Аймақтар • 19 Қараша, 2018

Солтүстік Қазақстан облысының әкімі күнгейліктерді теріскейге шақырды

206 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Облыс әкімі Құмар Ақсақалов Шымкент қаласында болған жұмыс сапары кезінде шахар басшысы Ғабидолла  Әбдірахымовпен кездесіп, ішкі көші-қон үдерісі жайлы әңгімелесті.

Солтүстік Қазақстан облысының әкімі күнгейліктерді теріскейге шақырды

Жиынға облыстық, қалалық мәслихат депутаттары, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқарма басшылары қатысты.

Құмар Іргебайұлы өз сөзінде «Оңтүстіктен– солтүстікке» мемлекеттік  бағдарламасы жүйелі түрде жүзеге асырылып жатқанын, бүгінге дейін еліміздің әр қиырынан  2700 адам  қоныс аударғанын, олардың жартысына жуығы Түркістан облысынан ат басын тірегенін атап өтті. Солтүстік өңірлерге өз еркімен барғысы келетін отбасыларға мемлекет айтарлықтай қолдау көрсетеді. Жергілікті билік тарапынан да барынша жағдай жасалады.

«Жұмыспен қамту - 2020» бағдарламасы шеңберінде оңтүстіктен солтүстікке қоныс аударған тұрғындардың қатары аз емес. Мәселен, 2016 жылы Мағжан еліне 167, өткен  жылы 745 отбасы қоныс аударған. Биыл 10 айдың ішінде 1706 квота бөлініп 1440 адам көшіп келсе, үштен бірі еңбекке жарамды.  376 адам жұмыспен қамтылған. Десек те, ауыл шаруашылығы мамандары  мен бюжеттік қызметкерлер әлі жетіспейді.

Шымкент қаласының әкімі Ғабидулла Әбдірахымов бірге жұмыс істеуге ықыласты екенін, алдағы уақытта  солтүстікке көшкен отбасылардың хал-жағдайын көріп келуге баратынын жеткізді.

Сөз арасында мектеп бітіруші түлектер «Серпін» бағдарламасы бойынша тегін оқып, жұмысқа орналаса алатынын, үш жыл қызмет еткен, балалы болған жас отау иелеріне баспана берілетінін айта кеткен жөн.

Өмір ЕСҚАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

Солтүстік Қазақстан облысы