Қазақстан • 19 Қараша, 2018

Қазақстанның Құрметті консулдығы ашылды

464 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақстан Республикасы мен Аустрия Республикасының арасында өңіраралық байланыс орнату және қарым-қатынасты одан әрі дамыту мақсатында Төменгі Аустрия федералды жерінің әкімшілік орталығы – Санкт-Пёлтен қаласында Қазақстан Республикасының Құрметті консулдығының салтанатты ашылу рәсімі өтті.  

Қазақстанның Құрметті консулдығы ашылды

Оған өңірдің билік, іскер және мәдени топтардың, консулдық корпус және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Қазақстан Республикасының Аустрия Республикасындағы елшісі Қайрат Сарыбай өз сөзінде Құрметті консулдықтың ашылуы екіжақты қарым-қатынастардың одан әрі дамуына септігін тигізетінін атап өтті. 

Қазақстан тарапы еліміз экономикасының диверсификациясы аясында Төменгі Аустриямен ықпалдастықты тереңдетуге мүдделігін таныта отырып, бұл өңір өзінің ағаш өңдеу, мұнай-газ, тоқыма, тамақ өнеркәсібі және жаңғырмалы энергия көздерін қолдануымен танымал болып отырғаны туралы айтылды. Осыған орай, елші аустриялық тарапты өзара ықпалдастықтың әртүрлі сала­ларындағы әлеуетті барынша бел­сенді дамытуға шақырды.

Сонымен бірге Қ.Сарыбай жаңа Құрметті консул Алек­сандр Кисске Қазақстанның кон­сулдық патенті мен Қазақстан Республикасының Туын табыс ете отырып, Қазақстан-Аустрия ынтымақтастығын кеңейту жолында сәттілік тіледі.

Аустрияның «ÖWD Wachdienst security GmbH & Co KG» компаниясының директоры Александр Кисс Төменгі Аустрия федералды жерінде Қазақстанның мүддесін қорғау бойынша жоғары сенім артқаны үшін алғыс білдіріп, екі ел игілігі үшін өзінің тәжірибесі мен білі­мін жұмсайтынын атап өтті.

Сонымен қатар Құрметті кон­сулдықтың ашылуына орай Қазақстанның Аустриядағы елшілігі тарапынан жүргізіліп жатқан «Қазақ інжулері – Ұлы Дала cарыны» жобасы шең­берінде жас музыканттар Әлия Ақ­бергенова мен Николай Ори­нинскийдің қатысуымен концерт ұйымдастырылды.

«Егемен-ақпарат»