Тарих • 05 Қараша, 2018

Қарасай батырдың туғанына - 420 жыл

668 реткөрсетілді

Қарасайдың әкесi – Алты­найды ел абыз деп атайды. Абыз дегенi – көрiпкел, айтқаны келген әулие деген сөз. Қарасай iрi денелi, орасан күш иесi, көзi шоқ­ша жайнаған алғыр болып өсiптi. Iрiлiгi сонша бiр өгiздiң терiсi екi аяғына етiк тiгiп беруге әзер же­тедi екен. Қарасай он алтыға толғанда әкесi шақырып алып айтыпты:

 – Құдайға шүкiр, алдыма он мың сан көк ала жылқы бiттi. Бiрақ биыл әлемет жұт болады. Сен жаныңа қарулы жiгiттердi таң­дап ал да, жылқыларды ал­дыға салып айдап жай да отыр. Жыл­қы малы өте кiрпияз, алдын қайырма, өрiсiн өзi табады.

Қар кiсi бойынан асып, қа­қа­ған қыс ұзаққа созылып, ақ­сүйек жұттан елдiң тiгерге тұя­ғы қалмай қырылады. Күн жы­лына көктеуге, жазғасалым ел­ жайлауға көше алмай қала­ды.­ Сол кезде алдына салып бер­ген биелерiн құлындатып, шұр­қыратып дiн аман Қарасай елге оралады. Алтынай абыз Қара­сайды шақырып алып: 

– Қойды серке бастар, той­ды­ ер­ке бас­тар, ал елдi ханием өрге бастар деген. Ал ел – ер­ге қарайды. Ел басқарған ханиемiз­дiң малы түгел қырылып, хан ордасымен көше алмай ескi жұрт – қыстауында отырып қалды. Ол алты атасынан берi қыдыр да­рыған төре атаның баласы, жерге қаратпайық.

Ендi балам, мына жылқының қақ жартысын ханға сыйла, апарып бер! – деп жолға салады.

Тiгерге тұяқ қалмай жұртта отыр­ған хан қалың шаңды үлкен тобырды көрiп:

– «Жұт – жетi ағайынды» деу­шi дедi. Мыналар жұтаған елдi шап­қалы келе жатқан жау болмаса игi, – деп үрейленедi. Жаяулап болса да жауға қарсы тұруға дайындала бастағанда шапқыншы келiп сүйiншi сұрапты: 

– Алтынай абыздың ұлы Қара­сай қаптаған қалың жылқыны айдап әкеле жатыр, – депті.

Қарасай, сондай-ақ ханға жүк артар келе-келе түйе, сауынға та­­бын-табын сиыр да әкеп тарту етiптi.

Ел аққа жарып, тойынып, ханды жайлауға көшiрiсiп, Қарасай хан ордасында ай жатып мейман болыпты. Ханға келiп Қарасай қайтуға рұқсат сұрайды. Сонда хан:

– Бүкiл ел-жұртымды ашар­шылықтан аман алып қалдың. Не тiлегiң бар, балам! Үкiдей ғып­ өсiрiп отырған үш бойжеткен ­қызым бар, таңдағаныңды ал, кү­йеу балам бол! Күйеу демейiн ұлым бол! – дейдi хан шын разы бо­лып, ниетi қатты ауып.

– Ниетiңiзге рахмет, ханием. Маған мына өзiңiз отырған қара босағаңызды берсеңiз өмiрлiк ризамын, – дейдi Қарасай. Сонда хан тағынан атып тұрып, екi санын сарт ұрып:

– Алтынай, абыздығын iстедi. Айтқаның болсын, балам, мына қара шаңырақ – сенiкi. Ақ батам­ды берейiн, – деп шыға жүре берiптi де, өзiнiң екiншi отауына ба­рып кiрiптi. Сонда хан тағынан тұра бергенде оң жақ иығына қы­зыл шұбар жолбарыс пайда бола кетiптi. Ханның соңынан iле­се шығып барып екiншi отауы­на кiрмей қайта бұрылып кеп ақ ордада тапжылмай отырған Қарасайдың етiгiн жалап, оң жақ иы­ғына басын артып, еркелеп жанына шоқиып отыра кетiптi. 

