12 Қаңтар, 2012

Қолда 46 жолдама

402 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Қолда 46 жолдама

Дүбір

Биыл Ұлыбри­та­ния­ның астанасы Лон­дон қаласында төрт жылда бір айналып келетін, жұмыр жердегі спорт жанкүйерле­рінің асыға күтетін жарысы, жарысы емес, оның төресі – жазғы Олимпиядасы­ның жалауы желбірейді.

Дүбір
Биыл Ұлыбри­та­ния­ның астанасы Лон­дон қаласында төрт жылда бір айналып келетін, жұмыр жердегі спорт жанкүйерле­рінің асыға күтетін жарысы, жарысы емес, оның төресі – жазғы Олимпиядасы­ның жалауы желбірейді.

Бұл төрт жылдықтың басты додасы 27 шілде мен 12 тамыз аралығында Лондон мен оның айналасындағы қалаларда өтеді. Олимпиаданың негізгі жарыстары Лондонның өзінде өтсе, футболдан турнирлер мен ескек есу, академиялық ескек, желкенді спорт және маунтинбайктен жарыстарды Бирмингем, Ньюкасл, Манчестер, Ковентри, Глазго және Кардифф қалаларында өт­кізу жоспарлануда.
Жалпы, Лондонда Олимпия ой­ындары осымен үшінші рет өткізілгелі отыр. Бұл елде Олимпиада алғаш рет 1908 жылы, одан кейін 1948 жылы өткен болатын. Енді, міне, араға 64 жыл салып, Тұманды Альбион тағы да байрақты бәсекеге қатысу­шы­ларды қарсы алатын болады. Бұған дейін 2012 жылғы Олимпиаданы өткізуге Лондоннан бас­қа Гавана, Ыстамбұл, Лейпциг, Мадрид, Мәскеу, Нью-Йорк, Париж бен Рио-де-Жанейро ниет білдірген еді. Алайда солардың арасынан таңдау Лондон қала­сына түсті. Биылғы Олимпиада қа­тысушы елдер мен спортшы­лар­­­дың саны жағынан ең көп ойындар ретінде тарихта қалғалы тұр.
Олимпиада жарыстары өте­тін жерлер үш аймаққа бөлінген. Олар Олимпиадалық, Өзен-сулы және Орталық деп аталады. Оның біріншісі жарыстың ашылуы мен жабылуы өтетін Олим­пиадалық стадион болса, екін­шісі Лондонның су орталығы, қалалық велопаркі, Коньки орта­лығы, Баскетбол аренасы, Гандбол аренасы, Гринвич аренасы, Көрме орталығы, Уэмбли ста­дио­ны, Лаун теннис пен крокет клубы, Риджентс саябағы, Хорс Гардс Пэред, Гайд парк, Эрлс корт, Ескек слаломы орталығы, Дорни лейк және Желкенді спорт­тың ұлттық академиясы. Үшінші өтетін жер Лондонның маңындағы Ньюкасл, Манчестер, Бирмингем, Ковентри мен Уэльстің Кардифф пен Шотлан­дияның Глазго қалалары. Сонымен бірге, Англияның Тема өзені де жарыстарды өткізуге дайын тұр. Міне, осы жерлердің бәрін­де Олимпиада кезінде әлемнің 205 елінен 12 500 спортшы қа­ты­сып, спорттың 33 түрінен 303 медаль жиынтығын сарапқа салады. Онда ең көп жүлделер әдеттегідей жеңіл атлетика (47) мен жүзуден (34) таратылады. Басқа спорт түрлерінде, мәсе­­лен, күрес түрлерінде (18), велоспортта (18), ескек есуде (16), нысана көздеуде (15), ауыр атлетикада (15), дзюдода (14), акаде­миялық есуде (14), таэквандода (8), ат спортында (6), бадминтонда (5), теннисте (5), садақ атуда (4), волейболда (4), үстел теннисінде (4), үшсайыс, баскетбол, су добы, батутта секіруде, бессайыста, көркем гимнастика, көгалдағы хоккей, синхронды жүзу мен футболда жүлделер екі-екіден сарапқа салынады.
Енді біздің елдің тәуелсіздік алған кезден бері Олимпия ойындарында көрсеткен өнерлер­і­не қысқаша тоқталсақ, Қазақ­стан тәуелсіз ел ретінде Олим­пиадаға 1996 жылы қатыса бас­тады. Осы ойындарда біздің ел әлемге өзін тағы бір қырынан танытты. Атлантада біздің спорт­шылар 3 алтын, 4 күміс және 4 қола медаль иеленіп, жалпыко­мандалық есепте 24-орынға табан тіреді. Бұл сында боксшымыз Василий Жиров, грек-рим күре­сінің шебері Юрий Мельниченко мен бессайысшы Александр Парыгин алтыннан алқа тақты.
2000 жылы Сиднейде өткен Олимпиадада Қазақстан спортшылары 3 алтын, 4 күміс медаль алып, 22-орынға ие болды. Онда боксшылар Бекзат Саттарханов пен Ермахан Ыбырайымов, же­ңіл атлет Ольга Шишигина алтын жүлдені жеңіп алды. Осы арада 1996 және 2000 жылдары алтын медаль алмаса да, екі бір­дей Олимпиадаға қатысып, кү­­­міс жүлде иеленген боксшымыз Болат Жұмаділовтің еңбегін атап өткеніміз жөн. Қазір әлемде екі рет Олимпиадаға қатысып, екеу­ін­де де финалға шыққан спорт­­­шы­лар аз. Міне, солардың қатарын­да біздің Болат Жұмаді­лов бар.
