Ресей тарихында сол кездегі ұғым бойынша, мемлекеттік ғылым мен саясат әлемі дүниеге Ленин сынды бұрын-соңды болып көрмеген және қайталанбас ғұламаны берсе, әдебиет әлемінде тақылеті ерекше, құпиясы мол, терең ойлы, бір ғасыр мен бір ғасырдың арасын жалғастырып тұрған алып көпірдей бір құдіретті тұлға болды, ол тұлға – Алексей Максимович Горький. Өткен тарих болған соң жүзеге асуы оп-оңай боп көрінген социалистік реализмнің негізін өз қолымен, жалғыз қалаған да осы ұлы тұлға еді. Ол социалистік реализм негізін ХІХ ғасырдың аяғы, ХХ ғасырдың бас кезінде-ақ дүниеге алып келді. Ол өмір есігін Алексей Пешков боп ашып, Игудиил Хламида боп жалғастырып, Максим Горький боп мәңгіге қалды. Бір ғұмырында бір адам жалғыз есімін тарихқа жазып кете алмай жатқанда, ол осы үш атты да дүниеге мәшһүр етіп кетті.
Бұл тұлғаны да түсіндім, түгел зерттеп болдым деп ойлауға, сірә, болмас. Жалпы, дүниедегі әрбір жай жүрген адамның өзі құпия екенін ескерсек, Горький сынды екі ғасыр философиясы мен психологиясын, мінездері мен жан дүниесін бойына түгел сіңіріп, сол бойға сіңірген қасиеттерін байыпты ой мен ақылдың салиқалы сарабынан, қан мен жүректің бұлқынған темпераментінен суара біліп, оны үлкен шеберлікпен қағаз бетіне түсіре алған адамның суреткерлік сыры бізден кейінгі ұрпаққа да тылсым боп қала бермекші.
«...Жазушы пайғамбар боп туылуы керек» деген тұжырым жасағанда Максим Горький отызда ғана еді, яғни 1898 жылы болатын. Бұл тұжырымның батылдығы мен тереңдігі соншалық, алғаш естігенде зәрең кетеді. Ақылың мен санаң шартарапты шарлап, өзіңнен де, өзге замандастарыңнан да пайғамбарлықтың нышандарын таба алмай, Абай айтқан «адасқан күшіктей» ұлып кеп өз тәніңді қайта табады. «Қалай пайғамбар болу керек? – дейсің діңкең құрып. – Қалай? Ол кісінің жазушы байғұстың алдына орындалмайтын талап қойғаны несі? Осы замандағы адамдар пайғамбарды қажет ете қояр ма екен? Қажет еткен күнде, бір Қазақстанда ғана ресми 850 жазушы бар, егер солардың бәрі пайғамбар болса... Құдай сақтасын, бұл деген пайғамбарлардың бүтін бір армиясы ғой! Әлде, ол әр заманда бір рет қана туылатын нағыз жазушыны айтып отыр ма? Әлде «әдеби шығарма атаулыға бұдан былай бір тиын да ақша төленбейді» деген шешімнен кейін де ақыл-ойын сарып қып, денсаулығын да ойламай, қағаздан бас көтермеуге дайын боп туған «әпенде-жазушыны» мегзеді ме екен? «Пайғамбар боп туылу керек!..» Өзі ше? Бұл сұраққа нақты бірден жауап беру мүмкін емес. Оған Горькийдің бүкіл тіршілігі, тындырған ісі, әлемдік әдебиеттегі тым асқақ тұлғасы, оған деген барша ұлт пен нәсілдің, әртүрлі наным мен таным өкілдерінің жаппай сүйіспеншілігі жақсы дәлел болар.