Қарасайдың қара босағасы мен қызыл жолбарысы елiмiзге солай келген екен! 

Жақсы адамға көз бен сөз тигiш болады. Қарасай батыр­дың келiншегi жылда босанады, жылда шекесi торсықтай, әке­сiнен аумайтын ұл туады. Бi­­рақ та жарық дүниеге келген сол нәресте келесi сол уақытына жет­пей шетiней бередi, шетiней бе­редi. Бiреулер Қарасайға көз ти­ген, содан мұның баласы тоқ­тамайды деседi, ендi келесi жол­ғы бала тұрып қалады деп үмiт­тендiрiп, жұбатады. Әйелi босанды деп бүгiн сүйiншi сұрап келсе, ертесiне ұлы толық өмiр сүрмегенiн естiртуге шапқыншы жетедi. Осылай келiншегi үш құр­сақ көтерiп, шекесi торсықтай үш ұл тауып, үшеуi де шетiней бе­рiптi. 

Қанша батыр болғанымен Қарасай да ет пен сүйектен жа­рал­ған жан, сырттай сыр бер­мегенсiгенiмен, iштей қатты мү­жiлiп, опыныпты. Ұлтарақтай жерiмдi бөтенге таптатпаймын, елiмнiң намысын ешкiмге бер­меймiн деп жүрiп талай жауының қанын суша шашып едiм. Олар да пенде, солардың көз жасы жiбер­мегенi ғой. Олардың ұр­пақ-жақындары қарғап, мына дүниеден қубас болып өтпекпiн бе? – деп күңiренiптi. Үшiншi ұлын жерге бергенде самай шашы ағарып сала берiптi. 

Төртiншi мәрте келiншегi жүктi болып, айы-күнi жақында­ған сәтте бар қару-жарағын асынып: 

– Мен аң аулауға кеттiм. Мы­на найзамды тастап кетемiн. Егер туған бала тiрi болса отауымның төбесiне бөрiлi байрақ iлiң­дер. Егер олай-бұлай болып кетер бол­са тұлдандырып, қара жылқының қара құй­рығын байлаңдар. Көз көрмес, құлақ естi­мес алысқа ке­темiн. Сүйiншiлерiңдi үш күн­нен кейiн ғана келiп сұраңдар. Сүйiн­­шiсiне қалағаныңды беремiн. Ал егер сәби өлiп қалып, жаман хабар әкелген жан­ның тiлiн кесе­мiн. Үш күн күтемiн, – дептi.

Аң қағып, құс салып, тау-тас­ты аралап қанша серуен құрса да батыр көңiлi алаңдай бередi. Бiр күнi үйiнiң үстiне бөрiлi бай­рақ iлiнгенiн көрiп: «Иә тәубе, тәубе, ұзағынан сүйiндiре гөр», деп көзiнен жасы ағып, қайта қа­рауға жүрегi дауаламай әрі ұзай бередi, кете бередi. Қанша жа­нарын сарқып қараса да ту алыс­тан түк көрiнбейтiн жаққа ке­тiп, ала­бұртып ендi жақсы ха­бар күтедi. Екiншi күнi де еш хабар болмайды. Үшiншi кү­нi таң атысымен бiр орнында тұ­ра алмай, жаны байыз таппай, сер­гелдең күйге түседi. Елi жаққа мо­йнын созып, аузына күнi бойы түйiр ас-су алмай сүйiншi сұ­раған жан келе жатқан жоқ па деп, тесiле-тесi­ле шаршайды. 

Үшiншi күнi кеш батып ба­ра жатқан сәтте көз ұшынан шөкiм­дей шаң көрiнедi.

«Иә, ақсарыбас, ақсарыбас!» де­генше болмады әлгi шаң аннан бiр, мұннан бiр бұрқ-бұрқ етiп жанына жетiп-ақ келiптi. Анықтап қараса – өзiнiң жауға мiнiп шаба­тыны – Айтұяқ тұлпары! Асыл ту­ған жануар күмбiр-күмбiр кi­сiнеп, батырды үш мәрте айналыпты. Тұлпарының құйрық-жа­лын тұттай ғып күзеп тастапты, алақандай екi көзi қанталап, шатынап батырдың қарсы алдына басын тосып, дiр-дiр етiп тұра қалыпты. 

