Кездесуде А.Сергеев Қазақстан халқының ыстық ықыласына ризашылығын жеткізді.
«Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде студенттерге дәріс оқып, аталған оқу ордасының құрметті профессоры атандым. Бұл – мен үшін бақыт. Келелі кездесулермен басталған бұл сапарым толайым табыстарға толы боларына сенімдімін. Екі ел арасында ғылым саласына байланысты барлық тиісті құжатқа қол қойылып, екі жақтың ғалымдары бірігіп атқаратын бірегей жобаларды бекіткеннен кейін оны ел назарына ұсынатын боламыз. Егер жалпылама қарайтын болсақ, қос мемлекеттің де ғылымы елдің экономикасын ілгерілетуге үлес қосып келеді. Ресейде 2 жыл бұрын мемлекеттің ғылыми-техникалық дамуының стратегиясы қабылданды. Бұл нарыққа шығатын өнімнің негізгі құрылымын, зияны мен пайдасын жан-жақты зерттеуге мүмкіндік береді. Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіне барғанымда Қазақстан ғылымының қарыштап дамып келе жатқанына көз жеткіздім. Білімге құштар студенттерді көріп, ғылымның келешегі жарқын боларына сенімім беки түсті», деді Ресей ғылым академиясының президенті А.Сергеев.
Қазақстан Ұлттық ғылым академиясының президенті М.Жұрынов Ресей ғылым академиясының ұжымымен және ресейлік ғалымдармен ежелден етене байланыс орнатылғанын айтты. Сондай-ақ ғылым саласындағы түйткілді мәселелерді бұған дейін әлемдік ауқымды аудиторияларда талқыға салып жүргендіктерін тілге тиек етіп, бұл жұмыстар әрі қарай да жалғасын табатынын жеткізді.
Рауан ҚАЙДАР,
«Егемен Қазақстан»