01 Наурыз, 2012

Дүбір

357 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Дүбір

Олимпиадаға 148 күн қалды

ТӨРТЖЫЛДЫҚТЫҢ БАСТЫ БӘЙГЕСІ

Олимпия ойындары – жер жүзіндегі жа­рыстардың жарысы, төресі болып саналады. Қазіргі кезде күллі адамзат қауымы әлі Олимпиададан артық, Олимпиададан қызығы­рақ жарыс ойлап тапқан жоқ. Өйткені, осы төрт жылда бір келетін байрақты дода бүгінгі күні бүкіл дүние жүзін біріктіретін, бүкіл халық­тың арманын бір жерге то­ғыс­тыратын жарыс болып табылады.

 

Олимпиадаға 148 күн қалды

ТӨРТЖЫЛДЫҚТЫҢ БАСТЫ БӘЙГЕСІ

Олимпия ойындары – жер жүзіндегі жа­рыстардың жарысы, төресі болып саналады. Қазіргі кезде күллі адамзат қауымы әлі Олимпиададан артық, Олимпиададан қызығы­рақ жарыс ойлап тапқан жоқ. Өйткені, осы төрт жылда бір келетін байрақты дода бүгінгі күні бүкіл дүние жүзін біріктіретін, бүкіл халық­тың арманын бір жерге то­ғыс­тыратын жарыс болып табылады.

Бұл ойындарға құрлықтық жарыстардан іріктеуден өтіп, жолдама алған елдердің спорт­шылары қатысады. Сол себепті онда бір ай бойы жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шыққан спортшылар ғана күш сынасатын болады. Жалпы, Олимпиада күні кеше ғана пайда болған жоқ. Бұл жарыстың тарихына қарасаңыз, оның іргетасы француз Пьер де Кубертеннің ұсынысы бойынша алғаш рет Афинада өткен ойындарда емес, одан ертерек, б.з.б. 776 жылда қаланғанын көруге болады. Иә, сол кезде ол алғаш рет Зевс құдайының құрметіне Олимпия қаласында өткізілді. Дегенмен, осы күнге дейін оның нақты пайда болу мерзімі туралы ешбір жерде ешқандай мәлімет жоқ.

Ал жаңағы Олимпиаданың іргетасы б.з.б. 776 жылы қаланғаны бізге жеткен эллин­дердің аңызынан алынған мәлімет. Сөйтіп, сол кезде ежелгі гректер Олимпия қаласында алғашқы жарыстарын өткізіп, онда әскери дайындық, дене шынықтыру өнерін көрсету байқаулары, ақындар мен шешендердің дәс­­­түрлі айтысы, әртүрлі көрмелер ұйымдас­­­тырған. Ал жарыстары бес күнге созылып, оған жүгіру, күрес, ат жарысы, қоссайыс пен бессайыс сияқты спорт түрлері кірген. Сол кезде жарыстарда жеңімпаз атанған адамға зәйтүн ағашының жапырағынан өрілген алқа кигізіліп, құрмет көрсетілген екен.

Тағы бір аңызда ежелгі Элладада тек бір ғана спорт түрі – жүгіруден ғана жарыстар өтіп, ол Эллис және Писы қалаларында өткен деген дерек бар. Содан кейін ойындар танымал болған соң, оған грек қалаларының бәрі қатыса бастапты. Сол кезде Олимпиада жақындаған сайын Элладада елдің барлық түкпіріне «Қасиетті бейбітшілікті» хабарлайтын желаяқтар жіберіліп тұрған екен. Олар барлық елді мекенді өз еркімен аралап, соғысты тоқтатуға көп жұмыс істеген. Оларды, қазіргі тілмен айтсақ, еріктілер (волонтерлер) деп те айтуға болады. Міне, сол волон­­­терлерді барлық жерде салтанатпен қарсы алып отырған. Оларды тек Эллада елі ғана емес, Мысыр, Испания, Қырымда да ерекше салтанатпен қарсы алатын болған.