– Ә, жаманат хабар әкел­ген сен­ екенсiң ғой. Бұ жалғанда қу­бас өттiм де­сеңшi! Дүниенiң бәрi тәрк! Қу­бас, сорлап қалдың, сор­­лап қалдың де­сеңшi! Ендi сен де өлiк, мен де өлiк – деп алмас қылышын алып, қақ ше­­­ке­нiң тұсы деп, өлер же­рiң осы деп тұл­па­рының маңдайын ала перiп кеп жiбередi. Сонда өмi­рi сiлтегенiн жiбермеген батырдың батпан қолы тұңғыш рет қалт кетiп, тұлпарының оң жақ құлағын шорт кесiп түсiптi.

Тұлпары да аузын кере ашып аспанға шапши бiр секiрдi де иесiнiң алдына бас кессең мiне дегендей сұлқ жата кетедi. 

Батыр мына адамнан артық туған асыл тұяқты тұлпарын құ­шақтай өгiздей өкiрiптi. Баяғы тө­гiлген жiбек жалы жоқ, ендi бiр құлағы шұнақ болған аттың алақандай екi көзiнен де жас бұлақтай ағыпты дейдi. Кенет жануар атып тұрады, үстiнде батыр, ауылға қарай құс болып ұшады, жел болып еседi, құйын болып ұйытқиды. Әне-мiне дегенше ауылына жетiп-ақ келедi. Қараса әйелi есiк алдында баланы бесiгiне салып, боздап отыр екен. Сол шапқан күйi бесiктi iлiп ала сала бетi ауған жаққа ағызып кете бередi. Iшiнде өлген баласы бар бесiктi құшақтаған Қарасай тау асады, құм басады, орман кезедi, айдыны шалқыған көлден өтедi, айбыны асқақтаған тау-белдерден өтедi. Асыл туған жануар тоқтамастан бiр күн, бiр түн шауыпты. Бiр кезде тұл­пары тоқтағанда дiр-дiр етiп, құ­лағының түбiнен аққан қара тер тұяғынан бұлақ боп жерге құйы­лыпты. 

Қарасай батыр атынан түсiп шетiнеген нәрестенi бауырына басып күндей күркiрептi, түндей түнерiптi. Қапаланып, күңiренiп: «Әй, бүйтiп бұ жалғаннан қубас атан­ғанша, осы баламмен бiрге өлiп-ақ кетейiншi… Ел-жұрттың көзiне көрiнбей-ақ қояйын бiр­жола», – деп өлi бала бар бесiктi тербете-тербете әбден қалжырап, таңға жуық көзi iлiнiп кетiптi. Көзi iлiнiп кеткенде түсiне жа­рықт­ық абыз әкесі – Алтынай кi­рiптi. Күмiстей аппақ сақалды, ап­пақ киiнген абыз әкесi қа­сына келiп:

– Ау, балам, тұр, еңсеңдi кө­тер! Құ­дай­дан әр нәрсенiң түбiн сұ­ра, қайырын сұра! Елiңнiң төрт құбыласына қор­ған болар төрт ұлың болады. Мiне, сенiң көз ­жасың, ақ тi­леуiңе қы­рық шiл­­тен Қыдыр­баба берген ба­­лаң мiне, қабыл ал! Аты – Әуез ба­лаң­ның! – деп бе­сiкке қол аяғы тыр­баң­даған балпанақтай баланы салып берiп, абыз атасы ұзап барып, көрiнбей кетедi. 

Ояна кетсе кеудесiн түртпек­теген бесiктегi бала тiрi, маңдайы торсықтай ұл шырылдап жылап жатыр. Жалаңаш қойнына сала сап, бешпентiн қаусырынып, белдiгiн буынып, тұлпарына мiнедi. Айтұяқ та тып-тың.

