Нұрлан – Ресей Суретшілер одағының мүшесі. Мектепте жүргенде сурет салуға деген әуестігі балалық құштарлыққа ұласып, Петропавл өнер колледжін бітіреді. Бекзат өнерге деген ерекше ықылас-пейілінің арқасында Новосібір сәулет академиясын аяқтап, шекаралық аймақта тұрақтап қалады. Жырақта жүрсе де, ол үшін шыр етіп дүниеге келген туған жердің орны бөлек, ыстық. Атамекенге деген перзенттік ыстық сезімін, бала махаббатын шығармаларында шабыттана бейнелеп, бірқыдыру портреттік, сюжеттік топтамалар арнапты. Әр туындысынан өзіндік өрнек, ұлттық нақыш, сырлы сезім анық аңғарылады. Тақырып аясы да кең, сан алуан.
Өзіндік стилі қалыптасқан өнер иесі қызылжарлықтарға бірнеше циклдан тұратын «Бейне мен түс» атты суреттер топтамасын ұсынды. Байырғы кезең мен қазіргі құбылмалы заманның сан қатпарлы құбылыстары мен тылсым сырларын, рухани ұқсастықтары мен айырмашылықтарын тамаша үндестіре де, шендестіре де білетін Нұрлан өзара үйлесім тапқан түрлі-түсті бояулар арқылы сурет әлеміне терең бойлайды, образдар галереясын жасайды.
Ал кемел суретшінің грек мифологиясына қалам тартқан суреттер жиынтығы – өзгеше бір әлем. Антикалық дәуірдің жұмбақ әлемін өте нанымды көрсете білгені соншалық, «Орфейдің ажалы» картинасы бірнеше мәнерде бейнеленіп, ұшқыр қиял еркін қанат қағады, көк әлемін кезеді. Шалқар шабыт, талант тағылымы деген осы болар!
Талғампаздығы, ізденімпаздығы, ой көкжиегінің кеңдігі, әдемілікті, сұлулықты әспеттеуді әр бояу арқылы ұқтырады десек, артық айтқандық болмас.
– Мына суретті салу идеясы аяқасты туды. Трамвайда жаныма бір әдемі келіншек отырды. Құдды мектеп оқушысы секілді. Әлеуметтік желіге бүкіл ақыл-есімен, ой-санасымен берілгені соншалық, өзін де, өзгелерді де мүлдем ұмытты. Қашан аялдамаға жеткенше оның бар қимылын көз қырыммен бағып отырдым. Смартфондар адам өмірінің айнымас бір бөлшегіне айналып бара ма деген сұмдық қауіп, әлдебір белгісіздік күш тұла-бойымды тұмшалап алды. Оның түсініп болмас бұл әрекеті жалған дүниеден мүлдем бөлектеніп, жаны да, тәні де өзге ғаламда жүргендей күй кештірді, – дейді Н.Тайыров.
Осы іспеттес картиналар абстрактілі, стихиялы, шым-шытырық сызықтар мен кескіндемелер құрандысы іспетті көрінгенімен, түпқазығы ауыр ойларға, салмақты сұрақтарға жетелейді.
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
Солтүстік Қазақстан облысы