Сөйтіп, Олимпия ойындары кезінде со­­­ғыс­тар тоқтатылып, бүкіл елде «Қасиетті ты­­ныштықты» орнату дәстүрі болған деген аңыз бар. Осы кезде бүкіл Эллада елінде бір айдан үш айға дейін адамдарға бір-біріне қару жұмсауға, қылыш ойнатуға, тіпті жарыстарды тамашалауға қару-жарақпен келуге тыйым салынатын болған. Мұндай дәстүр қазіргі кезде де бар. Алайда, Олимпиада кезіндегі «Қасиет­ті тыныштықты» 2008 жылы Ресей мен Грузияның бұзғаны көпшіліктің көңіліне кір­бің түсіргені белгілі. Осындай жағдай бұдан былай қарай қайталанбаса екен дейміз.

Ал Эллада елінен бізге жеткен аңыздарға қарағанда, сол алғаш рет Олимпия қала­­­сын­да өткізілген жарыс кейін б.з.б. 394 жылы Византия императоры Феодосий І-дің бұй­­­ры­­­ғы бойынша тоқтаты­­лады. Содан кейін ХІХ ғасырдың орта шенін­­­де Грекияда Олимпия ойындарын қайта жандандыру мақсатында біраз әрекет жасалады. Сол кезде 1859, 1870, 1875 және 1889 жылдары Афинада секіру, жүгіру, диск, найза лақ­­­тыру, гимнастика сияқты спорт түрлерінен жа­рыстар өтіп, оған тек грек спортшылары ғана қатысады. Міне, осындай Олимпиада қоз­­­ғалысын жандандыру мақсатында істелген жұ­­­мыстардың нәтижесінде ойындар бүкіл грек халқын біріктіретін ұлттық идеяға айналады.

Бұл ойындарды ұйымдастыруда француз Пьер де Кубертен көп еңбек сіңірді. Ол Олимпиялық қозғалысты жандандыруға, қай­та тірілтуге 40 жылдай уақытын жұмсады. 1892 жылы 25 қарашада Сорбоннаның салтанат залында Пьер де Кубертен «Олимпиаданы жаңғырту» тақырыбында дәріс оқыды. Осы жерде ол алғаш рет бүкіл әлемде спортты жандандырудың маңыздылығын, ол бейбіт­ші­лік пен қауіпсіздіктің символы болуы ке­ректігін айтып, Олимпиаданы өткізу туралы ұсыныс жасады. Алғашқы кезде бұл идея гректердің өзінен шыққан болатын. Гректер бұрынғы дәстүрді қайта жаңғырту үшін әр төрт жылда астық пен жүзім жинау маусы­мының арасында спорттық жарыстар өткізу туралы шешім қабылдаған еді. Сондай оты­рыстардың бірінде гректер Олимпиялық ойындардың бірыңғай күнтізбесін бекіту идея­сын айтып, ойындарды бір күнде өткізу туралы ұсыныс жасап, кейін оны бір айға дейін ұзартуға болады деген шешімге келеді.

Ал Пьер де Кубертен сол идеяны заңды негізде іске асырғысы келіп, Францияның оқу ағарту министріне Олимпиаданы өткізу туралы ұсынысын айтады. Министр болса, оның бұл идеясы жақсы екенін, ұсынысын қабыл­дайтынын, бірақ бұл мәселені халықаралық деңгейде көтеріп, оған дене тәрбиесін дамыту жөніндегі халықаралық конгресті шақыруды тапсырады. Содан 1894 жылы 24 маусым күні Сорбоннада конгресс шақырылады. Оған 12 елден келген екі мың делегат қатысып, Олимпия ойындарын өткізу үшін Халықаралық олим­пиада комитетін құру туралы шешім қабылдайды. Оның тұңғыш төрағасы болып грек Деметриус Викелас сайланады. Сол жерде шығыс пен батысты байланыстыру үшін екі өркениеттің арасында жатқан Афина қа­ласы алғашқы Олимпиаданы өткізетін қала болып таңдалады. Арада екі жыл өткен соң, 1896 жылы Афина қаласы қа­­зіргі заманғы Олимпия ойындарын алғаш рет өткізеді. Ал екі жыл бұрын конгресте Олимпиа­даны өткізу туралы баяндама жасаған француз Пьер де Кубертен тарихта Олимпиаданы тірілткен, оның бастамашысы болған адам ретінде қалады.

