19 Қараша, 2018

Түркістанда халықаралық ғылыми-теориялық конференция өтті

53 реткөрсетілді

Бүгін Түркістан қаласындағы Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінде «Киелі Түркістан және Түркі дүниесінің рухани жаңғыруы» атты ғылыми-теориялық конференция өтті. «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясындағы маңызды жиынды Түркістан облысының әкімдігі мен Халықаралық Түркі Академиясы бірлесіп ұйымдастырды.  Сонымен қатар Түркі кеңесі мен Қожа Ахмет  Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті  де қолдау  көрсетті.

Жиынға елімізден бөлек Әзірбайжан, Ресей, Түркия, Қырғыз Республикасы, Өзбекстан, АҚШ, Тәжікстан, Үндістан мемлекеттерінен туркологтар мен ғалымдар және дипломатиялық өкілдіктерден де қонақтар келді. Конференцияны Халықаралық Түркі Академиясының президенті Дархан Қыдырәлі жүргізіп отырды. Алқалы кеңесте Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев Түркістан қаласын Түркі әлемінің рухани және мәдени орталығына айналу бағытында жұмыстар басталғанын мәлімдеді. Әрі түркі дүниесі үшін маңызы зор жиын  туралы айтып өтті.

«Құрметті қонақтар Түркістан облысы құрылғалы өткен ең алғашқы Түркология конгресіне хош келдіңіздер! Таяу уақытта Түркістанда Түркі әлемінің орталығы бой көтереді. Мұнда бүкіл Түркі дүниесінің ойшылдары мен ағатушыларының, ғалымдарының еңбектері қойылып, ғылыми жетістіктері көрсетіледі. Елбасы ұсынған «Түркі әлемінің 100 есімі» жобасын Түркістанда жүзеге асыруға толық мүмкіндік бар. Облысымыздың тарихи орындарын «Түркі әлемінің киелі жерлері» тізіміне енгізу жұмыстары жүргізіледі. Сонымен бірге, Түркістанда Түркі кеңесі жастарының құрылтайын өткізуге де дайынбыз.  Қазір жұмыр жер бетінде 200 миллионнан астам түркі тілдес бауырларымыз бар. Егер саяси, ғылыми және рухани бірлігіміз мығым болса, бұл үлкен күшке айналады. Жаһандану заманында біз бірге болып, қиындықтарға бірге төтеп беруіміз қажет. Бүгінгі туркологтардың басқосуы осы сенім үдесінен шығады деген ойдамын. Түркі әлемінің орталығы Түркістанымыз осындай игі бастамаларды қолдауға әрқашан дайын», деді өңір басшысы Жансейіт Түймебаев.

Сондай-ақ келелі басқосуда Түркі кеңесінің алғашқы Бас хатшысы Халил Акынжы сөз алып,  түркі дүниесіне ортақ әліпби мәселесіне тоқталды. Халықаралық Түркі Академиясының президенті Дархан Қыдырәлі жылжабар жиынның мән-маңызын қысқаша баяндап өтті.

«Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы тек Қазақ елінде ғана емес, Түркі дүниесінде де зор серпін тудырғаны анық. Сондықтан биылғы жылы саммитте Елбасы тарихи маңызы зор бағдарламаны Түркі әлемінде насихаттауды Түркі Академиясына тапсырған болатын. Сонымен бірге биыл жауһар жырларына Түркістанды арқау еткен мағаз ақын Мағжан Жұмабаевтың туғанына 125 жыл, Түркі әлеміне ортақ заңғар жазушымыз Шыңғыс Айтматовқа 90 жыл, түркі жазуының алғаш рет табылып, оқылғанына 125 жыл толып отыр. Осы айтулы шараның барлығын жыл басында ЮНЕСКО-да және Париж қаласында атап өткен болатынбыз. Міне жылдың жабылуын  Түркістанда атап өтуіміздің символикалық мәні зор. Себебі Түркістан – Түркі әлемінің темірқазығы. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей назарындағы шаһар», деді Халықаралық Түркі Академиясының президенті Дархан Қыдырәлі. 

Қазір «Түркі әлемінің киелі жерлері»,  «Түркі  дүниесінің  тұғырлы тұлғалары»   және «Түркі  тілдері және жазуы» тақырыптарындағы секциялық  отырыстар өтті.  

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Түркі кеңесінің VI  саммитінде көтерген «Түркі дүниесінің  тұғырлы тұлғалары»  және  «Түркі әлемінің киелі жерлері» бастамаларын  жүзеге асыру бағытында ұйымдастырылған ғылыми басқосуда түркі  дүниесінің ғылымы, мәдениеті мен әдебиеті, түркі тілдері,  киелі жерлер мен  тұғырлы тұлғалары туралы айтылды.  

Конференцияға Қазақстандағы бірқатар шетел дипломаттары мен халықаралық ұйымдардың  өкілдері мен тарихшылары,  Әзірбайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Түркия  ғалымдары мен АҚШ, Ресей, Үндістан, Өзбекстаннан келген зерттеуші, ғалымдар қатысып отыр.

 

Нұршат ТӨКЕН,

Түркістан қаласы

Баннер
Соңғы жаңалықтар

Апта фотосы (14.04 – 21.04)

Әлем • Бүгін, 12:31

БАЛКОНЫМДА ҒАНА АҚЫНМЫН...

Әдебиет • Бүгін, 11:51

Екі қыр (әңгіме)

Әдебиет • Бүгін, 11:08

Ұқсас жаңалықтар