Қазақстан • 19 Қараша, 2018

Каспий конвенциясының маңызы уақыт өткен сайын арта береді

183 реткөрсетілді

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев 2018 жылдың 5 қа­зан­­дағы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында еліміздің табыс­­ты жаңғыруын қамтамасыз ету үшін бастамашыл белсенді сырт­қы саясатты одан әрі жүзеге асыру қажеттігін айта отырып, «бейбітсүйгіш бағытымыз бен осы саладағы нақты айқындалған қағидаттарымыз өзін-өзі толық ақтап отыр»,  деген пікір білдірді. Осы орайда сыртқы саяси бағыттағы Елбасының сындарлы саясатының жемісі ретінде Ақтау саммитінде қабылданған Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвенцияны атап өткен орынды.  

­Биылғы жылдың 12 тамызында Ақтау қаласында Каспий маңының бес мемлекеті – Әзер­байжан, Иран, Қазақстан, Ресей, Түрікменстан елдері през­и­дент­терінің кездесуі барысында әлем­дік саясатта көптен күрмеуі тар­қатылмай келе жатқан мәселе­лердің бірі шешімін тауып, тарихи құжат – Каспий конвенциясына қол қойылды. Сол мезетте бұл оқиғаны Қазақстан Президентінің, Қазақстан дип­ло­матиясының табысы, ұзақ жыл­дарғы еңбектің жемісі деген пікірлер шетелдік және отандық сарапшылар тарапынан айтылып жатты. 

Каспий мәселесі 25 жыл бойы теңіз маңындағы бес мемлекет­тің, мүдделі тараптардың, халық­ара­лық ұйымдардың үнемі назарында болып, халықаралық құқықтың әртүрлі механизмдерін назарға ала отырып Каспий те­ңізін бөлудің бірнеше нұсқа­лары ұсынылған болатын. Осы уақытқа дейін кешенді мәсе­ле­лердің шешімін табу үшін көп­теген кездесулер өткізілді. Атап айтсақ мемлекеттер басшылары деңгейінде 4 кездесу, сырт­қы істер министрлері деңгейінде 8 жиын болып өтті. Арнайы жұмыс тобы құрылып, ол 52 отырыс өткізді. 

Ұзақ жылдарғы көпжақты, екіжақты келіссөздер нәтиже­сін­де қол қойылған Каспий конвенциясының қорытынды нұсқасы әділдік қағидасына негізделді. Осы бағытта Қазақстан халықаралық теңіз құқығы нормаларын жетекшілікке ала отырып, әрдайым конструктивтік позицияны ұстанды.  

2007 жылы Қазақстан Прези­денті Нұрсұлтан Назарбаев Каспий зонасының 25 теңіз милін мемлекеттік шекара деп санап, осы шекарадан тысқары бос теңізді ортақ пайдалануға қалдырып, ал теңіз түбін сектор бойынша бөлуді ұсынды. Қазақ­стан Каспий маңы елдерімен осы уақытқа дейін бірқатар келісімге қол қойған болатын, солардың негізінде теңіз түбін белгілеу бойынша үдерісті аяқтаған. Айта кетсек, Қазақстан Каспий теңізі­не қатысты 18 келісімшарттың қатысушысы, олардың ішінде 1998 жылы – Ресеймен, 2001 жылы – Әзербайжанмен, 2014 жылы Түрікменстанмен келісім­шарттарға қол қойылғанын ескерген жөн. Алайда, бұл мәселені толық шешу үшін Қазақстан, Түрікменстан және Әзербайжан арасындағы шекаралардың то­ғысқан тұсын реттеу туралы келісім қажет болды. Соны­мен қатар теңіздің түбін дели­митациялау мәселесі де бар. Бір қуанарлығы, Конвенция бо­йынша Каспий акваториясын­да үшінші мемлекеттердің әскери кемелерінің жүзуіне толық ты­йым салынған. Бұл – аймақтың қауіпсіздік мәселесін шешуде үлкен көмек.

Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі бірнеше жылдар бойы талқыланып, даулы мәселелер­дің бірі болып келуінің бір­ден-бір себебі – мемлекеттер­дің бірқатар мәселелер бойынша позицияларының үйлеспеуінде, кей жағдайда қарама-қайшы болуында. Мысалы, Каспийді теңіз не көл ретінде қарастыру аталған себеппен тікелей байланысты. Одан бөлек, Ресей мен Иран өздерінің Каспий теңі­зіндегі әскери қатысуын сақ­тап қалуға тырысты, оны түр­лі қауіп-қатерлерден, лаңкес­тік әрекеттерден қорғану қажет­тілігімен түсіндірді. Осы орайда, Қазақстан келіссөздер барысында Каспий маңы мемлекеттері­нің ұстанымдарын жақындас­тыру­ға, Каспий теңізі мәселесі­нің тез арада дұрыс шешім табуына едәуір күш жұмсады, бар­лық дипломатиялық шебер­лігін пайдаланды. Осының нә­ти­жесінде Әзербайжан, Иран, Қазақ­стан, Ресей, Түрікменстан мемлекеттерінің өз позицияларын қайта қарауының, салиқалы ұс­танымдарының негізінде Ақ­тау­да өткен мемлекеттер басшы­ларының алқалы жиынында Каспий теңізінің құқықтық мәр­тебесін айқындайтын, оның Конс­титуциясы есебінде жү­ре­тін Каспий конвенциясы қабыл­данды.

Каспий конвенциясы Каспий теңізінің айдынында және тү­бінде орнатылатын режімнің құ­қық­тық шеңберін айқындайды, теңіздің транзиттік әлеуетін арттырады, биоалуандықты қорғау үдерісін реттейді, мұнай және газ кен орындарын ашуға, энергоресурстарды тасымалдауға, теңіз түбінде құбыр жүргізуге, биоресурстарды пайдалануға, теңіздің экожүйесін ретке келтіруге мол мүмкіндіктер туғызады. Егер Кас­пийді минералды және биоресурстар тұрғысынан қарасақ, оның әлемдегі мұнай өндіретін ең көне айлақтардың бірі еке­нін көреміз. Дегенмен теңіз қойнауы құқықтық мәртебесі анық­тал­мағандықтан әлі түпкілікті зерт­теліп болған жоқ, ал мұнай қорына байланысты мәліметтер болжамдарға ғана негізделген. Енді осы мәселені шешуде жаңа қадам, жаңа бетбұрыс қарқын алады.

Әрине, аталған мәселелер Каспий конвенциясын тараптар ратификациялағаннан кейін, қажет жағдайда қосымша нақ­тылайтын заңнамалық актілер негізінде толыққанды кезең-кезеңімен шешіле бастайды. Конвенция қабылданғанға де­йін теңізге қатысты кез келген шешімді қабылдауда қалған төрт елмен келісу қажет бола­тын. Талай табысты жобалар сол себепті жүзеге асырыл­май, көп­теген қиындықтар туын­дат­қан. Бұдан былай әр мемлекет Конвенцияға сүйене отырып, өз бетінше шешім қабылдап, әрекет етуге құқығы бар.

Каспий мәселесінің реттелуі Қазақстанға әлемдік мұхитқа шығудың баламалы маршруттарын қарастыруға, қазақстандық жобаларға инвестиция тартуға мүмкіндік береді. Құжат бойынша, Қазақстан 15 миль тәуелсіз су айдынына, әрі қарай 10 миль балық аулау аймағына иелік етеді, одан әрі ашық теңіз аумағына кіреді. Ал теңіз түбін секторлық түрде бөлу тұрғысынан келу өте маңызды болды.

Ал Каспий мәселесінің бар­лық тараптардың мүдделерін қанағат­тандыру тұрғысынан шешілуі аймақтағы саяси тұрақ­ты­лықтың нығаюына және ор­нықты дамуына серпін береті­ні сөзсіз. Бұл өз кезегінде, тек Кас­пий маңы елдерінің ғана емес, тұтастай Орталық Азия аймағының ынтымақтастығын арттыруға қолайлы жағдайлар тудырады. 

Жоғарыда айтылғандар, Кас­пий конвенциясының, оның қабыл­дануы бағытындағы Қазақ­стан мемлекетінің, Елбасының рөлі Конвенцияның теңіз жаға­лауындағы мемлекеттердің эко­но­микалық, саяси, құқықтық, әс­кери, экологиялық бірқатар мәсе­­лелерін шешіп, Каспийді тұрақты және қалыпты түрде дамыту бойынша сөз жүзінде ғана емес, іс жүзінде әсер ететін ма­ңызды тарихи құжат ретінде қалыптасуына куә боламыз деген сеніміміз мол.

Әсел НАЗАРБЕТОВА,

Қазақстан Президенті жанындағы ҚСЗИ-дің бөлім басшысы

Баннер
Соңғы жаңалықтар

Арыста 7073 үй қалпына келтірілді

Аймақтар • Бүгін, 17:15

Байсал тартқан балалар өлеңі

Әдебиет • Бүгін, 08:30

Күзетшіге мұқтаж елміз

Қоғам • Бүгін, 08:25

Ұқсас жаңалықтар