Барлық деңгейдегі әкімдердің тұрғындар алдында есеп беру кездесулерінің қорытындысы
Қазақстан Республикасы Президентінің 2005 жылғы 6 сәуірдегі №1546 Жарлығына сәйкес үстіміздегі жылдың 10 қаңтары мен 12 ақпаны аралығында республика өңірлерінде барлық деңгейдегі әкімдердің тұрғындармен 8915 есеп беру кездесуі өтті, оған 1 миллионнан астам адам қатысты.
Әлеуметтік және экономикалық сипаттағы мәселелерді қозғайтын 28 мыңнан астам сұрақ келіп түсті.
Есеп беру кездесулеріне жоғары мемлекеттік органдардың өкілдері мен Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттары қатысты.
Өңірлердегі тұрғындармен кездесулердің барысында 2009 жылы дағдарысты еңсеруде мемлекет тарапынан көрсетілген көмек үшін Мемлекет басшысына, Үкіметке алғыс айтылды. “Жол картасы” аясында дағдарысқа қарсы іс-шараларды іске асыру, жаңа мектептердің, балалар бақшаларының және денсаулық сақтау объектілерінің ашылуы, мәдениет пен спорт объектілерінің материалдық-техникалық базаларын нығайту, коммуналдық инфрақұрылымдарға жөндеу жүргізу және елді мекендерді абаттандыру істері халықтан кеңінен қолдау тапты.
Көптеген әкімдіктер кездесулер ұйымдастырудың жаңа түрін белсенді пайдаланды. Мысалы, қазіргі заманғы технологияның арқасында Ақтөбе, Павлодар және Шығыс Қазақстан облыстарының тұрғындары барлық аудандар мен қалаларда өңірлер әкімдерінің есеп беру кездесулерін тікелей эфирден қарау мүмкіндігіне ие болды.
Кездесулер азаматтардың коммуналдық қызмет бағасының көтерілуіне, рұқсаттама құжаттарын беру кезінде жергілікті атқарушы органдар жұмысының тиімсіздігіне, жылумен және сумен жабдықтаудағы проблемаларға байланысты айтарлықтай алаңдаушылықтар бар екенін көрсетті. Бірқатар мәселелер денсаулық сақтау жүйесін реформалауға, жолдарды дер кезінде тазалауға, елді мекендердің аумағына тазалық жұмыстарын жүргізуге, қоғамдық көліктің қозғалысын ұйымдастыруға және өзге мәселелерге қатысты болды.
Есеп беру кездесулерінде коммуналдық және монополияға қарсы қызметтегілердің, құқық қорғау органдарының тұрғындардың алдында есеп беруін өткізу қажеттігі туралы мәселе бірнеше рет қойылды.
Қазіргі уақытта ұсыныстар мен ескертпелерді іске асыру шаралары әзірленді, жергілікті атқарушы органдардың бақылауы қамтамасыз етілді.
Есеп беру кездесулері іскерлік жағдайда өтті, облыстар мен қалаларды, аудандарды, ауылдар мен кенттерді дамытуда анағұрлым өзекті проблемалар жөнінде сындарлы пікір алмасулар болды.
Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі
Мемлекеттік бақылау және ұйымдастыру-аумақтық жұмыстар бөлімі.