Күрес • 16 Қараша, 2018

Солтүстік Қазақстанда қазақ күресінен ел біріншілігі өтті

55 реткөрсетілді

Спорт сарайында қазақ күресінен өткен дүбірлі бәсекеге еліміздің барлық облыстарынан, Астана, Алматы, Шымкент қалаларынан жиналған 300-ден астам балуан қатысып, өзара күш сынасты.

Жарыстың ашылу салтанатында облыс әкімінің бірінші орынбасары Айдарбек Сапаров сөз сөйлеп,сайдың тасындай іріктеліп келген боз кілем мықтыларына сәттілік тіледі. Жолдау талаптарына орай өңірде атқарылып жатқан бұқаралық спортты дамыту шараларына тоқталды.

Қазақ күресі федерациясының бас хатшысы Бақдәулет Сәбитов Айдарбек Сапаровқа, дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Руслан Есеналинге қазақ күресі федерациясының президенті, «Қазақстан барысы» турнирінің ұйымдастырушысы Арман Шораевтың Алғыс хатын табыстады. Ал қазақ күресінен облыстың тұңғыш спорт шебері, Петропавл қаласының құрметті азаматы Бауыржан Құлжанов ұлттық спортты дамытуға қосқан үлесі үшін федерацияның төсбелгісімен марапатталды.

Бірнеше  күнге созылған біріншілік барасында 90 кило салмақта шымкенттік балуан Әділжан Ыстыбаев жеңімпаз атанды. 100 кило салмақ дәрежесінде белдескен балуандардың арасында Қызылорда облысының өкілі Нұрым Сәлімгереев топ жарды. Абсолютті салмақта Алматы қаласының өкілі Руслан Әбдіразақов қарсылас шыдатпады.

Сайыстың жеңімпаздары мен жүлдегерлері ел құрамасына қабылданып, 2019 жылы өтетін әлем чемпионатында және «Еуразия барысы» турнирінде бақтарын сынайтын болады.

Өмір ЕСҚАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

Солтүстік Қазақстан облысы

Баннер
Соңғы жаңалықтар

Ұқсас жаңалықтар