Профессор Биштыга академия студенттеріне, магистранттарына, докторанттарына салыстырмалы конституциялық және еуропалық құқық, Еуропа заңнамаларының Польшаның конституциялық жүйесіне әсері, Еуропадағы өзін-өзі аймақтық басқарудың теориялық және доктриналық негіздері, ал доктор Стефан Дырка ғаламданудың ұлттық экономиканы трансформациялау үрдісіне ықпалы, ұйымдарда даму негіздері ретінде зияткерлік әрі адами капиталды қалыптастыру тақырыптарына арналған қызықты дәрістер оқыды.
Поляк ғалымдарының Алматыға сапары барысында Д.А.Қонаев атындағы Еуразиялық заң академиясы мен Зеленогурск университеті, Katowice Schoolof Economics арасында келісімдер жасалды. Бұдан былай академия профессорларымен ғылыми және дидактикалық өзара байланыс жалғасып тұрады. Еліміздегі осы іргелі оқу орнындағы түрлі бағыттағы кафедралардың қызметкерлерімен, жұмыстарымен танысқан қонақтар біздің ғалымдарымыздың деңгейі жоғары екенін, сондықтан осынау тамаша ұжыммен ынтымақтастықты кеңейтуге мүдделі екендіктері туралы ойларын ортаға салды. Алдағы уақытта Польша ғылыми журналдарында қонаевтық ғалымдардың мақалалары жарияланбақшы, осылайша болашақта отандық ғылыми еңбектер АҚШ, Канада, Еуропа кеңістігіне жол ашады.
Өз республикасында көрнекті қоғам әрі ғылыми қайраткері ретінде танымал, отандық саясатқа өзіндік ықпалы бар Анджей Биштыга мырза «Әлемдегі референдум институты», «Адам құқығы жөніндегі еуропалық сот», «Адам құқығы жөніндегі Еуропа Конвенциясының Біріккен Ұлыбритания корольдігінің құқықтық жүйесіне ықпалы», «Адам құқығы мен бостандығы және олардың кепілі», «Адам құқығы жөніндегі Еуропа конвенциясы және оның ішкі құқықтық жүйеге ықпалы» бағытында мәселелер көтерген. Сондай-ақ поляк ғалымы «Қазақстан Республикасының Конституциялық жүйесі» тақырыбында да терең зерттеу жұмыстарын жүргізген. 1992 жылы Гаага халықаралық құқық академиясының (Гаага, Нидерланды), дәл осы уақытта адам құқығы жөніндегі Познань орталығының, заң ғылымдары институтының (Польша Ғылым академиясы), 1998 жылы Британдық Кеңес – Лестер университетінің (Лестера, Ұлыбритания Солтүстік Ирландия біріккен корольдігінің), 1998 жылы америкалық зерттеулерге байланысты Зальцбург семинарының (Аустрия) стипендиаты болып, 80-ге жуық халықаралық және отандық конференцияларға қатысқан, Анджей Биштыга мырза өз Отанындағы және шетелдердегі көптеген ғылыми басылымдардың дамуына үлес қосыпты. Еңбегіне орай түрлі дәрежедегі сый-марапаттарға, құрметке бөленген. Доктор Стефан Дырка да ерен еңбегімен көзге түскен, ғылымның, қоғамның дамуына сүбелі үлес қосқан өз елінің айтулы азаматы екен.
Міне, осындай мәртебелі меймандарға ерекше ілтипат білдірген қонаевтықтар академия аясындағы ғылыми отырыстың кеңейтілген салтанатты мәжілісінде Анджей Биштыга мен Стефан Дырка мырзаларға академияның құрметті профессоры атағын беріп, қазақы дәстүрмен шапан жапты. Алдағы уақытта осы білім ордасының студенттері, магистранттары Польшаға барып, осындай көрнекті тұлғалардан дәріс алмақ. Академиялық ұтқырлық аясында белгілі бір мерзім арасында дипломдары АҚШ, Канада, Еуропа мемлекеттерінде мойындалатын осы оқу орындарында қонаевтық студенттер де ілімдерін дамытып, дүниетанымдарын кеңейтіп, қос диплом алатын күн де алыс емес. А.Биштыга мырзаның айтуынша, әлемдік үрдісте анықталғандай, мемлекеттікке қарағанда жекеменшік ЖОО шұғыл шешімдер қабылдап, оларды тезірек жүзеге асырады екен. Ендеше мемлекеттігіміздің мызғымас беріктігінің, баяндылығының кепілі – заң үстемдігінің орнығуына қонаевтық ғалымдар алдағы уақытта да сүбелі үлес қоса бермекші.
Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