Қазақстан • 19 Қараша, 2018

Алматыда инклюзивті білім берудің үздік оқытушылары анықталды

621 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Биыл «Өрлеу» біліктілікті арттыру орталығының мұрындық болуымен техникалық және кәсіптік оқыту бағытындағы инклюзивті білім берудің үздік педагогын анықтайтын республикалық байқау жарияланған болатын. Байқау арнайы білім беретін оқу орындары арасындағы бәсекеге қабілетті жүйені анықтап, оқытушылардың инновациялық тәжірибесін кеңінен тарату мақсатында өткізілді.

Алматыда инклюзивті білім берудің үздік оқытушылары анықталды

Жақында Алматы облыстық «Өрлеу» біліктілікті арттыру орталығында осы байқау қортындыланып, озық тәжірибесімен озған оқытушылар марапатталды. Шараға Білім және ғылым министрлігінің техникалық және кәсіптік білім беру департаментінің серіктестік және халықаралық жобалар бөлімінің басшысы Р.Ширгатова, «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығының басқарма төрайымы Г.Ахметова, Алматы қаласындағы колледждер қауымдастығының төрағасы Ж.Азизхановпен ұстаздар қауымы қатысты.

Байқауға еліміздің барлық облыстары мен Шымкент, Алматы, Астана қалаларынан 152 колледж педагогтары қатысқан екен. Кезең-кезең өткен байқаудың ақтық сынына 17 үміткер таңдалып, озық педагогикалық тәжірибесін ортаға салу мүмкіндігіне ие болды. Қазылар алқасының шешімі бойынша «Жаңашыл педагог» атағы Қостанай облысынан келген үміткер Ольга Размановаға, «Шығармашыл педагог» атағы Жамбыл облысының ұстазы Майя Мұстафина мен ақтөблік Динара Оразаоваға берілді. Мұнан бөлек атыраулық мұғалім А. Тілеуғалиева мен батысқазақстандық ұстаз З. Әлдекешова «Шебер - педагог» атанып, байқаудың «Шабыттандырушы педагог» атағы Алматы облысынан қатысушы А. Оқбаева мен өскемендік Т. Замятинаға берілді. Ал осы жылдың «Көшбасшы педагогы» атауы Қызылорда облысынан келіп қатысушы Данагүл Амангелдиева мен қарағандылық оқытушы Жансая Нұрғалиеваға бұйырды. Ал байқау қортындысы бойынша Алматы мемлекеттік политехникалық колледжінің педагогы Нағашыгүл Көсерова жүлделі 1 орынды, Ақмола облысындағы №1 Құрылыс-техникалық колледжі педагогы Әйкен Қожахметова 2 орынды, 3 орынды Астана қаласындағы Қазақ технология және бизнес университеті колледжінің педагогы Мұхамедрахым иеленіп, «Өрлеу» біліктілікті арттыру орталығы тағайындаған ақшалай сыйлықтармен марапатталды.

- Инклюзивті білім беру – ерекше білім беру қажеттілігі бар балалардың өздерін қоғамның толыққанды мүшесі сезуіне жол ашады. Жас ұрпақ арасында толеранттылықты дамытып олардың өзін-өзі бағалай білуіне, қоршаған ортаға сүйіспеншілікпен қарауға мүмкіндік береді. Ал балалардың өмірге деген құштарлығын білімен бірге арттыру жолында педагогтың рөлі зор. Демек, биыл «Өрлеу» орталығы ұйымдастырған «Техникалық және кәсіптік білім берудегі инклюзивті білім берудің үздік педагогы» байқауы өзара тәжірибе алмасу көпірі, жаңаша ойлаудың, озық білім беру технологияларын игеру бойынша да ой-пікір алмасудың әлеуетті алаңы болды деп сеніммен айта аламыз, - дейді Алматы облысы бойынша педагог қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының бас маманы Айгүл Нұрақбаев.

Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

Алматы облысы