Аталған басылымда Торғайдың жер үстіндегі ең жұмбақ және ғажайып құрылыстары туралы көп жылғы зерттеу материалдары жарияланған. Ондаған жылдар бойы космотүсірілім көмегімен зерттеп, грек тілінен аударғанда жер бетіне бедерлі тәсілмен жасалған сурет мағынасын білдіретін 95 геоглифтер табылған. Аталған шығарылымда 69 нысан зерттеліп, ұсынылған.
«Торғай геоглифтері туралы қазір көп айтылып, көп жазылып жүр. Алайда оның барлығы да танымдық тұрғыда. Кітапта осы табылған геоглифтерге барынша ғылыми, кәсіби тұрғыдан келуге ұмтылдық. Олардың космостан түсірілген суреттері берілді», дейді музей директорының орынбасары Галина Саталкина.
Бір қызығы, кітапта бұл Торғай сызықтары туралы ақпарат 1909 жылы 9 қазанда Орынбор ғылыми архив комиссиясының жалпы жиналысында айтылғаны туралы тың дерек те кездеседі.
Нәзира Жәрімбет,
«Егемен Қазақстан»
Қостанай