Ауылға келiп, отауына жа­қын­­дайды. Шашын жайып жi­берген, бетiн керегеге осқылап, сұңқылдап жоқтау айтып жатқан әйелiне:

– Қане, тоқтат, өшiр үнiң­дi! Мiне, қырық шiлтен Қыдырба­ба қолдап-қорғап баламыз тiрi қалды! Тiрi! Мә, емiз!.. Абыз атам аян бердi, аты Әуез болады. Мал сойыңдар, той жасаймын, – деп­тi қуаныштан жарыла. 

Осы Әуез ақжолтай болып, одан кейiн Қарасай үш ұлды болады. 

* * *

Иә, шынында да аты ұр­пақ­тан-ұрпаққа тараған Қа­расай батыр кiм? Ол жөнiнде қыс­қаша мәлiмет бере кетудi жөн көрдiк. Ұлыларды заман туғы­зады. Жақсылардың аты ел санасынан ешуақ өшпейдi.

Қарасай Алтынайұлы 1598 жылы Алатау бөктерiндегi Суық­төбе тауының бауырында Қа­расаз деген жерде дүние­ге келедi. Қазақ жерін жоңғар бас­­қыншы­ларынан азат етуге қа­тысқан батыр, қолбасшы. Ұлы жүз­дегі шапырашты руының есқожа тармағынан шыққан. И.Э.Фишердің «Сібір тарихы» атты кітабында Қарасайдың 1653 жылы Сібір-Тобыл ұрысына қа­тысқаны айтылады. Сондай-ақ оның 1643 жылы Орбұлақ шайқасына қатысқандығы туралы дерек бар. 1652 жылы Қарасай қазақ жасақтарын басқарып, жоң­ғар басқыншыларына қар­сы күресте ержүрек, көреген қолбасшы ретінде көзге түседі. П.П.Румянцевтің «Жетісу об­лы­сының материалдары» деген еңбегінде: «Батыс Қастек өңі­рінде шапырашты руынан шық­қан Қарасай батырдың ұр­пақтары тұрады. Қарасайдың бейіті Көкшетау уезінің Айыртау деген жерінде орналасқан» деп жазды. 1997 жылы тамыз айында Қарасай мен оның жорықтас жолдасы Ағынтай батыр жерленген төбеге ескерткіш-белгі қойылды. Қарасай батыр есімі шапырашты руының ұранына айналған. Сүйінбай Аронұлының «Қарасай батыр» атты та­ри­хи­ дастаны бар. Оның ерлігін Жамбыл да көп жырлаған. Жамбыл ауда­­­­­нының Қарақыстақ ауы­лы­­­­­­ның маңын­дағы биік жо­­та, сондай-ақ бұ­рынғы Қас­келең ауданы Қара­сай­дың есімімен аталады. Ұзын­ағаш ауданында батырға ескерткіш ор­натылған. 1999 жылы батыр ту­ра­­лы телефильм (сце­­на­­­рийі проф.­ С.Са­­дыр­баев, ­реж. Б.Құс­ан­­бек) түсірді. 

Қарасайдың та­­рих­қа келуi Тәуе­келден кейiн Есiм ханның тақ­қа отыруымен тұспа-тұс ке­ледi. 1620 жылы Есiм хан Алтын ханмен, Ноғай ордасымен бiрiгiп, отыз мың қолымен ойратқа шабуыл жасады. Бұл ұрыста 79 жасар Сүйiндiк Жанай батыр бөрiлi байрақ туды жас жолбарыс Қарасайға тапсырды. Қара Ер­тiстiң оң қанатындағы осы соғыста Есiм «Еңсегей бойлы ер Есiм» атанды. Осы жылы То­был бойындағы соғыста Қара­сай ойраттың екi тайшысы Той­лы мен Қарақалды қолға түсi­рiп, хан алдына айдап әкелдi. Сонда Есiм хан риза болып: «Сен ендi бүкiл қазақтың Қарасай батыры болдың» деп айтыпты. Шы­нында да қазақ жерiнде Қара­сай батыр­дың тұлпарының тұяғы тимеген жерi жоқ деу­­ге болады. 