1896 жылы Афина Олим­пиадасы 6-15 сәуір аралығында өтеді. Бағдарламасына күрес, гимнастика, жеңіл және ауыр атлетика, жүзу, нысана көздеу, теннис, семсерлесу сияқты спорт түрлері кірген Олим­пиа­даға 13 елден 311 спортшы қатысады. Осы жылы Олимпиада алауы жағылады. Содан бе­рі ол төрт жылда бір рет қолдан қолға, шекарадан шекараға өтіп, Олим­пиаданы қабылдай­тын қаланың төріне келіп, үл­кен қазандықта тұтанады. Ал Олимпиаданың эмблемасы 1913 жылы жасалады. Ондағы 5 шең­бер – 5 құрлықты бейнелейді. Олим­пиаданың туы – ақ матаға салынған логотип. Ақ түс – ойын кезіндегі бейбітшілікті білді­реді. Оны қолдану 1916 жылы жоспарлан­ға­нымен, тек 1920 жылы ғана Бельгияда алғаш рет жүзеге асады.

Міне, Олимпиада сияқты тарихи жарыс­тарға біздің еліміз тәуелсіз мемлекет ре­­тінде тек 1996 жылдан бері қатысып келеді. Ал одан бұрын, яғни Кеңес Одағы кезінде де қазақ жастары Олимпиадаға алып елдің қол астында қатысқанын білеміз. Қазақ жаста­ры­ның алғаш­­­қы жүлде алған кезі де сол КСРО тұсында болатын. Ғұсман Қосанов 1960 жылы Римде өткен Жазғы ХVІІ Олимпиадада 4х100 метр­­­­лік эстафеташылар жарысында кү­міс жүлде алды. Ал қазақтан шыққан тұң­ғыш Олимпиада чемпионы – баскетболшы Әлжан Жармұ­ха­медов. Ол ағамыз КСРО құрама­сының сапында 1972 жылы Олимпиада чемпионы атан­ды. Содан кейін 1980 жылы грек-рим күре­сі­нен Жақсы­лық Үшкемпіров пен Шәміл Се­рі­ков Олимпиада чемпионы атағына ие болды.

Дегенмен, одан ертерек тағы бір талантты спортшымыз, биыл 75 жасқа толған  Әмин Тұяқовтың 1964 жылы Токиода өткен Жазғы ХVІІІ Олимпиадада жүлде алатын жөні бар еді. Ол кезінде 100, 200 метрге жүгіруден және 4х100 метрлік эстафеташылар жарысында КСРО рекордшысы болған. 1963-1965 жылдары 200 метрлік жарыста КСРО халық­та­ры спартакиадасының екі дүркін жеңімпа­зы, екі мәрте чемпионы, 100 метрлік қашық­тықта Одақтың бірнеше дүркін чемпионы атанған. Ал 4х100 метрлік эстафеташылар сы­нында Еуропа кубогының жеңімпазы, КСРО чемпионатының бас жүлдесін иеленген.

Бірақ, бірнеше жыл қатарынан халық­ара­лық жарыстар мен Одақ көлеміндегі бәйге­лер­­де топ жарып, жұбы жазылмай жүрген Тұяқов, Озолин, Қосанов, Политико төрттігі Токио Олимпиадасына барып тұрса да аяқ астынан өзгеріске ұшырады. КСРО-ның бас бапкері Тұяқовтың орнына эстафеташылар командасына Савчукті қосты. Нәтижесінде КСРО құра­ма­сы эстафетада мәреге төртінші болып жетті. Бас жүлде АҚШ құрамасының уысында кетті.

Алайда келесі жылы КСРО мен АҚШ арасында тарихта «Ғасыр матчы» деген атпен қал­ған кездесуде 4х100 метрлік эстафетада кеңес­тік төрттік есені қайтарып, бас бәйгені жеңіп алды. Бірақ бұл Олимпиададағы жеңіс емес еді…

Бұл енді, әрине, мүлдем басқа әңгіме.

Дастан КЕНЖАЛИН.

Суретте: Пьер де Кубертен.