Цифрландыру – қазіргі заман талабы
Елбасы салтанатты ашылу рәсіміндегі құттықтау сөзінде «Астана Хаб» ІТ-стартаптар халықаралық технологиялық паркін ресми түрде іске қосу шарасына қатысушыларға ризашылық білдірді.
– Сіздермен қонақжай әрі жас елордамыз – Астанада жүздескеніме қуаныштымын. Ашылу рәсіміне қатысып отырған Эстония Премьер-министрі Юри Ратас мырзаға және шетелдік қонақтардың бәріне алғыс білдіремін. Бұл шара төртінші өнеркәсіптік революция жағдайында Қазақстан үшін өзекті болып саналады, – деді Елбасы.
Қазақстан Президенті еліміз бен қоғамымызды одан әрі дамыту ісінде цифрландыру үдерісінің мәні зор екенін атап өтті.
– Интернет, жасанды интеллект, 3D-баспа технологиялары және блокчейн адамзат өмірінің бүкіл саласына белсенді түрде еніп келеді. Бұл – қазіргі заманның негізгі үрдісі. Цифрландыру мемлекеттердің дамуы мен бәсекеге қабілеттілігінің маңызды факторларының біріне айналды. Бүгінде әлемнің жетекші елдері, сондай-ақ олардың G-20 және Еуропа одағы сияқты бірлестіктері өздерінің цифрландыру жөніндегі стратегиялық құжаттарын қабылдады, – деді Мемлекет басшысы.
Нұрсұлтан Назарбаев еліміздегі цифрландыру бағдарламасының жүзеге асырылу үдерісі мен осы бағытта қол жеткізілген нәтижелерге арнайы тоқталды.
– Қазақстан – ТМД-да мемлекеттік қызмет көрсету ісін электронды форматқа көшіруді бірінші болып бастаған елдердің бірі. Былтыр Қазақстанның үшінші жаңғыруына қадам бастық. Нақты жетістіктеріміз де бар, – деді Елбасы.
Қазақстан Президенті «Астана Хаб» ІТ-стартаптар халықаралық технологиялық паркі қазіргі инновациялық экожүйенің өзегіне айналуға тиіс екенін айтты.
– Технопарктың жұмысына қатысушылар жеңілдетілген виза және еңбек режімдерін пайдалана алады, сондай-ақ оларға салық және басқа да жеңілдіктер беріледі. Технопарк базасында тәлімгерлік институты құрылды. Оның аясында сарапшылар стартап-командаларға қамқорлық жасайтын болады, – деді Мемлекет басшысы.
Сонымен қатар Нұрсұлтан Назарбаев ІТ-технологияларды дамытуға тартылған дарынды жастарды қолдау қажеттігіне назар аударды.
– Бізге ІТ-таланттардың жаңа буынын қалыптастыру керек. Басты мақсатымыз – ақылды әрі қабілетті балаларға көмек көрсету. Біз жеке бастамаларды, бағдарлама жасау мектептерін, роботтық техника мен кибер-спортқа қатысты спартакиадалар мен олимпиадаларды жан-жақты қолдаймыз. Жоғары оқу орындарында оқу бағдарламалары жаңартылды, – деді Қазақстан Президенті.
Сондай-ақ Елбасы Қазақстанда Бизнесті жебеушілер клубын (QazAngels),
Венчурлық капиталистер қауымдастығын және Бірлесе инвестициялау қорын құру мәселесі жөнінде айтты.
Қазақстанның тәжірибесін таңдаған
Мемлекет басшысы инновациялық жаңғырудың сүбелі жетістіктеріне кеңінен тоқталды. Атап айтқанда қазір халықтың 75 пайызы электронды денсаулық төлқұжаттарына ие. Мектептердің 90 пайыздан астамы цифрлы білім ресурстарымен қамтылған. Қаржы саласында кеден декларациялары 100 пайыз электронды нұсқада рәсімделуде. Бұрын бұл айтарлықтай проблемаға айналып, сырттан әкелінетін де, сыртқа шығарылатын да тауарларды рәсімдеу ұзақ уақыт алатын.
