Жақында «Hertfordshire Press» британдық баспа үйі Сәуле Досжанның «The tragedy of a bastard» және «My own strange heart» атты үздік новеллалары енген проза жинағының ағылшын тіліндегі нұсқасын Халықаралық «Букер» әдеби сыйлығына ұсынды. Жазушының шығармалар жинағын ағылшын тіліне Елден Сарыбай тәржімалады. Бұл аса беделді әдеби сыйлықтың шорт-парағына ілінген жеті үміткердің әрқайсысы 1000 фунт-стерлинг көлемінде сыйақы алады. Халықаралық Букер сыйлығының шорт-парағына ілінген қаламгерлердің тізімі әлі жария болған жоқ. Бірақ әлем оқырмандары беделді сыйлықтың финалистері кімдер болуы мүмкін деп, өз жорамалдарын да ұсынып үлгерген.
Айта кетейік, жеңімпаз кітапқа 50 мың фунт-стерлинг көлемінде сыйақы беріліп, бұл сома автор мен аудармашыға тең бөлінеді.
Жазушының бұрын ешқайда жарық көрмеген «The tragedy of a bastard» («Көрдемшенің қасіреті») хикаяты британдық рецензенттер тарапынан жақсы пікірге ие болған. Танымал әдеби сыншы Кэролайн Уолтон «Our dear ancestors said honour is more valuable than life» («Біздің қасиетті бабаларымыз өмірден де қымбат – ар екенін айтып өткен») рецензиясында «Көрдемшенің қасіреті» хикаятының идеясы терең екенін атап өтеді. Хикаят жеті атадан қан араластырмау салтын ұстанып келген текті халық ұрпақтарының ұсақталып, азып бара жатқаны туралы ұлт тағдырына қатысты үлкен проблеманы көтереді.
Мөлдір қыз бен Нұржан атты некесіз туған жас жігіттің махаббаты сыналар алаңда – салт-дәстүр, отбасы құндылықтарына байланысты күрмеуі қиын мәселелер, басы ашық дау мен ұзаққа созылып, шығарма аяқталғанда да соңғы нүктесі қойылмаған тартысқа толы екі отбасының өз іші, ошақ басы.
Хикаяттағы проблема – «көрдемше бала» – Нұржанның анасы Мәрзияның «отызды орталағанша оң жақта отырып қалуынан» туындайды.
«Көрдемшенің қасіретінен» басқа Сәуле Досжан шетелдік оқырманға өзінің ерекше туындысы «My own strange heart» («Өгей жүрек») шығармасын да ұсынған. Бұл – Қазақстанда алғаш рет жүрек алмастыру отасын жасаған хирург дәрігер – Юрий Пя мен ауру Жәнібек Оспановтың басынан өткен оқиғаға құрылған дүние. Бұл шығарма Қазақстан медицинасының жеткен жетістігін сөз етеді. Оқиға өте тартысты өрбитіндіктен оқырманды бірден баурап алады.
Сәуле Досжан есімі көзі қарақты оқырманға жақсы таныс, ол – бірнеше кітаптың авторы, белгілі ақын, жазушы. Халықаралық әйел жазушылар гильдиясының (International Women Writing Guild) және Еуразия шығармашылық гильдиясының (ECG) мүшесі.
Сәуле Досжан Швецияның Стокгольм қаласында өткен «Open Eurasian Literature Festival and Book Forum-2017» байқауында жүлделі ІІІ орынды иеленген.
Анар ҚАБЫЛҚАҚ,
әдебиеттанушы