Аймақтар • 19 Қараша, 2018

Солтүстік Қазақстанда 1 миллион тоннаға жуық майлы дақыл жиналды

395 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Облыс әкiмдiгiнiң отырысында  биылғы егін орағының қорытындылары шығарылды.

Солтүстік Қазақстанда 1 миллион тоннаға жуық майлы дақыл жиналды

Онда келтірілген мәліметтер бойынша 2,8 миллион гектар алқаптан 5,2 миллион тонна астық алынып, гектар шығымдылығы 18,7 центнерден айналған. 587 мың тонна картоп, 110 мың тонна көкөніс жиналған.  Келесі жылға  519 мың тонна  тұқым әзірленген.  

Аймақ басшысы Құмар Ақсақалов  астық саласын әртараптандыру бойынша өңір  көш басында келе жатқанын атап көрсетті.

«Биыл диқандар 1 миллион гектарғажуық аумаққа майлы дақылдар ектi. Бұл– елiмiздегi жер көлемінiң 36 пайызы. Бір гектардан 10 центнерге дейін өнім алынды. Ауыл шаурашылығында  жүргізілген жоспарлы жұмыстар өз жемісін беріп келеді», деді Қ. Ақсақалов.

Жергілікті аграршылар рапс, зығыр және күнбағыс өсiру жоғары табыс көзі екенін жақсы түсінеді.  Оның үстіне майлы дақылдар сыртқы нарықта жоғары бағаланады. Рапстың  бір тоннасы былтыр 127 мың теңге болса, биыл 133 мың теңге. 1 тонна зығыр 105 мың теңгені құрайды. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда 15 мың теңгеге қымбат. Күнбағыстың бағасы 110 мыңнан 115 мың теңгеге дейiн жеттi.

Тұтастай алғанда, майлы дақылдар бидайдан  2,5 есеге қымбат.

Өмір ЕСҚАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

Солтүстік Қазақстан облысы