04 Қаңтар, 2012

Үкілі үміт

575 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Үкілі үміт

Біздің елде шахматшылар отбасынан шығып, әлем чемпионы атанған адамдар көп емес. Со­лардың қатарына Дәрмен Сәдуа­қасовты, соңғы кездері көрініп жүрген Әсел Серікбай, Бибісара Асаубаева, Динара Сәдуақа­со­ва­ны жатқызуға болады. Олардың бәрі бір-екі рет чемпион атанған отандастарымыз. Алайда, бізде Жансая есімді қаршадай қыздың нәтижесін қайталаған әзірге ешкім жоқ.

Біздің елде шахматшылар отбасынан шығып, әлем чемпионы атанған адамдар көп емес. Со­лардың қатарына Дәрмен Сәдуа­қасовты, соңғы кездері көрініп жүрген Әсел Серікбай, Бибісара Асаубаева, Динара Сәдуақа­со­ва­ны жатқызуға болады. Олардың бәрі бір-екі рет чемпион атанған отандастарымыз. Алайда, бізде Жансая есімді қаршадай қыздың нәтижесін қайталаған әзірге ешкім жоқ. Иә, балауса жас қа­зірдің өзінде спорт шежіресіне алтын әріппен жазылатын атақ­тарға ие болып отыр. Атап айтқанда, оның көп­теген ха­лық­­ара­лық турнир­лердің жеңім­пазы, Азия чемпионы атағымен қоса, шахматтан жас­өспірімдер арасында төрт дүркін әлем чемпионы атанға­нын жанкүйер­лерінің бәрі жақсы біледі.

Жалпы, Жансаяның өзі шахматшылар отбасынан шыққан, ала тақтаға кішкене кезінен үйір болып өскен бала екен. Оның әкесі Данияр Әшіровтің өзі де бала кезінен шахматты алабөтен жақсы көріпті. Сондықтан болар, ол тұла бойы тұңғышы Санжар мен Жансаяны кішкене ке­зінен шахматқа баулыған көрі­неді. «Біздің отбасымыз – шахматшылар отбасы. Өзім бұл ойынмен бала кезімнен айналысып ке­лемін. Шахматқа балаларым Сан­жар мен Жансаяны баулы­ға­ны­ма, қазір солардың еліміздің на­мысын қорғап жүргеніне Жа­ратқанға мың да бір алғыс айтамын. Тұңғышым Санжардың шах­­маттан атақтары бар. Көп­теген жарыстарға қатысып, же­ңім­­паз атанған. Ал Жансая қы­зым­­ның жөні тіптен бөлек десем, артық айтқандық емес», – дейді ол.

Иә, Жансаяның әкесі айт­қан­дай, оның шахматқа қалай кел­гені, алғашқы жеңісі өз алдына бір әңгіме деуге болады десек, Жансаяның шахматқа қызығу­шы­лығы ерте ояныпты. Ағасы Санжармен бірге кішкентай ке­зінен КСРО спорт шебері Тамара Гудоваяның қарамағында жү­ріп, шахматпен айналыса бас­таған Жансая 6 жасында 8 жасқа дейінгі қыздар арасында Ал­матының чемпионы атанса, ке­лесі жылы Қазақстан чемпионы болады. Жансаяның осы жетіс­тігі туралы әңгімелеген әкесі: «Шынын айту керек, біз шешесі екеуміз қызымыздан алғашында мұндай нәтижені күтпеп едік. Ол бірнеше турнирлерде тек бірінші орынды жеңіп алғанда барып, оның қабілетіне әбден көзіміз жетті», дейді.

Содан Жансая 7 жасында бір іріктеу турнирінде әлемде алғаш болып бірінші разрядтың нормасын орындайды. Осы арада әлемге әйгілі Анатолий Карпов, Гарри Каспаров, Майя Чебур­данид­зелердің бірінші разряд­тың нормасын тек 9 жасында ғана орындағанын айта кетсек дейміз.

Жансая әлем чемпионатын­дағы алғашқы жетістігін 2007 жылы көрсетті. Осы жылы ол Түркияның Анталия қаласында өткен әлем чемпионатына қаты­са­ды. Сол жарыста қарсылас­тарынан бір жас кіші болса да, әлем және Азия чемпиондарына лайықты қарсылас бола білген қа­зақтың қаршадай қызына кү­міс медальға жетуге жарты ұпай ғана жетпей қалады. Осы күміс жүлдені қанағат тұтқан Жансая одан кейін Павлодар мен Алматыда ел чемпионы атанып, 2008 жылы Иранның Теһран қала­сында Азия чемпионатының бас жүлдесін жеңіп алады және ең жас Азия чемпионы атанды. Сол кезде оның шеберлігіне халық­аралық шебер Николай Пер­егу­довтың бас бапкері тәнті болып, Жансаяның өте тамаша комбинациялы ойын өрнегіне ризашы­лығын білдіреді.