2004 жылы Афинада өткен Олимпиадада Қазақстан жалғыз ғана алтын жүлдені қанағат тұт­ты. Оны боксшы Бақтияр Артаев жеңіп алды. Бұл сында одан басқа еліміз төрт күміс және 3 қола медаль иеленді. Сөйтіп, жал­пыкомандалық есепте 40-орынға табан тіреді.
Ал соңғы Бейжің Олимпиадасында еліміз 2 алтын, 4 күміс және 7 қола медальды иеленгені белгілі. Мұнда Қазақстан спорт­шыларының ішінен зілтемірші Илья Ильин мен боксшы Бақыт Сәрсекбаев қана құрмет тұғы­рының ең биік сатысынан көрін­ді. Ал жалпыкомандалық есепте еліміз 204 елдің арасынан 29- орынды иеленді.
Енді Лондон Олимпиадасында спортшыларымыздың қанша жүлдені жеңіп алатындарын айту қиын. Жақында Астанада өт­кен Туризм және спорт министр­лі­гінің есептік жиынында Лондон Олимпиадасына дайындық мәселесі талқыланып, онда елі­міз­дің озық 25 мемлекеттің қа­та­рына кіру үшін таласатыны айтылды. Біздің межеміз 4 немесе 5 алтын жүлде екен. Соның ішінде ауыр атлетикаға көбірек сенім артылатын секілді. Сонымен бірге, бокс, грек-рим, еркін күрес, дзюдо мен жеңіл атлетикадан да алтын жүлдеге үмітті­міз. Осы жиында вице-министр Елсияр Қанағатов бүгінгі уа­қытқа дейін біздің спортшы­лардың Жазғы Олимпия ойындарына 46 жолдаманы жеңіп алғанын, 2012 жылы негізгі ли­цензиялық жа­рыстар­дың өткізі­летінін ескерсек, Қа­зақ­стан өз жолдамаларының санын Бейжің Олимпиадасына алған лицензиялар санынан асыруды жоспарлап отырғанын атап өтті. Оның айтуынша, отандық спортшылар жо­ғары спортта өте биік жетіс­тік­терге жетіп жүр. Олимпиялық спорт түрлерінен өткен әлем чем­пионаттарында отандық спорт­шы­лар жеңіп ал­ған ме­даль­дар­дың рекордтық саны тіркелді. «Қысқа уақыт іш­ін­де қанжы­ға­мыз 15 медальмен то­лықты. Әлем рейтингінде Қа­зақ­стан алтын медальдардың саны бойынша 22-орынға, ал жүл­де саны бойынша 14-ор­ын­ға орналасып отыр. Бұрын-соңды ос­ын­дай уа­қыт ішінде мұншама медаль тү­сіп көрмеген. Бұл отан­­дық спорт­шылардың Лондон Олимпиадасы қарсаңындағы дай­ындық дең­гейінің жоғары екендігін көрсе­теді», – деді ол.
Жалпы, тәуелсіздік алған кезден бері Олимпия ойындарында 9 алтын, 17 күміс және 14 қола медаль иеленген еліміз Лондон Олим­пиадасында жүлделер санын ал­дыңғы жарыстардан гөрі көбейту­ді мақсат етіп отыр. Қа­зір біздің елімізде Олимпиа­да­ның 46 жолдамасы, оның ішінде жеңіл атлетикадан – 12, ауыр атлетикадан – 8, бокстан – 6, еркін күрестен – 4, ка­ноэ және ескек есуден – 4, грек-рим күресінен – 3, таэквандодан – 3, әйелдер кү­ресінен – 2, ве­ло­шос­­­седен – 2, нысана көздеу мен слалом және каноэ мен байдаркада ескек есуден бір-бір жолдама бар.
Биылғы Олимпиаданың бір ерекшелігі – онда тұңғыш рет Олимпиада бағдарламасына әйел­дер боксы енді. Бұл сында қыз-келіншектер үш салмақ дәреже­сінде қолғап түйістіреді. Бүгінде біздің бокстан әйелдер құрамасы Олимпиада жолдамасы үшін өтетін жарыстарға дайындалып, сол үш салмақта қолғап түйіс­тіруді мақсат етуде.
Арғы жақтан бір жаңалық
Ұлыбританияның әлемге әйгілі ВВС телеарнасы Лондонда өтетін Олимпия ойындарынан тікелей ақпарат тарату мақ­са­тында уақытша радиостанса ашу туралы шешім қабылдады.
Радиостанса 20 күн жұмыс істейтін болады. Телеарна басшы­лы­ғы оны ашу үшін 200 мың фунт стерлингтің жұмсалатынын хабарлады. Осы сомаға радиостансаның интернет нұсқасын ашуға жұмса­латын қаржы да кіреді. Бұдан басқа ВВС басшылығы Олимпия ойын­дары кезінде жастарға арналған ВВС-3 телеарнасының жарысты көрсететін басты ақпарат құралы болатынын мәлімдеді. Әзірше бұл арна тек кешкілік хабарларды көрсетіп келеді екен. Ойындар бас­тал­ғанда ол күндізгі эфирге шығатын болады. Олимпиада кезінде ВВС-3 телеарнасы 4,5 млн. фунт стерлинг табыс түсіреді деп болжанған.
Лондонда Олимпия ойындарының билеттері ресми түрде қайта сатылып жатыр. Бұған дейін Ұлыбритания Парламенті алыпсатарлықпен айналысқан адамның 20 мың фунт стерлинг (31 мың АҚШ доллары) айыппұл төлейтіні туралы шешім қабылдаған болатын. Алайда уақыт өте келе, Парламент қоғамның көңіл-күйіне байланысты Олимпиадаға бара алмайтын адамдардың сатып алған билеттерінің күйіп кетпеуі үшін оларға билеттерді қайта сатуға рұқсат беру туралы шешім шығарды.
Дастан КЕНЖАЛИН.