Үкімет • 19 Қараша, 2018

Ирина Смирнова: Мүгедек жандардың мәселелерін ескерген жөн

367 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазан айында бізбен болған кездесуде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі бірінші топтағы мүгедекке жыл сайын 4 млн 400 мың теңге бөлінетінін жеткізді. Осы қаражатқа мұқтаж жандарға арнайы қызметтер жеткізіледі.  Бірақ бұл қызметтердің көбі мүгедектерді қанағаттандырмай отыр.  

Ирина Смирнова: Мүгедек жандардың мәселелерін ескерген жөн

Біз мүгедектермен кездескенде де, олардың бізге жазған хаттарында да көрсетілетін қызметтердің сапас­ы нашар екендігі айтылады. Мәселен, бірінші топтағы көзі көр­мейтін мүгедектерге бағасы 800 мың теңгеге жуық бағдарламалы ноутбуктер әперіледі екен, бірақ олардың сапасы нашар, жұмыс істеу мүмкіндігі өте төмен. Ал сол сомаға Apple компа­ниясының немесе осыдан екі есе төмен бағаға басқа да бір сапалы фирманың компьютерлерін алуға болады. Бірақ осы мәселе қолға алынбай отыр. Осындай олқылықты ыңғайсыз механикалық мүгедектер арбаларына да қатысты айтуға болады. 

Бір жерден көтерме сауда арқылы арзан бағаға алынған осындай заттарды жеткізушілердің мемлекетке қымбат бағаға сатып отырғаны көрініп тұр. Сыбайлас жемқорлық­тың белгілері байқалатын осындай істермен арнаулы органдар айналысуы керек-ақ. 

Мүгедектерге қатысты мұндай мысалдар өте көп. Көп жылдан бері айтылып келе жатқан сапалы протез туралы әңгімелер әлі күнге сол қал­пында қалып отыр. Оның орнына бәлен жылғы ағаш протездер мен сартылдаған балдақтар қолданылып жүргенін көргенде қарауға ұяласың.  

Біз Премьер-Министрдің орынбасары Ерболат Досаевқа депутаттық сауал жолдап, Президенттің Жол­дауын­дағы талаптарға сәйкес қаражатты адам­ның тұрмыс сапасын арттыруға жұм­сауға шақырдық.  Соның ішін­де мүге­дектерге қажетті құралдар­ды, атап айтқанда көзі көрмейтіндер үшін арнаулы қондырғы орнатыл­ған компью­­терлерді, мүгедектердің электрлі арба­ларын, осы заманғы про­тез­дер сатып алуды барынша ашық, мөл­дір­лікпен жүргізуді талап еттік. Сонда әлдекімдер мемлекет қара­жат­тарын түрлі қитұр­қы­лықтармен қалталарына баспас еді.   

Ирина СМИРНОВА,

Мәжіліс депутаты