25 Ақпан, 2012

Қазақ күресіне қолдау керек

530 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Қазақ күресіне қолдау керек

Жақында Дүниежүзілік қазақ күресі федерациясының өткен жылғы жұ­мыстарын қорытындылауға және алдағы мақсат-міндеттерін тал­қы­лауға арналған алқа отырысы өтті. Оған төл күресімізден облыстық фе­дерациялардың басшылары мен бапкерлер қатысты.

 

Жақында Дүниежүзілік қазақ күресі федерациясының өткен жылғы жұ­мыстарын қорытындылауға және алдағы мақсат-міндеттерін тал­қы­лауға арналған алқа отырысы өтті. Оған төл күресімізден облыстық фе­дерациялардың басшылары мен бапкерлер қатысты.

Бұл жиында төл күресіміздің болашағы төңірегінде көптеген мәселелер көтерілді. Алдымен Дүниежүзілік қазақ күресі фе­дерациясының президенті Серік Төкеевтің баяндамасы тың­дал­ды. Серік Адамұлы былтырғы жылдың қорытындысы туралы баяндама жасағанымен, қазақ күресін дамыту мәселесіне не­гізгі екпінді жасады. Оның айтуынша, бүгінгі күнге дейін қа­зақ күресінен сегіз рет Азия, бір рет Еуропа және үш рет әлем чемпионаты өткізілді. Сонымен бірге, күрестен ересектер, жастар мен жасөспірімдер арасындағы ел бі­ріншілігі, күш атасы Қажымұқанға, Қазақ­стан Республикасының еңбек сіңірген жаттық­ты­ру­шысы Бақытжан Жаңбырбаевқа және самбодан әлем чемпионатының күміс жүлдегері Ерзат Төкеевке арналған дәстүрлі халықаралық жарыстар ұйымдастырылып келеді. Ал былтыр 9 республикалық және 4 халықаралық турнир өтсе, алдағы кезде федерацияның бекітілген кестесіне сәйкес бірнеше үлкен жарыстар өткізу жоспарлануда.

Осы орайда Серік Адамұлы былтыр тұң­ғыш рет өткізілген «Қазақстан барысы» тур­ниріне жеке тоқталып өтті. Бұл турнир өткен жылы халық арасында үлкен резонанс тудыр­ған турнир болып саналады. Сондықтан федерация басшысы оның мақсатын айта келіп, аталған турнирді дәстүрге айналдырудың маңыздылығын атап көрсетті. Онда ол былтыр «Қазақстан барысы» турнирінің жүлде қоры 300 мың АҚШ доллары болса, биылғы жарыс­та жүлде қорының 450 мың АҚШ доллары болатынын мәлімдеді. «Былтыр «Қазақстан барысы» турнирінің Қызылорда облысы әкім­дігінің және КТК телеарнасының қолдауымен өткенін білесіздер. Соған байланысты біз бел­гілі қоғам қайраткері, Дүниежүзілік қазақ кү­ресі федерациясының бірінші вице-президенті Ислам Әбішевке, федерациямен тізе қосып жұмыс істеген Қызылорда облысының әкімі Болатбек Қуандықовқа, облыс әкімінің орынбасары, қазақ күресінен Азия федерация­сы­ның президенті Рзақұл Нұртаевқа, КТК те­леарнасының бас директоры Арман Шораевқа алғысымызды білдіреміз. Осы азаматтардың қолдауымен қазақ күресінен үлкен турнир өткізілді. Бұл турнир енді дәстүрге айналып, оның жүлде қоры 450 мың АҚШ доллары болады. Ол жүлде 1-8 орын алған балуандар мен бапкерлерге таратылады», деді С.Төкеев.

Сонымен бірге, жиында былтыр Литваның Паланга мен Шяуляй қалаларында күрес түр­леріне арналған симпозиум мен ІІ Еуропа ойындары сияқты қазақ күресі қатысқан ха­лық­аралық жарыстардың маңыздылығы туралы әңгіме қозғалды. Осы мәселе бойынша Серік Төкеев Литвада өткен Еуропа ойындары мен симпозиумда төл күресіміздің тарихы, оны дамыту жөнінде баяндама жасалғанын, ал феде­ра­ция­ның өкілдері, бапкерлер мен мамандар онда ата күресімізден жарыстар өткізуге кө­мек­те­сіп, біраз насихат жұмыстарын жүргізіп қайт­қанын мәлімдеді. Оның айтуынша, жалпы был­тыр қазақ күресін дамытуға арналған осындай жұмыстар атқарылды. «Қазіргі кезде, – деді ол, – әлемнің әр түкпірінде төл күре­сі­мізден федерациялар ашылып жатыр. Мәсе­лен, Польша, Эстония, Ресей, Грекия, Ұлы­бри­тания елдерінде ашылып жатса, бұған неге қуан­басқа. Ал өткен жылы күрестен Түркияның Анталия, Иранның Горган қалаларында әлем кубогы мен чемпионаты өтті». Осы орайда Серік Адам­ұлы бола­шақ­та қазақ күресінен 60-тан астам елде федерация­ның ашылатынын, сөйтіп, оны Азия ой­ындарының, сосын Олим­­пия ой­­ындарының бағдар­ламасына енгізу жоспарланып отырғанын жеткізді.

