Стақан Белғожаев қаршадай кезінен еңбектің қызығын да, шыжығын да көріп өскен. Бар ғұмыры Қарқара, Кеген, Шарын, Кеңсуда өткен, тауда жүріп, тұяғы бекіген жас жігіт Братск ГЭС-інде бетоншылар бригадасының мастері болған. Екібастұзда, Шардарада екпінді құрылыстың қайнаған ортасында жүріп, қабырғасы қатып, қанаты бекіген. Қайда жүрсе де Аспантаудың абыройы мен арманын серік етіп, туған ауылы Жалаулының туын жықпай, жар құлағы жастыққа тимей, жары Назгүлмен қолұстаса жүріп, отбасын аяғынан тұрғызды. Бір сөзбен айтқанда, балалық балғын шағы, арманды серік еткен жігіттік дәурені өткен ғасырдың орта кезімен – әкелеріміз мылтық ұстап майданға аттанған, аналарымыз белін шарт түйіп, еңбекке араласқан, аспан асты, жер үсті өмір мен өлім тайталасына қатар түскен қырқыншы, елуінші жылдармен тұспа-тұс келетін буынның қайсар бітімді, күрескер өкілі өз жолын өзі анықтап, өз тағдырын өзі өрге сүйрей білді.
– Стақан – уақыттың тамыр соғысын анық ұстаған өз ісінің шебері ғана емес, ол үлкен жүректі, мінезге бай, адамгершілігі зор азамат. Екеуміз бір таудың суын ішіп, бір даланың желіне кеудемізді тоса жүріп, қатар жетілген бір буынның өкіліміз. «Мен» деп кеуде қаққан, болдым, толдымды айтқан кезі жоқ. Айтқанын көрген де емеспіз. Ерінбей еңбек ету мен алған бетінен таймай күресудің арқасында ол қазақ дейтін кеңпейіл халықтың құрметіне бөленді. Өз басым, еңбекті асқақтата білген Стақан Белғожаев сынды бауырыммен мақтанамын. Стақан сынды сабыр мен табандылықты қанат қылған азаматтар Алашта көп болса, аспанымыз кеңейер еді!.. – дейді экспериментті-биология ғылыми-зерттеу институтының директоры, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор, Ұлттық ғылым академиясының академигі Мәкен Молдабайұлы Тойшыбеков.
Жаратылысынан артық сөзге жаны қас, жалған мақтауды ұната бермейтін Асекең – аты аңызға айналған қазақ өнерінің хас шебері, Еңбек Ері, КСРО халық әртісі Асанәлі Әшімов:
– Мойнақтың құрылысы – жалғыз Белғожаевты ғана емес, күллі Қазақ елін сынға салған, елдігіміз бен ерлігімізге қамшы болған атақты құрылыс! Жұрт оған «Ғасыр құрылысы» деп бағасын берді емес пе?!. Ол үшін Стақан елден де, Елбасыдан да алғысын алды. Менің таңғалғаным Стақан досымның ақшасын желге шашқандай етіп, айдалаға баяғының хан сарайындай шипажай салғаны. Бұл – көзсіз ерлік! Стақанның «Жетісуы» жалғыз Жетісу жұртының ғана мақтанышы емес... Бұл шипажай түбі Қарадала дейтін аймақтың атын әлемге жаяр Алаштың төрі болады... Бұйырса!.. Қарадала қалың қазақтың ат басын бұратын қазыналы жеріне айналады әлі, – деп еді.
Бүгін де, міне, сол Асекең айтқан баталы сөзге іштей қайта оралып, Алматыдан алыста – Қарадаланың қара шаңын сумен басып, ен даланы иен тоғайға айналдырмақшы болып, ағаш отырғызған, шипажайдың қасынан өзіне жеке үй соққан, 250 орындық шипажайдың жұмысын жеңілдету үшін дәрігерлер мен қызметкерлерге арнап, жеке отбасылық үлгіде жатақхана салған үлкен ұйымдастырушы, ересен мінезді еңбек адамын ойладым. Апыр-ай, немере, шөберелерін иіскеп, Алатаудың самалын жұтып, Алматы төріндегі кең сарайдай боз үйінде жаны тыным көріп, жайбарақат отырмай, ел ішінде, қайнаған жұмыс ортасында жүрген Стақан ағамызды ойладым. Қарадаланы ойладым.
Осыдан біраз бұрын «Стақан ағамыз жалғызсырамасын деп, мен де Шонжыға үй салдым. Қарадалаға көшіп келдім...» деп әзілдеген Ызғарбек Бектұрсынов бауырым еске түсті. Сол сапар Ызғарбек айтқан мына бір қысқа сөз жадымда жаңғырып тұр. «Стақан ағамыздың мынандай шипажай салуы – өз алдына бір ерлік! Елге көшіп келіп, халық ішінде жүруі – екінші ерлік! Құдай қуат берсін ақсақалға! Қарадаланың қара нары ғой!» деп еді.
* * *
«Елу жылда – ел жаңа, жүз жылда – қазан» дейді біздің халық...
Елу жыл ішінде ел өзгерді.
Дүние өзгерді.
Қаражолға асфальт түсіп, қара даңғылға айналды.
Ғасырлар бойы Батыс пен Шығыс арасын жалғап келген Жібек жолының бір тармағы – Құлжаның күрежолы кеңейді.
Өзгерген әлеммен бірге Жібек жолы да өзгеріп, түлеуде.
Күрежолға жағалай артезиан құдықтары түсті.
Ен жазықтағы ыстық сулардың қатары көбеюде. Әр тамшысы алтынға бара-бар жер астының емдік сулары берісі – облыс, әрісі республика назарына ілікті.
«Судың да сұрауы бар» деген ескінің есті сөзіне ден қойған жұрт Қарадаланың суын ысырапқа жібермей еңбектің көзіне айналдыруда.
Соның бір жарқын көрінісі – сонау алпысыншы жылдары скважинамен жер бетіне шыққан «Сұңқар» ауылының ескі құдығына ерекше сипат берген, сахара төсіне қанат жайып қона қалған Тәжімахалды елестетер Стақан Белғожаев есімді нар мінезді қазақтың қиялын арқалап, Қарадала төсінде пайда болған «Жетісу» шипажайы!
Иә...
Қарадалаға қарқарадай абырой әкелген бұл шипажай елдіктің көрінісі, еңбек пен ерліктің үлгісі екені даусыз.
Нұрлан ОРАЗАЛИН,
ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты