21 Ақпан, 2012

«Төрттік турнирді» тең ойынмен аяқтадық

390 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

«Төрттік турнирді» тең ойынмен аяқтадық

Алматы қаласында әуесқой бокстан өткен «Төрт елдің турнирі» атты жолдастық кездесуде еліміздің мерейі үстем болды. Қанша жерден бұл доданы жолдастық кездесу деп атағанымызбен, маңыз­дылығы жөнінен ірі халықаралық турнирлерден кем түспегені рас. Жарысқа қарсы­лас­тардың кіл жақсы боксшыларын алып келгендігі осы пікірімізді қуаттай түспек.

 

Алматы қаласында әуесқой бокстан өткен «Төрт елдің турнирі» атты жолдастық кездесуде еліміздің мерейі үстем болды. Қанша жерден бұл доданы жолдастық кездесу деп атағанымызбен, маңыз­дылығы жөнінен ірі халықаралық турнирлерден кем түспегені рас. Жарысқа қарсы­лас­тардың кіл жақсы боксшыларын алып келгендігі осы пікірімізді қуаттай түспек.

Турнирдің алғашқы кездесуі Ресей мен Үндістан құрамалары арасында өрбіп, Үнді елінің өкіл­дері біздің солтүстіктегі көр­ші­ле­рімізге еш қарсылық көрсете ал­ма­ған еді. Кездесу 10:0 есебімен Ресей бокс­­шы­ларының пайдасына шешілген. Бұл сайысқа Ресей мық­ты құрам­мен келгендігін байқа­дық. Бапкер Николай Хромов Ал­матыға бүгінгі таң­­­да­ғы ең мықты боксшыларын сайлап келіпті. Атап айтсақ, Әзер­­бай­жан тумасы Давид Айрапетян – АІВА рей­тингінде төртінші сатыда тұрған шебер боксшы. Соңғы әлем чемпионатында қола медальға ие болған. Оның алдындағы Миланда өткен дүниежүзілік біріншілікте күміс алқа тағынғаны тағы бар. Жасы 28-ге таяп қалған Айрапетян Лон­дон Олимпиадасында Цзоу Ши­­­минмен бірге біздің Біржан Жа­қыповтың (егер Біржан жолдамаға қол жет­кізсе) ең басты қарсыласы болмақ. 52 келідегі ресейлік армян Миша Алоянның да соңғы кездегі қар­қыны тіптен қатты. Екі мәрте әлем чемпионатына қатысқан 23 жасар Алоян әуелгісінде күміс ме­дальді иеленсе, екінші әлем чемпионатында алтын медаль тағынып, би­ік­тен көрінген боксшы. Алоян АІВА рей­тингінде көш бастап тұр. Талды­қор­ғанның тумасы, кейіні­рек Ресей же­рі­не қоныс аударған Сергей Водопьянов (56 кг) 2007 жылғы Чикагода өткен дүние­жү­зі­лік додада небәрі 20 жасында әлем чемпионы атанған.

Елдің күткені де Қазақстан-Ресей құрамаларының арасындағы кездесу еді. «Төрттік турнирде» Франция мен Үндістанды бет қа­ратпағанымызбен, орыс боксшылары біздің ежелгі қарсылас екені белгілі. Содан да болар, жеңіл сал­мақтағы Біржан Жақыпов пен әлем чемпионы Миша Алоян арасын­дағы кездесуді көп болып күттік. Алайда, Ресей құрамасы 49 келі­дегі Миша Алоян мен 52 келідегі Давид Айрепетянды жарақат алуларына орай, турнирдегі соңғы кездесуге шығарған жоқ. Бұл шешім біздің пайдамызға шешіліп, 2-0 есебімен алға шықтық.

Қазақстан-Ресей кездесуін Ға­ни Жайлауов пен Альберт Сели­мовтың жекпе-жегі ашты. Ғани барын сала бокс­­тасса да бір ұпай айырмасымен Се­­­лимовтен жеңі­­­ліп қалды. Ғани­­дің ізін ала Қа­­­нат Әбутәліпов Сергей Водопьяновпен кездесіп, ол да орыс бокшысына жол берді.

64 келідегі Данияр Елеу­сі­­нов есімі көпке белгісіз ресейлік Александр Соляниковтен шебер­лі­гімен де, шаршы алаңды игеруімен де басым түсті. Азия ойын­дары­ның чемпионы Елеусіновтің жеңісі еңсесі түскен жанкүйер қауымды бір желпінтіп тастады.

Одан кейін шаршы алаңға екі дүр­кін әлем чемпионы, дүниежү­зі­лік доданың күміс және қола жүл­­дегері Серік Сәпиев пен ресейлік Андрей Замковой шықты. 2009 жылы Миланда кеткен есені біздің боксшы еселеп қайтарды. Зам­ко­вой­­дың мұн­дай дәрменсіз күйін Бакудегі әлем чемпионатында да көрген жоқ­пыз. 2009 жылғы әлем чемпио­на­ты­ның кү­міс жүлдегері Замковой Сә­­­пи­евтен 14-4 есебімен ойсырай ұт­­ылды. Бү­кіл жекпе-жек бойы Замковойды бұ­рыштан-бұ­рышқа қуалап жүріп са­ба­ған Сә­пиев осыдан үш жыл бұ­рын­­ғы жеңілісінің қарымын қайтарды.

75 кг салмақтағы Данабек Су­жановтың дайындығы да, техни­ка­лық шеберлігі де залға жиналған жан­күйерді қуантқан жоқ. Біздің жі­гіт тым сылбыр жұдырықтасты. Еуропа чемпионы, ресейлік Максим Коптяков Сужановты тырп еткізбеді десек, артық айтқанымыз емес. Ре­сейлік боксшы ұпай санымен жеңіп кетті. Әлем чемпио­на­тының күміс жүлдегері Әділбек Ниязымбетов пен 2009 жылғы әлем чемпионы Егор Мехонцев (81кг) айқасты. Көрер көзге нағыз тартысты өткен кездесу болғаны­мен, 13-11 есебімен жеңіс Мехон­цевтің уысында кетті.

Құрамадағы жас боксшымыз Ал­ек­сей Севастьянов ресейлік Артур Битербиевтен оңбай жеңілді. Артур­­­дың бапкері шаршы алаңға орамал лақтырмағанда шәкірті нокаут алатыны анық еді. Соңғы жұп, аса ауыр салмақтағы алыптар Иван Дычко мен Магомед Омаров арасындағы кездесу «төрттік тур­нир­дің» нүкте­сін қойды. Бұл жек­пе-жектің алдында біз Ресейден 4-5 есебімен ұтылып жатқан едік. Еуропа чемпионы Омаровты соқ­қы­ның астына алып жүріп біздің Дычко 11-8 есебімен Қазақ­стан құрамасын жалпы есептегі жеңі­лістен аман сақтап қалды.

Қазақстан-Ресей: 5-5. Есеп тең болғанымен, есе жіберген тұсымыз көп. Ресейдің екі боксшысы жекпе-жектен бас тартпағанда, қоры­тынды есеп басқаша болар ма еді?! Жасырып қайтеміз, қос жеңісті Ресей құрамасы бізге сыйға тартты. Біздің құрамадағы үш жігіт қана таза жеңді. Олар Данияр Елеу­сі­нов, Серік Сәпиев және Иван Дычко. Жартылай жеңіл салмақтағы Ғани Жайлауов пен Қанат Әбу­тәліпов, 75 кг салмақ дәреже­сін­дегі Данабек Сужанов Олимпиа­даға мықты дайындықпен бармаса, күні ертең ел алдында жерге қарап қалуымыз мүмкін.

Қанат ЕСКЕНДІР,

Алматы.

Суретті түсірген Берсінбек СӘРСЕНОВ.