Руханият • 19 Қараша, 2018

Бай болсаң халқыңа пайдаң тисін

6727 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

«Батыр болсаң жауыңа найзаң тисін, Бай болсаң халқыңа пайдаң тисін». Кезінде айыр тілді Әйтеке би айтқан ақылды сөз. Келер ғасырларға да кетер ғақлия.

Бай болсаң халқыңа пайдаң тисін

Ал енді екі тумас кемеңгердің осынау өсиетін кейінгілер қаншалықты орындап жүр. Міне бұл ойланарлық мәселе. Әріден қозғар әңгіме.

Арғы-бергі қазақта мыңғыртып мал айдаған, сандықтап сары алтын жинаған, банкке бума-бума ақша басқан ірі байлар аз емес. Олардың арасында айналасындағы аш-арықтардың аузын аққа тигізген Атымтай жомарттары да, сараңдықты салт еткен шық бермес Шығайбайлары да болған. Қарабайдай қарауларының сүйегі қайда қурағаны белгісіз. Тағлымды істерімен танылғандарының аты тарихта қалды. Мәселен, өзім туып-өскен жер жаннаты – Жетісудың Ақсу өңірінде билік құрған Маман – Тұрысбек тұқымдарының атақ-даңқы алты Алашқа жайылғаны әмбеге аян. Дархан мінезді дала шонжарларының Қарағашта салдырған мектебі түн түнегін түре қуған таң шапағындай қараңғылық құрсаулаған қалың қауымның санасына жарық сәулесін түсірді. Білім көгіне ұмтылған ұл-қыздардың көкірек көзін ашты. Жыр дүлдүлі Ілияс Жансүгіров осы «Мамания»медресесінде оқыған. Марғасқа Мамановтардың ұл руханиятын ұлықтап, тұңғыш қазақ романына бәйге жариялап айды аспанға шығарғаны тағы бар. Бүгінде біздің жақтың үлкендері үміт күтерлік үмбеттеріне «Құйсаң толмайтын, төксең ортаймайтын Маман-Тұрысбектің бақ-дәулеті бастарыңа қонсын!» деп бата береді.

Ілгері замандарда-ақ іргедегі орыстың озат ойлы патшалары өздеріне әлемнің әр қиырынан сыйға тартылған құнды дүниелерді қоятын сарайлар соқтырған. Сонда апарып әлгі асыл жәдігерлерді сақтаған. Әйгілі эрмитаж қабырғасы осылай қаланған. Қалтасы қалың көпес Павел Третьяков қылқалам шеберлерінің қымбат картиналарын сатып алып, жеке қаржысына қазір бәріміз білетін Мәскеудегі көркем сурет галереясын ашқан.

Тізе берсек, талай мысал табылады. Сондықтан мейірімді меценаттар қиссасын қысқа қайырып, ендігі жерде нағыз өндіріс алпауыттарының біздің заман бизнесмендеріне үлгі етерлік үрдістерін тілге тиек қылғанымыз жөн секілді. Ресейліктер емірене еске алатын атақты фабрикант Савва Морозов ебін тауып, екі асаушылардың қатарына жатпайды. Басымен ойлап байыған. Императорлық Мәскеу университетінің химия факультетін бітірген. Ғылыми зерттеулермен айналысқан. Кейінірек ғұлама ғалым Дмитрий Менделеевпен жақын араласқан. Кембриджде дәріс алған. Манчестерде тоқымашылықтың қыр-сырына қаныққан. Фарбикасындағы ауыр аяқ әйелдерге жәрдемақы төлеу жүйесін енгізген. Техникалық жоғары оқу орындарындағы студенттерге стипендия тағайындаған. Мәскеудің көркем театрына көп көмек көрсеткен. Соған сүйсінген Станиславский «Сіздің бұл еңбегіңіз ерлікпен пара-пар. Орыс өнері өзіңіздей қамқоршысын тапқанына қуанамын» деп ризашылық сезімін білдірген.

Өткен ғасырдың ортасына қарай өндірісін өркендетіп, бүкіл Еуропаны аяқ киіммен қамтамасыз еткен чехословак кәсіпкері Томаш Батя да іскерлік пен ізгіліктің тізгінін тең ұстаған. Ең ғажабы, ол халықтық капитализм ұғымын қалыптастырған. Жиырма бес мың адам жұмыс істеген кәсіпорнында бәтеңкеден бастап ұшаққа дейін шығарылған екен. Оның бизнесті жүргізу бағдарламасы басты үш ұстанымға негізделген көрінеді. Қандай дейсіздер ғой. Біріншісі – жұмысшыларға жоғары жалақы беру. Екіншісі – тұтынушыларға тауарды арзан бағамен ұсыну. Үшіншісі – өндіріс қожайындарының шектен аспайтындай кіріс алуы. Әне көрдіңіз бе, жер жүзін жаулаған жетістіктерінің түп-төркіні қайда жатыр. Қазекең айтқандай, қанағат қарын тойдырарын қапысыз түсінген қайран азамат адал ниетінің арқасында басқалардан бағы асты. Ол жөнінде жүздеген кітаптар жазылып, ондаған фильмдер түсірілді. Экономикалық элитаның эталоны ретінде жарқын бейнесі жұрттың жадында жиі жаңғырады.

Сексеннің сеңгіріне көтерілсе де көңілі сергек, көнекөз анам Нұрғайша неге екенін білмеймін «Өзі тоймағанның сарқытын ішпе», «Өз қазаның қайнамай қарының тоймайды» дегенді қаперімен әлсін-әлсін салып қояды. Сірә, масылдық пиғылға маталмау қажеттігін меңзегені болар. Рас, еңбегін емгеннің еңсесі биік. Қимылдаған қар асады. Кеңестік кезеңдегідей «өкімет өлтірмейдінің» күні өткен. Әйтсе де қоғамдағы әлсіз әлеуметтің қолдауға зәрулігін жоққа шығара алмаймыз ғой. Мемлекет әрине, қолдан келгеннің бәрін жасап-ақ жатыр. Бірақ бюджеттің көрпесі кеңге көсілуді көтермейді. Сондықтан байлықтан басы айналып, көктегі күнге шылым тұтатқандай күй кешіп жүрген жуан дүмді мырзалар нарық қыспағындағы ағайынға қарайласса, оларды дайын балыққа дәніктірмей қолдарына қолайлы қармақ ұстатса қанеки!

Баяғыда отаршылдыққа қарсы отты жырларымен мәшһүр болған Нарманбет ақын тап басқандай «батырдан бай, ақылдан ақша озған» бұл заман Сәбит Дөнентаев анықтама бергендей «тісті мен күштінікі» болып тұр. Мойнына тұрмыс қамыты ілініп тұралаған халайық тек мықтылар ғана текетіреспен күн көретін джунгли заңымен өмір сүре алмайды. Қарапайым елге қайырым керек.

...Батырларымыз найзасын тигізер жаудың бетін аулақ қылсын. Ал байларымыздың пайдасын тигізер сауапты істер қашанда табылады.

Талғат БАТЫРХАН,

«Егемен Қазақстан»