Ал бүгінге дейін жасалған ең басты жұмыс, бұл, әрине, қазақ күресінің Халықаралық күрес түрлері қауымдас­тығы­ның (FILA) мүшелігіне кіргенін айтуға болады. Қазіргі кезде осы мәртебелі ұйымға мүше болудың арқасында төл күресіміздің төрткүл дүниенің төрт бұрышына таралуына мүмкін­дік жасалып отыр. Енді қазақ күресі FILA аясында өтетін барлық додалардың бағдарла­масына кіретін болады. Мәселен, былтыр ата күресіміздің дүниежүзілік және еуропалық ойындардың бағдарламасына енсе, биыл төрт жылда бір рет өтетін Таси ойындарының аясындағы жарыстарға кіреді деп күтілуде. Осы ретте былтыр күресіміздің Үндістанның Пуне қаласында дәстүрлі күрес түрлерінен өткен фестивальдің бағдарламасына еніп, сол сегізінші рет жалауы көтерілген жарыста қазақ күресінен белдесулердің өткенін айтуға болады. Біздің күрестен жарыстар өзге елдерде төбе көрсетіп жатса, әрине, жақсы. Дегенмен, алдағы кезде төл күресімізді насихаттап, оны әлі де дамыту үшін атқарылатын жұ­мыстар аз емес. Жаңағы жарыстарға балуандар мен бапкерлер мемлекет атынан ғана барып жатқан жоқ. Олар Дүниежүзілік қазақ күресі федерациясы мен жекелеген жаны жомарт, қолы ашық азаматтардың көмегімен шет елдерге шығып, жарыстарға қатысып жат­қанын айтуымыз керек. Олардың жолақысы, жатын орны мен тәуліктігінің бәрін федерация мен демеушілер көтеріп жатыр.

Мәселен, балуандардың жақында ғана шет елдерде өткен жарыстарға белгілі азамат Ислам Әбішев, Қызылорда облысы әкімінің ор­ынбасары Рзақұл Нұртаев сияқты жана­шыр­лардың көмегімен барып келді. Әрине, біздің кү­реске жекелеген азаматтардың демеушілік жа­сап жатқаны көңілімізді өсіреді десек те, бізге өзіміздің халқымыздың атымен аталатын күреске (дүние жүзі бойынша халықтың атауын иеленген жалғыз күрес түрі) мемлекет тарапынан үнемі қолдау көрсетіп, оны дамытуға жүйелі жұмыстар жүргізілсе дегі­міз келеді. Егер мемлекет, Үкімет өзі бас болып, ата кү­ресімізді дамытуға ниет білдірсе, онда шешіл­мейтін мәселенің қалмайтынына сөз беруге болады. Сонымен бірге, «Самұрық-Қа­зына» қоры велоспорт сияқты қазақ күре­сі­не де қол­дау көрсетсе, артық етпес еді. Мұ­ның бәрінің болашақта болатынына сенеміз. Дегенмен, бү­гінгі күннің мәселесін ертеңге қал­дырып, мем­лекеттің қазақ күресін дамытуды қол­ға алуға толық мүмкіндігі болып тұрғанда, бұл мәселе қазір шешілсе нұр үстіне нұр болар еді.

Алқа отырысында қазақ күресіне мемле­кеттің қолдауы жеткіліксіз екені сол жерде пікір алысқан облыстық федерациялар мен бап­керлердің сөздерінен аңғарылып тұрды. Қа­зіргі таңда елімізде төл күресімізбен 15 мың балуан айналысса, оларды 500 бапкер жат­тықтырады екен. Мәселен, Ақмола облысында – 40, Ақтөбе облысында – 26, Алматы облысында – 16, Атырау облысында – 20, Шы­ғыс Қазақстанда – 40, Жамбыл облысында – 42, Батыс Қазақстанда – 14, Қарағанды облысында – 50, Қызылорда облысында – 26, Қос­танай облысында – 8, Маңғыстауда – 15, Павлодар облысында – 40, Солтүстік Қазақ­стан облысында – 17, Оңтүстік Қазақстан облысында 60 бапкер болса, Астана қаласында – 4, ал Алматыда 7 маман жұмыс істейді. Осы­ған қарамастан, облыстарда қалалық, аудан­дық турнирлер мен жарыстар өткізіліп келеді. Мұ­ны енді жергілікті бапкерлердің төл кү­ресі­мізге жаны ашығандығы ғана емес, күресті дамытудағы зор еңбегі деп бағалауға болады.

