Эдуард ЛИНСМЕЙР, «Нью-Йорк Таймс». Орландода 3200 үйді қуатпен қамтамасыз ететін күн энергиясы өндіріледі. Суретте: қалалық стансадағы инженер көрсетілген.
Иван ПЕНН, «Нью-Йорк Таймс» – Орландо (АҚШ)
Мұның алғышарттарын қаланың әр жеріндегі жаңбырдың суын жинайтын мыңдаған құдықтардан көруге болады. Қалқымалы күн панельдері сумен бірге көтеріліп, қайта түседі және электр энергиясын стансаға жібереді.
Осындай мысалдарды қала көшелерінен де кездестіре аламыз. Электр тоғының орнына көше шамдарының үстінде күн панельдері қойылған. Шаһардағы 25 000 шамның 18 000-ға жуығы әлдеқашан өте тиімді сәуле шығаратын диодқа алмастырылған.
Тіпті балдырлы көлшіктер де маңызды рөл ойнауы мүмкін. Ресми өкілдер осында қаладағы электр стансалары мен көліктерден шығатын көмірқышқыл газын атмосфераға шығарудың орнына оларды жинайтын жүйені сынақтан өткізіп жатыр.
Орландо климат өзгеруінің әсерімен күресу үшін ерекше бағытты жетілдіріп келеді. Әсіресе федералды биліктің шегінген жерінде алға қадам басады. Орландо былтыр президент Дональд Трамп АҚШ-тың Париж келісімінен шығатынын мәлімдегеннен кейін климаттың жылынуына қарсы күресін тоқтатпайтынын мәлімдеген америкалық 300 қала мен облыстың қатарында.
«Біздер, қалалар бастамашы болуымыз қажет. Негізі билік осы жұмысты атқаруы қажет еді, бірақ олар қабылдаған әрбір шешімі арқылы кері кетіп бара жатқандай», дейді Орландо қаласының тұрақтылық жөніндегі директоры Крис Кастро.
Орландо 2050 жылға қарай қуат өндіру барысында көмірқышқыл газын шығармауды мақсат етіп отыр. Қала мэрі Бадди Дайер алға қойылған межеге жету үшін әлі де атқарылатын жұмыстың көп екенін атап өтеді. «Қоғам ретінде келешекке бағытымызды сәтті айқындадық. Меніңше, 100 пайыздық межеге жету үшін технологиялық тұрғыда да жаңашылдық қажет екенін мойындаймыз», дейді ол.
Күн астындағы штат ретінде танылған Флоридада күн қуатын тиімді пайдаланудың мүмкіндігі мол. 2020 жылға қарай Орландодағы тұтынылатын энергияның 8 пайызы күннен алынады деп жоспарланған.
Коммуналды қызмет 20 мегаватт күн энергиясын өндіретін құрылғы орнатты. Ол шамамен 3200 үйді жарықтандыруға жеткілікті. Сондай-ақ шаһардың 280 000-ға жуық тұрғыны қосымша 10 мегаватты үйлерінің шатырында орнатылған күн панельдері арқылы алады.
Ынталандыру ретінде үй иелері электр стансасына жіберген қуат көлеміне лайық жеңілдік алады. Қала билігі су тазалау орталығының бассейндерінде қалқымалы күн панельдерін орнатуға ниетті.
Алайда сарапшылардың айтуынша, күн энергиясы Орландоның 100 пайыздық межені бағындыруына көмектесе алмайды. Мұнда көмір жағудан бөлінетін улы газ жалпы көлемнің 47 пайызын құрайды. Орландоның күн және жел энергиясын қолдануды арттыруға талпынуы қуат жинағыш батареялардың маңыздылығын көрсетеді. Алайда олардың бағасы әлі де қымбат.
Сонымен қатар кейбіреулер электр стансаларына ғана көңіл бөлу жылыжай газы мәселесінің бір бөлігі ғана екенін айтып, сынға алады. 2017 жылы елдегі энергия тұтынудың үштен біріне жуығы электр тоғы индустриясына тиесілі болды. АҚШ Энергия ақпараты әкімшілігінің мәліметіне сай, көлік пен өнеркәсіп тұтынатын энергия жалпы көлемнің жартысын құраған.
Табиғи газ автобус жүйесін қамтамасыз етеді, қоқыс шығаратын көліктерде орнатылған гибрид қозғалтқыш бензин қолданысын азайтады (Полиция электрмен жүретін мотоциклдерге ауысты).
Орландоның көліктерге қызмет көрсету дүкенінде жанармайды араластырып, жүк көліктерінің паркін қамтамасыз ететін табиғи газ стансасы бар. Кешен пайдаланатын энергиясының 60 пайызын күн қуатынан алады.
Табиғатты қорғау өкілдері үдерісті бақылап отыр. «100 пайыз таза энергия тұтынуға шешім қабылдаған қоғамға 100 пайыз таза энергия тұтынуына жағдай жасалуы тиіс. Сондықтан көмір және газ жағатын ескі стансалардан бас тартуы керек», дейді Sierra Club-тың (қоршаған ортаны қорғау жөніндегі ұйым – А.А.) директоры лауазымын атқарушы Майкл Бруне. «Сондықтан елдегі қоғам көшбасшылары саясаткерлер мен станса басшылығын осы мақсатты жүзеге асыруға шақырады», дейді ол.
Мақсатқа жету жолындағы жасалатын осындай үдерістер әлі де көптеген қадамды қажет етеді. «100 пайыздық межеге жақындаған сайын алдан көптеген сынақ шығады. Келешекте 100 пайыздық нәтиже көрсету жолында қазіргіден де басқаша жағдайға куә болуымыз ықтимал», дейді Эд Смелофф. Ол Калифорниядағы көмірқышқыл газынан ада энергияны қолдайтын Vote Solar ұйымының өкілі.
© 2018 The New York Times News Service
Мақалаларды аударған
Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ,
Светлана Ғалымжанқызы,
«Егемен Қазақстан»