1627 жылы Тобылдан ығыс­қан ойраттар ес жиып, Едiл мен­ Жайықтағы алшындарды шауып тыныштық бермегенi, Едiл­дiң Хазарға құяр жерiндегi қазақтарды қырғаны жөнiнде суық хабар жеттi. Осыған байланысты Есiм хан Түркiстанда жиын өткiздi. Хан қазақтың Қарасай баты­рын, Арғын Ағынтай, Най­ман Көксерек, Қаңлы Сар­бұқа, Төртқара – Жием­бет батырларды шақырып, әрқай­сысына бес мың қол сарбаз бе­рiп, Жайыққа аттандырады. Ха­зар теңiзiнiң жағасында 83 күн ұрыс болып, бiр жарым ай ба­тырлардың жекпе-жегiмен өттi. Қарасай батыр тоғыз рет майдан алаңында жекпе-жекте Манжы, Танжы бастаған жау­дың он бiр батырын жеңдi. Ал Ағынтай батыр бұл соғыста жетi рет жекпе-жекте шайқасқан. Осы ұрыста ойраттар жеңiлiп, орыс елiне қарай қашты. 1635 жылы Есiм ханның ұлы Жәңгiрдi қал­мақтар тұтқындап әкетедi де, қазақ қолын Қарасай батыр бас­қарады. Қалмақтар бұл шақта Жетiсудың терiстiк-шығысын ба­сып алып тұрған. Қазақ қолы күш жинап тұтқиылдан шабуыл жасап, оларды Жоңғар қақпасына дейiн қуып, күйрете соққы бердi. Қарасай мен досы Арғын Ағынтай батыр екеуi бiрiгiп, Жәңгiрдi үлкен ерлiкпен қалмақ тұтқынынан босатып әкел­дi. 1640 жылы Есiм ханның орнына Жәңгiр таққа отырды. 1643 жылы Алтын ханның ұлы Ом­бы бастаған елу мың ойраттар қазаққа лап қойды. Жәңгiр мен Қарасай Доңызтауына кiрiп келе жатқан жауды көп қырды. Осы кезде Алшын Әлiмұлы Төртқара, Жалаңтөс баһадүрлер келiп, көмекке жеттi. 

1646 жылы қазақ-қалмақ соғы­сы Қосқолаң тауының ара­сынд­а өттi. Қарасай мен Ағын­тай қолын оқпанға жасырды. Ордағы сарбаздарды көрмеген қал­мақтар үлкен шығынға ұшы­рады. 1652 жылы қалмақтар қыр­ғыздарға шабуыл жасады, оған болысуға Қарасай батыр сарбаздарымен көмекке барды. Осы соғыста Қарасай батыр қал­мақтың қолбасшысы Батыр қон­тайшының қолын шауып тү­сiрiп, ол содан өлдi. Жәңгiр хан қайтыс болған соң орнына Тәуке отырды. Батыр қонтайшы өлген соң, алты жылдан кейiн оның үлкен ұлы Сенге бастаған қалмақтар тағы да шабуыл жасады. Оның 23 мың қолы Үш Алматыны басып алды, одан Далатау Таласқа жеттi. Құлан төңi­регiнде алты күн ұрыс болды. Осы жерде Қарасай мен Ағынтай әрқайсысы қол бастап, 200 мәрте ұрысқа кiрген екен. Осы өңiрде екi батырдың есiмiмен жер аталып қалыпты. 

1664 ұлу жылы Арқас аң­қайынан (Жоңғар қақпасы) екi мың торғауыт Наймандар мен Жал­айырларға ша­буыл жасап, Қарасай мен Ағынтай ұрысқа бiрге кiрiп, жауды қуысқан. Осы соғыста Ағынтай батыр аяғынан жараланып, ақсақ болып қалған, Қарасай батыр да жараланған. Ел iшi тынышталғанда Қарасай батыр бiрсыпыра туғандармен, өзiнiң қандымайдан досы Арғын Ағын­тай елiне барды. Көкше өңірінде бiр жылдай тұрып, 1671 жылы тамыз айында қайтыс болды. Келесi жылы Арқада ат шауып, ас берiлдi. Досының асын берген соң сол жылы Ағын­тай батыр да қайтыс болып, оның да сүйегi Айыртаудағы Құл­шынбай төбесiнде Қарасай батыр бейiтiнiң жанына өз өсиетi бойын­ша жерленген.