1898 жылы, яғни өзінің әйгілі «Жазушы пайғамбар боп туылуы керек» деп тұжырым жасаған жылдың көктемінде оның алғашқы кітабы жарық көрді. Сол кітап оған бүкілресейлік атақ алып келді. Замандастарының айтуы бойынша «үлкен даңққа бір-ақ аттам қалып еді». Әдебиеттің алтын бесігі болған он тоғызыншы ғасыр соңғы екі жылда келесі ғасырдың қамын ойлап, оған ең соңғы ұлы перзенттерінің бірін сыйға тартты... Сөйтіп ол перзент халыққа қызмет етуде екі ғасыр даналығы мен тәжірибесінің «қарапайым көпірі» (Л.Леонов) болып қалыптасты. Өзінің алғашқы кітабымен-ақ дүниежүзілік даңққа қол созған адам жиырмасыншы ғасырда отыз алты жыл өмір сүрді. Бұл отыз алты жылдың әр жылы, әр күні жеміске де, жеңіске де толы болды. Еуропалық, дүниежүзілік ой мен образдар қорына «Ана», «Фома Гордеев», «Клим Самгиннің өмірі» романдары мен «Шыңырауда», «Күн балалары», «Жаулар», «Тоғышарлар», «Васса Железнова» секілді мазмұны терең, көркемдігі биік драмалар кеп қосылды. Горькийдің біз көріп, біз танып жүрген әдебиеттегі бейнесі мұхиттағы көшіп жүрген айсбергке көбірек ұқсайды. Жалпы, оның адамдық, суреткерлік образы тек жазушылық қана шеңберде қаралмай, өмірдің барлық спектрлерінен қарағанда ғана толық ашылмақ. Оның қаламынан туған көркем шығармаларынан басқа «Горький оқыған», «Горький пікір айтқан» деген кітап пен кітап боп шықпаған қолжазбалардың өзін тізіп отырсаң, бір адамның ғұмырына жетерліктей. Біздің Иван Шуховтың да қолжазбасы оның назарынан тыс қалмапты. Ал кеңес жазушыларының алғашқы одағын құрып, алғашқы съезін өткізіп, алғашқы баяндамасын жасап, аяғынан қаз тұрып келе жатқан басқа ұлттардың да әдебиетін қамқорлыққа алу, ол әдебиеттер жайлы ұлағатты пікір айту да бір адамның бір ғұмырына аз жүк болмас еді.
1936 жылы Горький мәңгілік көз жұмды. Оның тәні ғана арамыздан кетіп, рухы мен ойы келер ұрпақтарға мұра боп қалды. Оның мәңгілікке аттанғанына биыл сексен екі жылдан асты.
Менің құрдастарым «дүниеге еңбектеп келгенде, ол әлдеқашан шалқалап үйден шығып кеткен» екен. Ол көз жұмғанда бүкіл ел аза тұтса, сол азаның ішінде қазақ халқының даусы қаттырақ шыққанына күмәнім жоқ. Өйткені жақсыға жаттығы жоқ қазақ өзгенің жақсылығына қашан да баладай қуанып, өзгенің қайғысына өз қайғысындай қайысқан. Өзге ұлттың ұлы өкілдерін өз ұлындай көріп, оны қазақ деп санаған. Сондықтан да ақ-қарасын, түп-төркінін танымай жатып, қисыны келмей тұрса да өз перзенттеріне жат та болса жақын боп кеткен басқа ұлт өкілдерінің есімін берген. Қазақта «Мақсым» боп жүрген көп азаматтар Волга бойының ұлы жазушысына деген құрметтің белгісі болса керек.
Совет әдебиетінің барлық игі дәстүрі Горький есімімен тығыз байланысты. Социалистік реализм әдісі, сондағы жаңашыл рух, революциялық дәстүр, бәрі-бәрі де Горькийден бастау алады. Біз бәріміз «Горькийдің шинелінен шыққанбыз», сондықтан кеңес әдебиетінің Горькийді оқып өскен буыны оған мәңгі қарыздар.