Содан кейін оның жеңіске деген ынтасы артып, сол жылы Вьетнамда өткен әлем чемпионатында Түркияда жіберген есе­ні қайтаруға тырысады. Бұл бә­секеге 72 мемлекет қатысса, Қа­зақстан командасынан 14 шахматшы барған болатын. Осы жарыс туралы Жансаяның әкесі және жеке бапкері Данияр Әші­ров қызының жас мөлше­ріндегі тобында 55 шахматшы бақ сынасқанын, жарыс­тың алғашқы күндері оларға оңай болмағанын айтады. «Жансая бірінші турда Иран шахматшысынан жеңілуге мәжбүр болды, – дейді ол. – Дегенмен, қал­ған он турдың бәрінде жеңіске жетті. Сөйтіп, мүмкін болған 11 ұпайдың 10-ын иеленіп, тұңғыш рет әлем чемпионы атағын иеленді. Жансаяның соңғы партиясы ғаламторда тікелей трансляция арқылы көрсетілді».

Осы жарыстан кейін Әшіров­тер отбасы Жансая енді тек ұл­дармен шахмат ойнауы керек деп шешеді. Бұған, әрине, шахматшы қыз қарсы болмайды. Керісінше, ол әкесіне өзінің кумирі Юдит Полгар сияқты бұрыннан ер балалармен ойнауды жоспарлап жүргенін айтады. Сөйтіп, 2009 жылы ол кезінде А.Карпов пен Г.Каспаровтың жаттықтырушысы болған, Ре­сейдің еңбек сіңірген жаттық­тыру­шысы, халықаралық гроссмейстер Юрий Разуваевтың оқу-жаттығу жиынына қатыса бас­тайды. «Бұл кісі әлемнің қазіргі әйелдер арасындағы чемпионы Александра Костенюктің бап­кері. Сол кезде Разуваев Жансая­ның қабілет-қарымы туралы айта келіп: «Жансаяның әлеуеті зор, талантты қыз. Егер мемлекет 2-3 жыл қолдаса, ол әйелдер арасындағы әлем чемпионы атануы әбден мүмкін. Ол үшін Жан­сая ұлдармен ойнап, шах­маттағы шеберлігін шыңдауы керек», деген екен. Содан білікті бапкердің сөзінен кейін қызым ұлдармен ойнай бастады. Бір жарыс Арменияда өтті. Сонда ол қыздар арасында бірінші, ұлдар арасында үшінші орын иеленді. 2009-2010 жылдары Жансая Азияның екі дүркін чемпионы атан­ды. Ал былтыр Түркияда тағы бір әлем чемпионатында бас жүлдені жеңіп алды. Биыл Польшаның Краков қаласында Әсел Серікбай, Бибісара Асаубаева сияқты әлем чемпионы атанды. Сөйтіп, үш дүркін әлем чемпионы болған қаршадай қызымыз бір партияда ғана тең ойнап, басқаларының бәрінде жеңді», дейді Д.Әшіров.

Ал жақында Бразилияда аяқ­тал­­­ған әлемдік бәсекеде төр­тін­ші мәрте жеңіске жетті. Оның бұл же­ңісіне орай Елбасы Нұр­сұлтан Назарбаев арнайы жеделхат жолдап, құттықтады. Бұл бәріміздің, әсі­ре­се, Жансаяның мерейін тасытты.

Осы тұста Әшіровтер отбасы атынан Жансаяның әлем чемпионаттарына қатысуына демеу­ші­лік жасап жүрген «Маңғыс­тау­мұнайгаз» АҚ басшылығына ризашылығымызды білдіргіміз келеді, – дейді Д.Әшіров әңгіме орайында тағы да.

Жансаяның ендігі мақсаты – әлемнің екі рекордын жаңарту. Бі­ріншісі – шахматтан ең жас ха­лық­аралық гроссмейстер атану болса, екіншісі – әйелдер арасында әлем чемпионатында жеңіске жету көрінеді. Оның көздеген мақса­ты­на жетуіне біз де тілектеспіз.

Дастан КЕНЖАЛИН.