* * *

Профессор П.Румянцевтiң жинатып, соның басшылығымен 1913 жылы шыққан «Верный уезi» деген кiтапта былай жа­зыл­­ған: «…Қарасай мүрдесi Көк­ше­тау уезiнiң Айыртау са­ға­сында!» Қарасай батырдың есi­мiмен екi жүздей жер, су, тау, сай аттары аталған, бүкiл бiр тайпаға есiмi ұран болған. Қарасай батыр жө­нiнде Шоқан Уәлиханов өз еңбегiнде атап кеткен. Зерттеушi-қайраткер Мұхамеджан Тыныш­паевтың 1925 жылы Ташкент қаласында шыққан «Қырғыз-қазақ халқы тарихынан материалдар» деген еңбегiнде (25-бет) «Шапыраштының ұраны – Қарасай, таңбасы – Ай, Тұмар» деп атап көрсетiлген. 

Жалпы, ұлы тұлғалардың ұлы­лық қасиетi көп болады. Қа­ра­сай тек iрi батыр ғана емес, айт­қаны дәл келетiн әулие көреген, бi­реуге қатты ренжiп, зiл тастаса, те­рiс бата берсе, қара жер қарс айырылғандай қара жамыл­татын арқалы, аруақты жан болған. Қар­тай­ған шағында шыбық мiнiп, ойнап жүрген бала Төленi өзi iз­деп барып, ақ батасын берген екен. Төле кейiн күллi Қазақ елi­нiң тiз­гiнiн ұстаған әз Төле би атан­ғаны белгiлi. Атақты да аруақ­ты, қасиеттi жандардың киесi, пiрi болады. Қарасай ба­­бамыздың жол­ға шығарда, ұрыс­қа аттанарда соңынан қызыл шұ­бар жол­ба­рысы бiрге ерiп жү­редi. Ол батыр­дың өзiне ғана көрiнiп, аян беретiн қасиеттi киесi, қыдырлы қызыры екен. Қарасай бабамыз бұл дүниеден өткен соң қызыл шұбар жолбарысы Төле биге, одан Сұ­раншы батырға, одан Сарыбай биге, кейiн Жамбыл атаға ерiптi, дейдi.

Ел арасында Қарасай батыр жайлы аңыз-әңгiме, деректер көп-ақ. Биыл туғанына 420 жыл толып отырған Қарасай батырдың ғұмыры мен елi үшiн iстеген ерлiгiн зерттеу, екшеу, тұғырлы өмiрiн қазiргi күн тұрғысынан зерделеу – бүгiнгi ұрпақтың асыл парызы...

Нағашыбек ҚАПАЛБЕКҰЛЫ, 

жазушы

АЛМАТЫ

Соңғы жаңалықтар

Ұлылар үндескен күн

Аймақтар • 18 Қазан, 2019

Футзал: Бүгін жеребе тартылады

Футбол • 18 Қазан, 2019

Күлкі керуені №4

Руханият • 18 Қазан, 2019

Қазақстанда 200 теңгелік тиын шығады

Қазақстан • 18 Қазан, 2019

Ең қысқа әңгіме. Ерғали Бақаш

Ең қысқа әңгіме • 18 Қазан, 2019

Ең қысқа әңгіме. Мақсат Мәлік

Ең қысқа әңгіме • 18 Қазан, 2019

Ең қысқа әңгіме. Есболат Айдабосын

Ең қысқа әңгіме • 18 Қазан, 2019

Ең қысқа әңгіме. Нәзира Жәрімбет

Ең қысқа әңгіме • 18 Қазан, 2019

Ең қысқа әңгіме. Алмаз Мырзахмет

Ең қысқа әңгіме • 18 Қазан, 2019

Ұқсас жаңалықтар