10 Қаңтар, 2012

Жаппай сырғанаудағы жабырқау

417 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Жаппай сырғанаудағы жабырқау

Астанадағы «Алау» мұз айдыны сарайындағы «техникалық үзіліс» жұртшылықтың көңіліне сызат түсіруде

Алдымен, осы спорт кешенінің аталуы хақында бірер сөз. Әрине, катоктың тікелей аудармасы «мұз айдыны». Онда «сарайды» қыстырмалаудың жөні бар ма? Ал «Алау» мұз айдыны» деп шектелсек, тым қарабайырлап, ауқымын тарылтып алмаймыз ба? Сарай дегеннің өзі аса үлкен, айрықша ірі, архи­тек­ту­ралық жағынан ерекше бітімді боп келетін ғимарат мазмұнын ашады екен.

Астанадағы «Алау» мұз айдыны сарайындағы «техникалық үзіліс» жұртшылықтың көңіліне сызат түсіруде

Алдымен, осы спорт кешенінің аталуы хақында бірер сөз. Әрине, катоктың тікелей аудармасы «мұз айдыны». Онда «сарайды» қыстырмалаудың жөні бар ма? Ал «Алау» мұз айдыны» деп шектелсек, тым қарабайырлап, ауқымын тарылтып алмаймыз ба? Сарай дегеннің өзі аса үлкен, айрықша ірі, архи­тек­ту­ралық жағынан ерекше бітімді боп келетін ғимарат мазмұнын ашады екен. 

Осы тұрғыда «мұз айдынын» олқысын­сақ, «Алау» мұзда сырғанау сарайы» десек, ұғым мен мазмұн іштей қабысып тұратындай емес пе? Немесе, «Алау» сырғанақ сарайы». Тіпті «Алау» мұзды сарайы» (Ледовый дворец) десе де мәнінен онша алыс кетпейтін секілді.
Осы «Алау» мұз айдыны сарайымен қапталдасып тағы екі аумақты спорт ғимараты орын тепкен. Әуежайдан қа­ла­ға кіре берісте, Қабанбай даңғылы­ның сол жағында орналасқан екіншісі – «Астана-арена», үшіншісі – «Велотрек» спорт кешендері. Осы үшеуінің қандай бағыттағы ғимараттар екенін сырт көз бірден аңғармай дал болары анық. Рас, маңдайшаларында жақындап барғанда ғана көзге шалынатын атау-жазулары бар. Алыстан андағайлатып, ірі де көр­кем жазумен еңселерін одан әрмен биік­тетіп қойса, құба-құп. Көз қанығып, көңіл сеніп дегендей, көркем құбылыс­ты ғимараттардың ажары мен сәніне ішкі тылсымының сыры қабысып, жайнап, жарасып-ақ кетпес пе? Жырақтан қол бұлғап шақырып, менде мынандай-мынандай қызықтар бар дегендей, ықы­лас оятып, ынталандырар еді-ау! Спорт­қа деген бұқаралық бұлқыныс сонда бұла күшке кенелер, бәлкім?
Жасыратын не бар, былтыр дүркіреп өткен қысқы Азиада ойындарынан соң Астанадағы біраз спорт ғимараттары ара­кідік бос күйінде қаңтарылып тұра­ты­ны айтылып та, жазылып та жүр. Шын­ның жүзіне тура қараған абзал ғой. Мүмкін, содан қорытынды шығаруды ой­ластырды ма екен, биліктегілер «Алау» мұз айдыны сарайын демалыс күндері жаппай сырғанауға беріп қой­ды. Халық оған ықыластанып баратын болды.
Алғашқы кезеңде үлкендерге кіру бағасы 500 теңгеден болса, жұрттың көп келе бастағаны ескерілген шығар, 1000 теңгеге көтерілді. Ал түстен кей­інгі баға 1500 теңге. Тиісінше, конькиді жалға беру бағасы да өсті. Сырғанау ләззатына бөленгендер ақшаға қарап жатпайды, бағаны қалай көтерсе де соның ығына жығыла береді. Бір жолғы 3 сағаттық демалыс қызығын ештеңеге айырбастағылары келмейтіндей.
Бірақ… Өткен жолғы өкінішке тап болған біраз астаналықтардың жүзін­де­гі кірбіңді айтпай тұра алмас едік. Түс­ке дейінгі мұз айдынына жіберілгендер бала-шағасымен, немерелерімен сырға­нақтың өзге біліп болмас бойды бусандыра балқытатын шипа-шапағатына шо­­мылып, шуылдаса сыртқа беттегенде, билет кассасының алдында томсырайып, түнеріп тұрғандарға тап бол­ғаны бар. Не болыпты? Ішке кіре алмай тұр екен. Себебі – сағат 15-16 арасы техникалық үзіліс кезі депті. Үлкен-кі­шісі бар бір қора сырғанақшылар осы­лай­ша сарсылып, әлдекімдерге шағын­ға­нымен дәнеңе өнбеді. Мұндайда бір сағаттан астам уақыт күту қандай қиын. Ұнжырғалары түсіп, кеміріліп кетіп бара жатты. Қала шетіндегі қызыққа қау­ымдасып келгендегі көрген құқайлары осы. Тауаны шағылып, маңдайлары тасқа соғылғандай.
Техникалық үзілістің көздеген мақ­саты бар шығар. Ол жағына бас ауыртып жатпайық. Алайда, астаналық­тар­дың бұқаралық спортқа деген жаппай ынта-ықыласын болымсыз үзілістермен тежеп қою қисынсыз-ақ. Біріншіден, қаншама адамның көңіліне кірбің түсті. Олар келесі жолы бұл маңға атізін сала қояр ма екен? Уақыт аңдыттырып қой­ған машақатынан қашады да. Екінші­ден, мұз айдыны сарайы қаншама пайдадан қағылды десеңізші. Бұл жерде қаржыдан өткін бір салдар – демалушылар сенімінен шыға алмау жағы қатты алаңдатуы тиіс еді. Реті келгенде айтайық, өзге мемлекеттерде жұртшы­лық­тың мәдени демалуына жақсы жағ­дай жасау үшін барлық қолайлылықтар жіті ойластырылған. Тіпті Жаңа жыл мерекесі күндері Мәскеудің мұражай­лары келушілерге тегін қызмет көрсет­кен. Сондағы көздегені – неғұрлым ынталылар қатарын көбейту. Ал бізде ықыласпен сырғанаққа келіп тұрғандар­дың кеудесінен итергендей жағымсыз іс-әрекет сезіледі.
Есімізге амалсыздан түсіп отыр, был­тырғы қысқы Азия ойындары күн­дері осы мұз айдыны сарайына конь­ки­шілер сайысын көрмекке жинал­ғандар екі сағат бойы қақаған аязда ішке кіре алмай ызғақтағанының куәсі болған­быз. Іште орын жоқ, билет сатылып кеткен деп қарауылда тұрған тәртіп сақ­шылары бет қаратпай қойып еді. Уа­қыты келіп, сарайға амалсыздан те­гін кіргізгенде конькишілердің жаттық­ты­рушыларынан өзге жанкүйерлерді кө­ре алмай таңқалғанбыз. Соңынан білсек, сарай жанынан билет кассасын ұйым­дастыра алмағаны белгілі болды. Ал халықты «билет сатылып кеткен» деп алдай салу оларға шыбын шаққан құр­лы сезілмегендей…
Қыс қызығы әлі алда. Тек, жаппай сырғанау ретсіз сырғақсытылып, са­ғым­данбаса екен.
Қайсар ӘЛІМ,
Астана.