Экономиканың салаларында цифрлы технологияларды енгізудің кешенді шаралары қолға алынған. Кәсіпорындар кезең-кезеңімен «ақылды өндіріске» көшуде. Халықтың әл-ауқатын жақсарту мақсатында ірі қалаларда «смарт-сити» жүйесі енгізілуде. Еліміздің әр ауылына кең жолақты интернет желісі тартылуда. 2021 жылдың соңына таяу оның көрсеткіші 82 пайызға жетуі тиіс.
Бұл қол жеткен жетістіктердің соңы емес. Мәселен, Мемлекет басшысы 2019 жылдың қыркүйек айынан жаңа IT-университет жұмысын бастайтындығын айтты. Онда осы салаға қажетті мамандар даярланбақ. Ал Назарбаев Университет ғылыми-зерттеу бағытын сақтап қала бермек.
Міне, «Астана Хаб» алаңының ашылу салтанатында бұл жетістіктерден еліміздің қонақтарының да жақсы хабардар екендігіне көз жеткіздік. Атап айтқанда «Астана Хаб» ІТ-стартаптар халықаралық технологиялық паркінің ашылуына қатысқан Эстония премьер-министрі Юри Ратас, халықаралық ІТ-қоғамдастығының негізгі өкілдері, технология саласында танылған сарапшылар, ғалымдар, цифрлы әзірлемелер саласының мамандары, венчурлық инвесторлар Елбасының лебізін ықыласпен тыңдап, сөйлеген сөздерінде Қазақстанның цифрландыру саласындағы алғашқы жеңістерін үлгі ететіндіктерін айтты.
Юри Ратас Эстонияның біздің елімізбен инновация саласында қоян-қолтық жұмыс жасауға мүдделі екендігін жеткізді.
– Қазақстан өзінің экономикалық моделін жаңғырту мен әртараптандыру тұрғысында батыл қадамдар жасады. Оған шетелдік тікелей инвестициялардың жаңа түрлері тартылды. «Қазақстан-2050» Стратегиясында инвестицияларға, цифрландыруға басымдық берілген. Біз де Эстонияда осы бағытқа ұмтылыс жасап отырмыз, – деді Эстония үкіметінің басшысы.
«Астана Хаб» – инновациялық кластердің сенімді қанаты
Стартап академиясының менторы және кеңесші, стартап тақырыбы бойынша сатылымға ең көп шыққан кітаптың авторы Боб Дорф білікті маман ретінде кеңестерімен бөлісті.
– Мен соңғы он жылда стартап-жаттықтырушы ретінде әлемнің 25 мемлекетінде және Американың 25 штатында кездесу өткізген жан ретінде Астана тәрізді стартап жүйесін дамытуға ден қойып, қыруар күш жұмсаған жерді көрмегенімді ашық айта аламын. Енді жаңадан Google және Facebook ойлап табуға тырысудың қажеті жоқ. Оның орнына жастар энергиясы мен инвесторлар мүмкіндіктерінің өзара жақсы байланысын қамтамасыз етуге тырысу керек. Стартаптар еркіндікті жақсы көреді, осы орайда бұл салада салықтық еркіндік беру керек. Кейін олар Қазақстан экономикасына қомақты табыс алып келеді, – деді Б.Дорф.
Соңында Нұрсұлтан Назарбаев барша жұртты инновациялар мен цифрлы технологияларды дамыту ісіне белсене атсалысуға шақырып, бұл саланы ілгерілету үшін зор мүмкіндіктер бар екенін атап өтті.
Жалпы, Мемлекет басшысының бастамасы бойынша іске қосылған «Астана Хаб» паркі Назарбаев Университет және Астана халықаралық қаржы орталығымен бірге инновациялық кластерге кіреді.
Бастапқы есеп бойынша жобаланған «Астана Хаб» еліміздің стартап экожүйесін дамытудың негізгі драйверіне айналып үлгерді. Тек соңғы үш ай ішінде Хабтың аясында ғана
6 мыңдай адам қатысқан жүзден аса мамандандырылған іс-шара өткізілген. Хабтың өнімдерін 146 табысты стартап команда белсенді пайдалануда. Бүгінгі күннің өзінде 22 стартап акселераттау бағдарламасынан сәтті өткен. Ал келесі жылы 57 жоба шығарылып, 4,8 млрд теңге көлемінде жекеменшік инвестиция тартылмақ.
Серік ӘБДІБЕК,
«Егемен Қазақстан»