23 Ақпан, 2012

Эктовтар әулеті жазғы Олимпиадаға кемі екі жолдама ұтып алуға нық бел байлап отыр

310 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Эктовтар әулеті жазғы Олимпиадаға кемі екі жолдама ұтып алуға нық бел байлап отыр

Дүбір

Олимпиадаға 155 күн қалды

Лондонда өтетін ХХХ Олимпиада жолдамасынан қызылжарлық спортшылардың еншісіне нақты бұйырғаны әзірге біреу ғана. Оны ұзындыққа үш мәрте секіруден халықаралық дәрежедегі спорт шебері Ирина Эктова былтыр Алматыда өткен жеңіл­атлетшілердің үшінші жазғы спартакиадасында жеңіп алды (Ол бертінге дейін Литвиненко деген қыз кезіндегі тегімен танымал болып келген – Ө.Е.). Бір қызығы, осы айтулы жарыста Евгений Эктов алтын ме­дальді қанжығаға өңгергеніне қарамастан, жолдамадан тыс қалды. Оның себебін ха­лық­аралық дәрежедегі спорт шебері, ұзын­дыққа үш мәрте секіруден Сидней, Пекин олимпиадаларына қатысушы Елена Парфенова түсіндіріп берді.

 

Дүбір

Олимпиадаға 155 күн қалды

Лондонда өтетін ХХХ Олимпиада жолдамасынан қызылжарлық спортшылардың еншісіне нақты бұйырғаны әзірге біреу ғана. Оны ұзындыққа үш мәрте секіруден халықаралық дәрежедегі спорт шебері Ирина Эктова былтыр Алматыда өткен жеңіл­атлетшілердің үшінші жазғы спартакиадасында жеңіп алды (Ол бертінге дейін Литвиненко деген қыз кезіндегі тегімен танымал болып келген – Ө.Е.). Бір қызығы, осы айтулы жарыста Евгений Эктов алтын ме­дальді қанжығаға өңгергеніне қарамастан, жолдамадан тыс қалды. Оның себебін ха­лық­аралық дәрежедегі спорт шебері, ұзын­дыққа үш мәрте секіруден Сидней, Пекин олимпиадаларына қатысушы Елена Парфенова түсіндіріп берді.

– Олимпиада жолдамасын сарапқа салатын жеңіл атлетшілерден белгілі халық­ара­лық нормативтерді орындау талап етіледі. Атап айтсақ, «А» лицензиясын ұту үшін қыз­дар кемі 14 метр 30 сантиметрді, «В» лицензиясын иелену үшін 14 метрді ба­ғын­дыру керек. Жігіттер үшін 17 метр 10 сантиметр және 16 метр 90 сантиметр болып белгілен­ген. Алатау баурайында Ирина 2-ші орын алса да 14 метр 48 сантиметрге қар­ғып, «А» лицензиясын қоржынға салды. Евгений 16 метр 88 сантиметрге ғана секірді. Ал күзде Күншығыс елінде ұйымдас­ты­рыл­ған Азия біріншілігінде 16 метр 91 санти­метрді көрсе­тіп, «Б» лицензиясын еншіледі, – деді ол.

Сөз арасында Евгенийден басқа жерлес­те­ріміз Маргарита Мацко /800 метр/ мен Владислав Поляков /жүзу/ «В» лицензиясын иеленгенін айта кеткен жөн. Алда әлі Олимпиада жолдамасы таласқа түсетін небір бай­рақты бәсекелер тұрғанын ескерсек, лицензиялар санының өсе түсеріне күмәніміз жоқ. Ол үшін аянбай тер төгулеріне тура келері анық. Бұл санатқа боксшымыз Дариға Шәкімова мен балуанымыз Роман Мелешинді де қосуға болады.