Бұл күндері ұлы жазушы рухына риза халқы оның қабірінің басына тынбай ағылуда. Ол өмір сүрген уақыт пен қабір басына барып бас иіп тұрған кезекті ұрпақтың арасын уақыт кеңістігі ұзартқан сайын оған деген махаббат, оған деген құрмет молая бермек. Сөйтіп әдебиет табалдырығын аттап басқан жылы өзі айтқан: «Жазушы пайғамбар боп туылуы керек» деген орындалмас талаптың шыңына жападан-жалғыз көтеріле бермек. Бірінен бірінің артық екенін мойындау қолына қалам ұстап, бір нәрсе тындырып жүрмін деп ойлаған үлкенді-кішілі жазушы атаулыға, әрине ауыр да қиын. Қиналдың, қимадың деп іштей қынжылыс білдіргендерді сөгуге де болмас, өйткені олардың әрқайсысы өз әлінше шыңға ұмтылып келеді ғой, сол жолда сарапшыл мінез көрінсе ол мінездің түп-төркінін де түсінуге болар. Әйтсе де, бәріміз Горький шыңына қарағанда, қызғаныштан гөрі күлімсіреп өз бойымыздағы міндерден арылудың жолын ойлаңқырап тұрып қарағанымыз ғанибет сияқты.
Өмірінің соңғы кезеңінде замандастары әзіл-шынын араластырып, оны мекеме деп атаған екен. Бұл сөзде Горький бейнесін, оның болмысын тап басқан теңеу бар. Оның әдебиеттегі, қоғамдық өмірдегі, саясаттағы, күнделікті тіршіліктегі қарекетін жақсы білетін кісі оның шын мәнінде жеке адамнан гөрі бүтін бір мекемеге ұқсайтынын жақсы түсінер еді. Бәрін былай қойғанда, алыстағы қазақ әдебиеті жайлы аталы сөз айтып, оның І.Жансүгіров, Ғ.Мүсірепов, С. Мұқанов секілді өкілдерімен тығыз қарым-қатынаста болуының өзі оның ұлыға тән қарапайым екенін танытпай ма?
Кеңес әдебиетінің аса көрнекті өкілі, философиядағы публицист, жазу мен ойлаудағы стилист Леонид Леонов Горькийдің 100 жылдығында сөйлеген сөзінде оның болмысы жайлы мынадай шағын портрет жасаған еді: «...Менің жанымда адам бойындағы басты мінездер мен қасиеттердің тарлан төрешісі, ұлы ұранмен алға ұмтылған екі ұрпақтың елшісі тұр еді. Ол табиғатынан ұлы ұстаз боп мына ғасырдағы бүтін бір ұрпақтың азаматтық өсиет сөзін өз қолымен жазып, монархтарды талқан етіп, сөзбен айтып жеткізе алмас терең ой, шексіз парасатымен күні ертең Жер деп аталатын алып шардың қожасы боп тұра қалу үшін жаратылғандай кең иықты, алып денелі, айта беретін асыл тұқымды, жаны елгезек Новгород перзенті еді. Ол алып тұлғаны Төменгі – Новгород, қасиетті Еділ бойы тарих өзенінің арынды бір тасқыны тұсында егіздің сыңарындай ғып ұлы Ленинмен бірге біздің жағалауға тарту еткен-ді».
Әдебиеттегі алғашқы адымын отыз жасында бастаған Алексей Пешков отыз сегіз жасында тұлпар шабыс ашты. Оның дүбірі іргеде жатқан кішкентай Дат елінен бастап, арғы жағы Америка мен Англияны түгел дүрліктірді. Қырыққа жетер-жетпес шағында ол дүниежүзілік әдебиеттің майталмандары – Р.Роллан, Г.Уэллс, К.Гамсун, С.Цвейгтердің қатарынан қысылып-қымтырылмай еркін орын алды. Ал бүгінгі таңда ол тек орыс халқының емес, адамзаттың ортақ мақтанышына айналып отыр.
Сол Л.Леоновтың сөзімен айтқанда, ол өткен ғасырдан бізге көпір боп жетіп, қалам мен жазушылық қуатын халыққа қызмет етуге жұмсаудың, шығармашылық ойды мемлекет экономикасын көтеруге арнаудың негізін салып, үлгісін көрсетіп берді.
