Спорт • 06 Қараша, 2018

Нижат Рахимов серпе көтеру жаттығуы бойынша кіші қола медальды иеленді

457 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Ашғабадта өтіп жатқан әлем чемпио­натында қазақстандық ауыр атлет Нижат Рахимов серпе көтеру жаттығуы бойынша кіші қола медальды иеленді. 

Нижат Рахимов серпе көтеру жаттығуы бойынша кіші қола медальды иеленді

73 кило салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен даңқты жерлесімізден біз бұдан да зор нәтиже күткен едік. Алайда Олимпия ойындары мен әлем чемпионатында топ жарған спортшымыз серпе көтеруде үшінші сатыға табан тірегенімен, қоссайыстың қорытындысы бойын­ша сегізінші орында қалып қойды. Оның нәтижесі – 337 (147+190) кило. Бұл салмақта Ши Джиюн шашасына шаң жұқтырмады. Қытайлық зілтемірші 360 (164+196) килолық көрсеткішпен бас жүлдені олжалады. Екінші және үшінші орындарға кореялық Жеангсик Вон мен белоруссиялық Вадим Лихорад жай­ғасты.

Әйелдер арасында 59 кило салмақта бақ сынаған Сәуле Сәдуақасова 11-орынды қанағат тұтты. Бұл тартыста Тайпей спортшысы озды. Рио Олимпиадасының күміс жүлдегері, әлем чемпионы және Азия ойындарының жеңімпазы деген атағы бар Го Синчжун ешкімге дес берген жоқ.

Ғалым СҮЛЕЙМЕН,
«Егемен Қазақстан»