Ерлі-зайыпты Александр Николаевич пен Нина Викторовна Эктовтардың есімдері Қызылжар жұртшылығына жақсы таныс. Кәсіпқой спортшылар көп жыл бойы спорт­тың қысқа қашықтыққа жүгіру түрімен айналысып, бірнеше мәрте облыстың, еліміз­дің жеңімпазы атанған. Енді, міне, ширек ғасырға жуық «спорт падишасы» саналатын жеңіл атлетиканың жас толқынын тәр­бие­леумен айналысып келеді. Тәжірибелі бапкерлер өздерінің төл мектебін қалыптас­ты­рып, қанат қаққан шәкірттері додалы бәсе­келерде олжа салып жүр.

Солардың бірі – баласы Евгений мен ке­ліні Ирина. Мектепте оқып жүрген қарша­дай қыздың спортқа бейімін алғаш байқап, қам­қорлығына алған А.Эктовтың өзі болатын. Жеке жаттықтырушысы ретінде ұзын­дыққа үш мәрте секірудің қыр-сырына талмай үй­ретті. Ирина спортқа кештеу келсе де, тынбай еңбектенудің арқасында қысқа мер­зімде талай белестерді бағындырды. 2007 жылы Макаода өткен Азия ойындарында жеңістің ең биік тұғы­ры­на кө­те­рілді. 2008 жылы Пе­кин­дегі Жаз­ғы олимпия ойындарына қатысу бақытына ие болды. Тәжірибенің аздығынан жеңіліс тапса да, көп нәрсе үйреніп қайтты.

Осыдан екі жыл бұрын Евгений мен Иринаның көңілдері жара­сып, шаңырақ құрды. Дү­ние­ге Яна есімді қыздары келіп, Ирина спорт­­­тан қол үзіңкіреп қалды. Алайда, бала күту демалысынан кейін үл­­­­­кен аренаға қайта оралды. Үзбей жаттығып, әбден бабы ке­ліскен соң, бай­рақ­ты бәсеке­лер­де қайта­дан жар­қы­рап көріне бастады. Лон­­­­донда бағы жанып, елі­­міз­дің әнұ­ра­ны шырқалып жат­са, таң­д­ану­дың еш реті жоқ. Намысты қыз тұ­манды Альбион еліне қа­тысушы емес, жүлде олжалайтын бәсеке­лес ретінде барғысы келетінін еш жасырмайды.

«В» лицензиясына Евгенийдің көңілі көн­шір емес. Жолдамаға жол ашатын Гран При /Банкгок/, Ғ.Қосанов /Алматы/, Татьяна Колпакова атындағы /Бішкек/, Қазақстан чемпионаты секілді лицензиялы жарыстарда топ жаруды басты мақсат еткен сыңайлы. Бүгінде олар оқу-жаттығу дайындықтарын Тай­ландта қызу бастап кеткен. Жеке бап­кер­ле­рі – жеңіл атлетикадан облыстың аға жат­тық­тырушы қызметін атқаратын А.Эктов.

Нина Викторовнаның көңілі алаң. Не­ме­ресі Янаны әжелік мейіріммен аялап-тол­ға­нып, Эктовтар әулетінің тілеушісі болып отыр. Ол да жаттықтырушылықпен шұғыл­да­нады. Облыстық жоғары спорттық шебер­лікті жетілдіру мектебінің тәжірибелі бап­ке­рі ре­тін­де болашақ олимпиада ізбасарларын тәр­бие­леп келеді. Оның Евгений Клюев, Алексей Мащенцев, Светлана Загороднева секілді балғын шәкірттері шет елдерде олжа сала бастады. Қызы Екатерина әпкесінің жолын қу­ған. Ұзындыққа үш мәрте секі­ру­ден еліміздің бірнеше дүркін жеңімпазы атанып, Канада мен Италияда өткен әлем чемпионаттарына қатысып қайтты.

Қызылжар өңірінде жеңіл атлетиканың дамуына осылайша зор үлес қосып келе жатқан Эктовтардың қос шәкіртінің бабы мен бағы келісіп, еліміздің абыройын асқақ­тат­са, шіркін, деген арманымыздың ақиқат­қа айналуын тілейік.

Өмір ЕСҚАЛИ,

Солтүстік Қазақстан облысы.