Әдебиет • 09 Қараша, 2018

Алматыда Күлия Айдарбекованың «Әкеге құрмет» кітабы  таныстырылды

1529 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Алматыда журналист, жазушы  Күлия Айдарбекованың «Әкеге құрмет» кітабы  таныстырылды

Алматыда Күлия Айдарбекованың «Әкеге құрмет» кітабы  таныстырылды

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Ғабит Мүсірепов атындағы әдеби сыйлықтың иегері,  мәдениет қайраткері, журналист, жазушы Күлия Айдарбекованың «Әкеге құрмет» прозалық кітабының таныстырылымы өтті.   

Оңтүстік Қазақстан облысының Аққұм ауылында туып-өскен Күлия Айдарбекова бүгінде «Отырар» өңірлік ғылыми-әмбебап кітапханасының директоры болып қызмет етіп келеді. Оқырмандар ортасында кітап қадірін арттыруды насихаттауды күнделікті жұмысының бір бөлшегіне айналдырған  кітап жанашырының бастамасымен «Ұлысымның ұйытқысы Оңтүстік», «Жасампаздыққа толы жиырма жыл», «Өз елім - Қазақстаным, «Оңтүстік Қазақстанның жаңа келбеті», «Ырыс алды ынтымақ», «Ата жұртты аңсау», «Елбасы Оңтүстік Қазақстанда», «Қазақстанға ыстық ықыласпен», «Оңтүстік Қазақстан облысының табиғаты», «Оңтүстік Қазақстанның мәдени ескерткіштері», «Дәстүр бізден басталды», «Өркендеген көркемдеген Оңтүстік» кітаптары оқырманға жол тартқан.

Жеңістің 70 жылдығына орай «Естелік кітап Оңтүстік Қазақстаннан  шыққан батырлар», «Ұлы Отан соғысына қатысқан Оңтүстік Қазақстандық жауынгерлердің Естелік кітабы» және «Ұлы Дала өсиеті» сияқты кітаптары да кітапханалар сөресіне қойылған. Ал  драматургия саласындағы тырнақалды туындысы «Жамандыққа -жақсылық» қойылымы «Ашық алаң» республикалық тəуелсіз театрлар фестиваліне қатысып «Үміт» номинациясын жеңіп алды.

Оқырмандар ортасына жаңа таныстырылып отырған «Әкеге құрмет» кітабы  тәуелсіздік жылдарындағы қазақ прозасында өз айтары бар, ұлттық  идеяны танытатын шығарма, кітап ата-ана мен перзент арасындағы қырым-қатынастардың тәрбиелік мәнін ашып, оқырман жүрегіне ізгілік дәнін себеді деген пікірлерімен бөлісті шараға қатысушылар.

Іс-шараға белгілі қоғам және мәдениет қайраткерлері, БАҚ өкілдері мен студенттер  қатысты.

Эльвира СЕРІКҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