13 Қараша, 2018

Үкімет сағатында өрт мәселесі қаралды

382 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Мәжілісте палата Төрағасының орынбасары Владимир Божконың төрағалығымен өткен Үкімет сағаты еліміздегі өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етудің жай-күйі мен шараларына арналды. Депутаттар алдында тақырып бойынша баяндама жасаған Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов тілсіз жаудың алдын алу мен салдарын жоюға байланысты ақпарат берді.

Үкімет сағатында өрт мәселесі қаралды

Отырысты ашқан В.Божко алдымен Мемлекет басшысының биылғы Жолдауында халықтың әл-ауқаты мен өмір сапасын көтеруге тапсырма берілгендігін атап өтті. Оның ішінде тұрғын­дардың қауіпсіздігі мен тыныш­тығы алдыңғы қатарға шығады. 

Ал негізгі баяндамашы, Іш­кі істер министрі Қ.Қасымов депу­таттарға елімізде өрт мәсе­лесі күрделі жағдайда тұрған­дығын жеткізді. Оның сөзіне қара­ғанда, өрттің алдын алуға байла­нысты мемлекеттік өртке қарсы қызметтің және жергілік­ті атқарушы органдардың қабыл­дап жатқан шаралары көңіл көн­шітерлік нәтиже бермей келеді. Оған мына сандар дәлел – ел аумағында жыл сайын 15 мыңнан аса өрт оқиғасы тіркелуде. 

– 2015 жылдан бүгінге дейін өрттен 3319 адам зардап шекті, оның ішінде 1410 адам көз жұм­ды. Тікелей өрттен келген мате­риалдық шығын 12 млрд теңгені құрады, – деді Қ. Қасымов.

Министрдің айтуынша, Ал­маты, Шығыс Қазақстан, Қара­ғанды және Қостанай облыс­тарында өрт жиі орын алады. Алайда, өрттің басым бөлігі мем­лекеттік өртке қарсы қызметтің бақылауымен қамтылмаған салаларда тіркеліп отыр. Дәлірек айтқанда, жеке тұрғын үй секторы, көлік, орман және дала өрттерінің алдын алу оңайға соқпай келеді. 

– Қазіргі кезде өрттің 70 пайызына жуығы тұрғын үй секторында болады. Оған қауіпсіздікке тиісті деңгейде көңіл бөлмеу, электр құрылғылардың, пеш­тер­дің ақаулығы, сондай-ақ бала­лардың отпен ойнауы себеп болып жатады, – деді министр. 

Ресми деректерге қарағанда, өткен үш жылда екі мыңнан аса табиғи өрт тіркеліп, мыңдаған гектар жер алқабын өрт шалған. Ал орманды алқаптарға келтірілген шығын 674 млн теңгеге жеткен. Осы өрттердің салдарынан 17 адам қаза тауып, тағы он бірін күйік шалған. 

Осы орайда, Қ.Қасымов Ауыл шаруашылығы министрлігі, орман шаруашылығы, жергілікті атқарушы органдар құзыретіндегі орманды жерлерді тілсіз жаудан қорғау деңгейі әлі де төмен екеніне назар аударды. 

Сонымен қатар Ішкі істер министрі Ресейдің Кемеров қала­сындағы едәуір адам шығыны болған алапат өрттен кейін еліміздегі сауда-ойын-сауық нысандарында өрт қауіпсіздігі талаптарының сақталуына байланысты кешенді тексерулер жүр­гізілгендігін де атап өтті. Үш ай ішінде өртке қарсы күрес қызме­тінің назарына іліккен 1240 сауда нысанынан 15 мыңнан аса ереже бұзушылықтар анықталған. Бұл кемшіліктерге жауапты тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылып, айыппұлдар салынған. 

Аталған саланың өзге жетістіктері мен кемшіліктерін қосымша баяндамашы, Мәжіліс депу­таты Нұрлан Әбдіров те жіпке ті­з­гендей етіп айтып берді. Депу­таттың деректеріне қарағанда, биыл тексеру кезінде 31 мың ны­санда 107 мыңнан астам ере­же бұзушылық анықталған. Ал өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету – бұл кәсіпкерлік нысандары­ның, әсіресе адамдар көп шоғыр­ланатын орындардың меншік иелерінің тікелей міндеті. Алайда меншік иелерінің барлығы бірдей тиісті шараларды қабылдай бер­мейді. Бұл жерде қайта ұйымдас­тырылған немесе атауын өзгерт­кен субъектілерге қатысты проку­ра­тура органдарымен келісу бо­йынша тексерулердің жартыжыл­дық кестесін түзету маңызды. 

Н. Әбдіров өз сөзінде өрт қа­уіп­сіздігі саласындағы заңнаманы одан әрі жетілдіру қажеттілігіне тоқталды. 

– 2014 жылы қабылданған «Азаматтық қорғау туралы» Заң төтенше жағдайларға қарсы іс-қимыл саласындағы алты заң­намалық актіні біріктіріп, жүйеге келтірді. Бұл апаттарға қарсы іс-қимыл жасаудың ұзақ мерзімді перспективаға есептелген жаңа идеологиясын жасап, іске асыруға мүмкіндік берді. 2009 жылдан бастап Республиканың бақылау және қадағалау саласындағы заңнамасы реформаланды. Соны­мен бірге кәсіпкерлік қызметті ырықтандыру ісі өрт қауіпсіздігі саласындағы келеңсіз салдарды туындата бастады деп халық шағымдануда. Бүгінгі таңда өрт қауіпсіздігі саласындағы мемлекеттік бақылауда есепте тұрған нысандардың барлық 142 мыңының 20 пайызы ғана тексерілуде, – деді қосымша баян­дамашы. 
Н.Әбдіров келтірген аса ма­ңыз­ды мәселелердің бірі өртке қар­­сы қызметтің техникалық жа­­ра­қ­тандырылуына қатысты болды. 

– Өртке қарсы қызмет бө­лім­­шелерін қазіргі заманауи тех­никамен, жабдықтармен және өрт сөндіру-техникалық құрыл­ғыларымен жарақтандыру – осы қызметтің басымдықтарының бірі. Алайда, қазіргі уақытта техника бірлігінің әрбір бесіншісі ұзақ уақыт пайдаланғандықтан өрт сөндіруге дайын емес. Ерікті өрт­ке қарсы құрылымдардың жарақ­тан­дырылу дәрежесі небәрі 31 па­йызды құрайды, – деді депутат. 

Осы арада Мәжіліс Төраға­сының орынбасары келтірген мына бір дерек те құнды. В.Божко осы техникалық жарақтылықтың нашар деңгейіне қарамастан, 2017 жылы өрт сөндіру машиналарын алуға республикалық бюджеттен бір тиын да бөлінбегендігіне назар аударды.

Депутаттар соңғы бес жылда өрт сөндірулер кезінде 6 өрт сөндірушінің қаза тауып, тағы 78 қызметкердің жараланғандығын да айтты. Осыған қарамастан, өрт сөндірушілердің еңбекақылары өзге күштік құрылымдардың қызметкерлерінің жалақысынан төмен болып отыр. 

Отырыс барысында Мәжіліс депутаттары баяндамашы мен оты­рысқа шақырылған мемлекеттік органдар басшыларының алдына бірқатар өзекті мәселелер қойды. Үкімет сағатының қорытындысы бойынша мемлекеттік органдарға еліміздегі өрт қауіпсіздігін қам­тамасыз ету жөнінде ұсынымдар әзірленді.

Серік ӘБДІБЕК,

«Егемен Қазақстан»