Кезектен тыс Жолдаудың жариялануы объективті жағдайлардан туындады. Бұл ел дамуының әлеуметтік-экономикалық дамуының кейбір үдерістері мен қоғамдық-саяси үдерістердің соңғы жылдардағы трендтері мәселелерді туындатпай тіптен мазасыздандырмай қоймайды.
Елбасы қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі, атап айтқанда табыс пен тұрмыс сапасын арттыруға ерекше назар аударды. Жолдаудың басты адресаты – қатардағы адам, оның денсаулығы, әл-ауқаты және қауіпсіздігі. Дәлірек айтсақ оқытушы, дәрігер, ауыл тұрғыны, азаматтық қызметкерлер, кәсіпкерлер, жастар мемлекеттік саясаттың назарында болады.
Президент Жолдауындағы әрбір іс-шаралар, бастамалар шынайы және нақты цифрлармен, қаражатпен экономикалық тұрғыдан қамтамасыз етілген. Аталған жаңа іс-шаралар мен бастамаларға 1,5 трлн теңгеден астам қаражат бөлінуде. Осылайша, жалпы күн тәртібі алға қойылып, жаңа басымдықтар белгіленді.
Алға қойған мақсаттарға қол жеткізудің негізгі құралдарының бірі отандық экспортқа бағытталған өңдеуші экономиканы дамыту, бұл ел дамуының локомотиві болуы керек. Нарықтағы ішкі және сыртқы сұранысқа ие, тереңдетіліп қайта өңделген жоғары сапалы өнімдер кәсіпорындарға жоғары кірістер берумен қатар жұмыс орындарына, салықтық түсімдерге кепілдік береді.
Қазақстан экономикасын ауқымды жаңғыртуға қарамастан, бүгінде Қазақстан киімге – 99 пайыз, тамақ өнімдеріне – 40 пайыз, жиһазды қоспағанда тұтыну тауарларына 100 пайыз импортқа тәуелді. Қарапайым заттар экономикасы жағдайды өзгертуге мүмкіндік жасауы керек, жергілікті шикізаттан өзі өндіретін сапалы тамақ, киім мен аяқ киім, жиһаз, құрал-жабдық, тұрмыстық техника, дәрі-дәрмектерге ішкі нарықты қанағаттандырып қоймай, сонымен қатар Қазақстанның қарапайым заттар импортына тәуелділігін еңсеріп, ұлттық және азық-түлік қауіпсіздігін айтарлықтай күшейтуге жағдай жасауы керек. Экономикалық тұжырымдаманы әзірлеушілер мен сарапшылардың пікірлері бойынша, «қарапайым заттар» өндірісі экономика құрылымында ІЖӨ-нің кемінде 1 пайызын құрауы керек.
Қазақстандық кәсіпкерлерді қолдаудың маңызды элементі Мемлекет басшысының 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап салық амнистиясын жүргізу туралы тапсырмасы болмақ. Аталған іс-шарада салықтың негізгі сомасы төленген кезде, шағын және орта бизнес айыппұл мен өсім бойынша қарызды тазартуға жағдай жасайды. Бұдан басқа, Жолдауда «болашақ экономикасының» инновациялық дамуына басты назар аударды. Өткен жылы ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі Қазақстанда баламалы энергияның дамуына үлкен серпін берді. Соның нәтижесінде жел және гидроэнергетикалық құрылғылар елде кең таралуда. Жолдауда айтылған басқа инновациялық бағыттар бойынша да осы сияқты жұмыстар жүргізілетін болады. Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен тиімді шешімдер таба білу арқылы заманауи сын-қатерлерге жауап беруге дайын екендігімізді атап өткім келеді.
Жолдаудағы басты мәселе – адам капиталына инвестиция салу және оның әлеуметтік бағдарлануы. Бүгінде Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы (ЭЫДҰ) елдерінде ІЖӨ-нің дамуына назар аудармайды, өйткені бұл көрсеткіштің халыққа пайдасы шамалы. Оларды адамның бақытты болу индексі, жайлы өмір сүру мен көрсетілетін қызметтердің қолжетімділігі қызықтырады. Президент жеке дереккөздер қоғамдық сауалнама бойынша қазақстандықтарды бірінші кезекте білім беру, денсаулық сақтау мен баға сияқты қызмет көрсетулер салаларының сапасы толғандыратынын атап өтті. Алдыңғы бағдарламалық құжаттарда бұл компоненттер болмады деуді білдірмейді. Алайда, Президент қазіргі Үкіметке және мемлекеттік органдар басшыларына жұмыстарында көзқарасты өзгерту керектігін және макроэкономика биігінен төмен түсуді, тиімділік өлшемін ІЖӨ-нің өсуі көрсеткіштері мен инфляция деңгейімен емес, қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуімен өлшеуді қатаң ұсынды.
Жолдауда бес жыл ішінде білім беруге, ғылымға және денсаулық сақтауға мемлекеттік шығындарды екі есе ұлғайту, ІЖӨ-нің 10%-на дейін жеткізу міндеті қойылды. Бұл болашақта мультипликативті тиімділік беретін шығыстардың маңызы зор критерийлері. Осыған байланысты маңызды проблемаға тоқаталып өткім келеді. Күрделі өндіріс әр уақытта адамдар арасында қалады. Бүгінде елге миллиондаған заңгер, экономист, қаржыгер қажет емес. Өкініштісі, Қазақстанда инженерлік мектептер, әсіресе орта буын мектептер жүйесі бұзылды, арнаулы орта кәсіптік білімі бар мамандар жеткіліксіз. Біз оларды қалпына келтіруге міндеттіміз. Елбасы бұл туралы үнемі айтуда.
Мысалы, АҚШ-та мамандардың негізгі бөлігі жоғары білімі жоқ азаматтар. Олар колледждер мен кәсіби даярлау курстарын бітірушілер. Құрал-жабдықтарды пайдалануға жоғары білімнің қажеттігі шамалы, орташа техникалық білім де жеткілікті. Бізде соңғы 20 жылда техникалық білім беру жүйесі тыс қалды. Бүгінде оны қайта қалпына келтіру міндеті маңызды.
2019 жыл жастарға арналады және Жастар жылы деп аталады. Заңнама бойынша жастарға 29 жасқа дейінгі азаматтар жатады. Ал 2019 жыл – Тәуелсіздігіміздің 28 жылдығы. Бұл жас отбасыларды, мамандарды, студенттерді қолдау шараларының әзірленетінін білдіреді. Жастар саясатының іс-шаралар кешені әзірленеді.
Жолдауда Мемлекет басшысы мұғалімдердің проблемаларына жан-жақты тоқталды. Бұл «Педагог мәртебесі туралы» жаңа заң әзірлеу туралы тапсырма аясында қаралады. Елбасы мұғалімнің жүктемесін қысқарту, үш ауысымды білім беру проблемасын шешу, білім беру сапасын арттыру қажеттігі туралы атап өтті. Президент мұғалімдерді міндеттерінен тыс жұмыс істеуге міндеттейтіндерге наразылық білдірді. Заңды қабылдау осы мәселелердегі жағдайды түзейтініне сенемін.
Алға қойған мақсаттарды сәтті іске асыру үшін азаматтардың күш-жігері қажет. Біздің әрқайсымыз осыны түсінсек және Елбасының Жолдауындағы міндетті іске асыруға қатыссақ, онда біз өзіміздің Ұлт көшбасшымыз көрсеткен мақсаттарға қолжеткіземіз және әлемнің дамыған 30 елінің қатарына міндетті түрде кіретін боламыз.
Еділ МАМЫТБЕКОВ,
Парламент Сенатының депутаты