− Мемлекет басшысының 2018 жылғы 10 қаңтардағы Қазақстан халқына Жолдауында кәсіпорындарға энергия тиімділігі талаптарын жетілдіру тапсырылған болатын. Осы тапсырманы орындау үшін «Энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру туралы» заңға тәжірибелік талдау жүргізілді. Бұл ретте мүдделі тараптармен бірлесіп, тиісті заң жобасының тұжырымдамасы әзірленді («Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы»), - деді. Оның айтуынша, тұжырымдама энергия үнемдеудің қолданыстағы тетіктерін жетілдіруді (мемлекеттік энергетикалық тізілім, энергия аудиторлық қызмет, мемлекеттік бақылау), жеке және мемлекеттік секторларды реттеу тәсілдерін өзгертуді, сондай-ақ энергия үнемдеуді ынталандыру шараларын әзірлеуді көздейді.
Министр өз баяндамасында еліміздегі энергия үнемдеу бойынша атқарылып жатқан жұмыстармен таныстырды.
− 2017 жылдың қорытындысы бойынша еліміздің Жалпы ішкі өнімінің энергия сыйымдылығы 2008 жылғы деңгейге қарағанда 18% төмендеді. 2016 жылы Дүниежүзілік банк әлемнің 111 елінің энергия тиімділігі саласындағы мемлекеттік реттеу бағалауын жүргізді. Қазақстан ол рейтингте рейтингте 32-ші орынды иеленді. Қазіргі уақытта, Картаның 15 млрд. теңге болатын 68 жобасы іске асырылуда. Олардың ішінде 12 жоба энергия сервистік шарттар мен мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетігі арқылы қолға алынды. Жыл сайынғы үнемдеу 3,5 млрд. теңгені құрайды, соның ішінде 12 жоба бойынша 660 млн. теңге үнемделеді. Картаның 72 млрд. теңге болатын 76 жобасы әзірлену үстінде, қазіргі уақытта оларға инвесторлар іздестіріліп жатыр. Энергия сервистік жобаларды іске асыруды қолдау үшін Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасымен және Даму Қорымен бірлесіп, жобаларға субсидиялау және кепілдендіру түрінде қаржылық қолдау көрсетуді бастадық Бүгінгі таңда 28 жоба осы қолдауға ие болды. Сонымен қатар, халықаралық ынтымақтастық аясында Дүниежүзілік банкпен бірлесіп, 21,7 млн. АҚШ долларын құрайтын жобаны іске асырып жатырмыз,- деді Ж. Қасымбек.
Министр баяндамасында энергия үнемдеу көрсеткіші бойынша көш басына Павлодар облысы тұрғандығы, ал төменгі көрсеткіш Алматы қаласына тиесілі екендігі айтылды. «Министрлік жыл сайын энергия үнемдеу саласындағы жергілікті атқарушы органдардың қызметіне мынадай өлшемдер бойынша бағалау жүргізеді: индикаторлар мен міндеттерді орындау, мемлекеттік мекемелер мониторингі, бюджеттік ұйымдарда энергия аудитін жүргізу, тиімді жарықтандыру көздеріне көшу және тағы басқалар. Өздеріңіз көріп отырғандай, Астана қаласын қосқанда 10 өңірдің көрсеткіші орташа. Ал, Алматы қаласын қосқанда 5 өңірде көрсеткіш төмен», - деді Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек бүгінгі Үкімет отырысында.
Оның айтуынша, Павлодар облысы кәсіпорындарының энергия үнемдеу қызметіне жоғары баға берілген. «Онда 2013 жылдан бері энергия үнемдеу бөлімі жұмыс істейді. Төрт мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобасының екеуі Павлодар облысында іске асырылып жатыр. Бұл - Павлодар мен Екібастұз қалаларындағы көше жарықтандыруды жаңғырту жобалары. Сондай-ақ, Атырау мен Қызылорда облыстарында мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында бір жобадан іске асырылып жатыр. Бұл - Атырау қаласының көшесін жарықтандыру және Қызылорда облысындағы бір орта мектептің қазандығын жаңғырту жобалары», - дейді ол.
Министр осыған байланысты Үкімет басшысынан бұл бағыттағы жұмысты күшейту жөнінде тапсырма беруді сұрады. «Барлық өңірлерге энергия үнемдеу бойынша, соның ішінде мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобаларын іске асыру мен энергия үнемдеуді насихаттау жұмыстарын күшейтуді тапсыруыңызды сұраймыз», - деді Жеңіс Қасымбек.
Еркежан АЙТҚАЗЫ,
«Егемен Қазақстан»