Ю.Ильиннің мәлімдеуінше, жол-пайдалану қызметтері 1 мыңнан астам инженерлік және қар тазалау техникасын сайлап қойған. Сонымен қатар 120 мың текше метр көктайғаққа қарсы материал және 12 мың тоннадан астам тұз әзірленген. Қазіргі уақытта 37 мың метрден астам қардан қорғайтын қалқандарды орнату жүзеге асырылуда. Ал қыс мезгілінде пайдаланылып келген 950 жылыту бекетіне қосымша тағы 130-ы қосылады.
Бір өкініштісі, күн суытқалы бері маусымдық төтенше оқиғалар да тіркеле бастапты.
– Жылыту маусымы басталғалы, яғни 15 қазан мен 13 қараша аралығында республиканың тұрғын секторында 720-ға жуық өрт орын алды, олардың салдарынан 27 адам көз жұмды. Ал улы газбен улану салдарынан 10 адам бақилық болды. Табиғи газдан уланған 11 адам қаза тапты, – деді Ю. Ильин.
Жалпы тұрғын секторда өрттің орын алуының негізгі себептерінің бірі ретінде халықтың тұрмыста өрт қауіпсіздігі ережелерінің қарапайым талаптарын сақтамауы аталды.
– Бүгінге дейін өрт қауіпсіздігі айлығы ұйымдастырылып, оның аясында ТЖК аумақтық бөлімшелерінің қызметкерлері 180 мың тұрғын үйді аралап шықты. 375 мыңнан астам адамға нұсқаулықтар таратылды. 25 мыңнан астам адамды қамти отырып халықпен 1 500 шара ұйымдастырылды, – деп мәлімдеді Ю.Ильин.
Сонымен қатар өрт болған жағдайдағы іс-әрекеттерді пысықтау үшін мұғалімдер мен оқушыларды оқу орындарының ғимараттарынан қауіпсіз эвакуациялау бойынша 800-ден астам тәжірибелік жаттығулар өткізілген.
Баспасөз мәслихатында Ю.Ильин 2017-2018 жылғы қыста қарлы боран мен шыңылтыр аяздың салдарынан республикалық автожолдардың 120 рет жабылғандығын да атап өтті. Сондай-ақ күрежолдардың бойында 23 мың адамға көмек көрсетілген.
Ішкі істер министрінің орынбасары еліміздің таулы-жоталы өңірлерінде 550-ден аса сел ошағының анықталғандығына тоқталды. Осыған орай, «Қазселденқорғау» мекемесі күшейтілген дайындық режіміне көшірілген. Қауіптің алдын алу мақсатында селден қорғау қалқандары орнатылып, ақпараттық сақтандыру тұрғыдағы тақтайшалар ілінген.
Сөз арасында Ю.Ильин қыс мезгілінде тұрғындардан, жолаушылардан да сақтық пен қауіпсіздіктің қарапайым қағидаттарының сақталуы талап етілетіндігін еске салды.
Серік ӘБДІБЕК,
«Егемен Қазақстан»