1898 жылы Ресей Толстойдың 70 жылдығын тойлап жатты. Нижгород театрында Толстой пьесаларынан жекелеген көріністер, прозалық шығармаларынан әртүрлі эпизодтар көрсетілді. Сол кезде Толстойды Шекспир, Сервантес, Данте, Гетенің қатарында бағалаған Горький, қарапайым халықтан гөрі шалағай интеллигенцияның, яғни ақсүйектердің тоғышарлығына қатты налыған еді. Ол әдебиетті жасайтын жекелеген адамдар болғанымен, оны тудыратын – халық, халықтың жалпы талғам дәрежесі деп білді. Шынында да, әр халықтың өзіне лайық патшасы болатыны сияқты, әр елдің де өзіне сай жазушысы болады емес пе? Ұлы жазушы деп танып отырған адамның ой-өрісі мен болмысына қарап, сол жазушы шыққан халықтың рухани және мәдени деңгейін тануға болады. Оқушысының санасы мен деңгейі көтерілмеген елде дүниежүзілік атқа лайық жазушының жеке дара тууы неғайбыл.
Горький дәлізде сөйлескен адамдардың ой-өрісіне қатты қынжылып, ашына жазды.
«Қыз бен жігіт сөйлесіп тұр. Түрлеріне қарағанда көпестер әулетінен болса керек.
– Граф Толстойдың арғы тегі шаруа ма еді?
– Ж-жоқ, меніңше, ол... помещик болса керек.
– Онда оның өзі неге шөп шауып, жер жыртады?
– Ә... не істерін білмей еріккеннен ғой. Бәлкім, кедейліктен де шығар»...
Шыға берісте қарны жуан екі мырза сөйлесіп тұр.
– Түсінсем бұйырмасын, – деді біреуі басын шайқап. – Толстой болса төрде отыр, ал Россия залда түрегеп тұр. Оның төңірегіндегі топырлап отырғандар кімдер соншама?
– Графтың туған-туысқандары, немере-шөберелері мен ағайындары шығар...
– Неге олардың бәрі Толстойдың шығармасы жайлы айта береді?
– Енді... туысқандары болғасын...
Тағы бір ақсүйек еркек пен әйелдің әңгімесі.
– Оркестр неге «Крейцер сонатасын» орындамады екен?
– Соған менің де басым жетпей тұр. Ешқашан кешірілмес қателік. Меніңше, өзінің «Крейцер сонатасын» Толстой Крейцердің музыкасына жазғанын Собольщиков кешті жүргізуші әрі дирижер ұмытып кетті ғой деймін.
– Қойыңыз, өйтіп шатастырмаңыз, – деп дауыс көтерді әйел. – Толстойдың «Крейцер сонатасының» сөзіне музыка жазған Бетховен емес пе?».
Әдебиетті көгертпейтін мұндай тоғышарлардың өзі өмір сүріп жатқан кезде ғана емес, күні бүгінге дейін бар екенін, молдау екенін Горький байғұс білмей өтті-ау!
Уақыт өтер, желдей есіп жылдар да жылжи берер. Жаңа мемлекеттер пайда болып, жаңа материктер ашылар, біздерге ұқсамайтын, бізбен келіспейтін жаңа ұрпақтар да өмір сүрер. Бірақ ұрпақ пен жаңа дәуірдің қандай талабына болмасын жауап берер, төтеп берер ірі тұлғаларға біздің кезеңіміз кедей емес. Сол ірі тұлғалардың ішінде ғасырлар тұманына бой бермей, керісінше жылдар өткен сайын жаңғырып, асқақтай түсетін ұлы бейнелердің бірі – Алексей Максимович Горький бейнесі. Лев Толстой туралы Горькийдің өз сөзін қайталасақ: «Біздің сөзіміз қанша жылы болғанмен, оның қабірін жылыта алмас, бірақ оның ойы, оның ісі, оның сөзі келер ұрпақтардың жүрегіне жылу, бойына ізгі дару беріп тұратыны даусыз». (4 июнь, 1986 жыл. «Қазақ Әдебиеті» газеті).
Оның туған қаласы – Нижнийновгород көптеген елді мекендер мен мектептер, кітапханалар, көшелер, барлық ірі қалалардағы орталық демалыс парктері және «Мосфильм» киностудиясы оның көзі тірі кезінде-ақ Горький есімімен аталды. Бұл – оның атақ-даңқының шыңы еді. Оның туған қаласы Нижнийновгород жазушы шығармашылығының 40 жылдығына орай Горький қаласы деп аталды.
(Жалғасы бар)
Дулат Исабеков,
жазушы