Жиында осы мәселе бойынша білікті бапкерлер Диқанбай Биткөзов пен мемлекеттік жаттықтырушы Марат Жақыт, Жамбыл, Шы­ғыс Қазақстан, Қарағанды облыстық федера­циялардың президенттері Жетен Медеуов, Амантай Касимов пен Виктор Лим және Астана қалалық федерациясының президенті Ұлан Құттыбаев, АҚШ-та тұңғыш рет Қазақ күресі­нен федерация ашқан Алмас Мұсабеков, бел­гілі бапкер Жеңіс Биткөзов сөз сөйлеп, ой-пікірлерін айтты. Мұнда Жамбыл облыстық федерациясының басшысы өңірде қазақ күре­сін дамытуда істеліп жатқан жұ­мыс­тарды айта келіп, басқа спорт түрлерімен салыстырғанда төл күресіміз әлі де қолдауды қажет ететінін, мысалы, Жамбыл облыстық бокс федера­ция­сы­ның спортшыларға ай сайын шәкіртақы та­ғайындайтынын, оларға мемлекет пен респуб­ликалық федерация тарапынан үлкен қолдау көрсетілетінін жеткізді. Осындай қолдау-кө­мек қазақ күресіне де керек деген пікірін біл­дірді. Сол сияқты басқа облыстық федера­ция­лардың басшылары да өз сөздерінде төл кү­ресімізді дамыту үшін алдымен оның таби­ға­тын түсініп, оған деген қызығушылықты арттыру керектігін, осылай жиі-жиі бас қосып, күрес мәселесін қозғай беруді ұсынды.

Осы жерде қазақ күресін насихаттап, дамытуды қолға алған Қарағанды облыстық федера­циясының жұмысына риза болмасқа амал жоқ. Бұл облыста федерацияны Виктор Лим деген азамат басқарып келеді. Өзі кәсіп­кер, қазақ десе жүрегі толқып, елжіреп кететін еліміздің нағыз патриоты. Кезінде әке-шешесі Қазақстанға ке­ліп, осында туған Виктор Афа­насьевичтің қазақ күресіне қызы­ғу­шылы­ғын оятқан адам – абыз бапкер Диқанбай Биткөзов екен. Диқанбай аға­ның айтуынша, ол Виктор Лиммен бір сағат бо­йы қазақ күресінің тарихы, оның ерекшеліктері мен басқа күрестерге қарағанда айырмашылық­тары туралы әңгіме­лескен екен. Ұзын сөздің қысқасы, Д.Биткөзов Виктор Афанасьевичтің облыстық федерацияны басқаруға келісімін алыпты. Қазір ол бас­қаратын федерация еліміз­де алдыңғы қатарда. Оның облыста төл күре­сі­мізді дамытуда атқа­рып жатқан жұмыстары шық бермес Шығай­байларды айтпағанда, көп­теген қазақтың қалталыларына үлгі болуы тиіс.

Жиында қазақ күресін дамытуға байла­ныс­­ты басқа да көптеген мәселелер қаралды. Со­ңында Дүниежүзілік қазақ күресі федера­ция­сының төл жарысымыздан биыл өтетін турнирлер мен біріншіліктердің кестесі түзіліп, алдағы мақсат-міндеттері айқындалды.

P.S. Қазіргі кезде күрес кілемінде дүние жүзі мойындаған бір шындық бар. Ол қазақ кү­ре­сінің әлемдегі ең таза күрес ретінде мойындалғаны. Былтыр көршілеріміздің күрес түрлері FILA-ға мүше бола алмай жатқанда, біздің күрес бірден мүшелікке қабылданды. Оның себебі, бізбен өздерін бәсекелес санайтын өзбектердің «курешінің» өзіндік киім үлгісінің болма­ға­нында екен. Олар белдескенде жапондардың дзюдо күресінің кимоносын киіп шығады. Ал қа­зақ күресінде өздерінің күртешесі, бұрынғы батырлардың сауыттарына ұқсайтын киімдері бар. Біздің киім басқа бірде-бір елдің спорттық киіміне ұқсамайды. Ұлттық күрестің әдіс-тәсілдері де ерекше. Сосын біздің күрес жер жүзінде халықтың атауына ие болған жалғыз күрес болып саналады.

 Міне, осындай басқа күрес түрлерінен артықшылығы көп төл өнерімізді насихаттауға бәріміз бір кісідей атсалыссақ, бұл біздің ғасырлар бойы тарам-тарам ұрпақ арқылы жеткен асыл қазынамыздың бірін дамытуға қосқан үлесіміз болар еді.

Дастан КЕНЖАЛИН.