Квартет құрамында талантты музыканттар, халықаралық байқаулардың лауреаттары Айдар Тоқталиев (1-ші скрипка), Алексей Лебедев (2-ші скрипка), Бекзат Сайлаубайұлы (альт), сонымен қатар ұжымның көркемдік жетекшісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ернар Мыңтаев (виолончель) бар. Бір концерттің аясында әртістер тыңдарман назарына классицизм, романтизм және XX ғасыр музыкасы сынды түрлі жанрлар мен дәуірлерді тоғыстырған тамаша туындыларды ұсынды.
Дәл осы кеште В.Моцарттың Ішекті аспаптар квартеті №15 ре минор шығармасы орындалды. Даңқты композитордың камералық ансамбльдерге арнап жазған туындыларының ішінде осы ішекті аспаптар квартеті ерекше әйгілі. Айрықша драматизмімен, бейнелілігімен өзгешеленетін бұл туынды – көрнекті композитор әрі автордың досы Й.Гайднге арналған алты квартеттің ішіндегі екінші (және ең танымал) шығарма.
Одан кейін орындалған Х.Вольфтің «Италия серенадасы» W17/2 шығармасы композитордың сан қырлы дарыны мен өзіндік стилін тағы бір мәрте еске салып өткендей. Аспаптық миниатюра бағдарламалық драма ретінде түсіндіріліп, мұнда қос кейіпкер – ер мен әйел арасындағы махаббат сезімі баяндалады.
Квартет 1988 жылы А.Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған республикалық арнайы орта музыкалық мектеп оқушыларынан құрылып, дарынды ұжымға композитор Ғазиза Ахметқызы Жұбанова қамқорлық еткен болатын. Көптеген халықаралық байқаулардың, соның ішінде әйгілі Д.Шостакович атындағы халықаралық байқаудың лауреаты атанған топты бүгінде Америка, Еуропа мен Азияның алдыңғы қатарлы сахналары аттай қалап шақыртады. Өздерінің орындаушылық шеберлігімен, керемет ойнау техникасымен дараланатын музыканттардың талай белестерді бағындыратыны анық.
Ая ӨМІРТАЙ,
«Егемен Қазақстан»