Биылғы жылдың екінші тоқсанында Алматыға келген туристер саны 503 мыңға жетті. Бұл былтырғымен салыстырғанда 7% артық. Әсіресе Ресейден келетін туристер саны басым, бұл көрсеткіш 102 мыңға жетті. Кейінгі орындарда Қытай (32 000) мен Өзбекстан (24 000) тұр. Сондай-ақ Түркия мен Үндістаннан келіп жатқан туристер легі бар.
Ал Visit Almaty туристік ақпараттық орталығының директоры Едіге Марғұланның айтуынша, хаб ішкі туризм түрлерін мейлінше сапалы деңгейге көтеруге мүмкіндік береді, туристер ағылып келетін орталықты құрып, өңірдің тартымдылығын арттырады, бүкіл әлемге танымал болатын мәдени кодты қалыптастырмақ.
Сонымен қаладағы әмбебап туристік хаб туристерге шаһардың көрікті жерлері жайлы толыққанды ақпарат бере алады әрі туристердің қатарын толықтыра түсетін қала қонақтары мен тұрғындарына қолжетімді бағыттар туралы жол сілтеп, естелік кәдесыйлар сатып алу мен демалысты ойдағыдай өткізуге мүмкіндігін береді. Хаб қаланың қақ ортасында, тоғыз жолдың торабында орналасқан, оған мегаполистің кез келген жерінен оп-оңай жетуге болады.
Алматыдағы алғашқы туристік хаб ашылмай тұрып, оған қала әкімі Бауыржан Байбек келіп, орталықтың жай-жапсарымен танысты.
Өз кезегінде Алматы қалалық Туризм және сыртқы байланыстар басқармасының басшысы Мақсат Кикимов алдағы жылы алғаш рет 2023 жылға дейінгі туризмді дамыту жөніндегі мемлекеттік бағдарлама әзірленетіндігін айта келе: «Бағдарламаның негізгі мақсаты – туризмнің ІЖӨ-дегі үлесін 8 пайызға дейін жеткізу. Бүгінде бұл көрсеткіш Алматыда 1,5 пайызды құрайды. Алматы қаласы әкімінің бастамасымен құрылған туристік хаб мемлекеттік бағдарламадағы мақсаттарға қол жеткізуге жағдай жасайды», дейді.
Туристік хабтың салтанатты ашылу рәсімінде қолөнершілердің «Қазақ өнері» орталығы ұлттық материалдардан әзірленген кәдесыйларды көрсетті. Ал туристік агенттіктер Алматының көрікті орындарына саяхаттауға арналған экскурсиялар мен эксклюзивті турларды ұсынды.
Айнаш ЕСАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