Кіндік қаны тамған ата жұрттың ажары мен базары ортаймауы керектігі туралы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Рухани жаңғыру» бағдарламасында да жан-жақты айтқан болатын. Туған өлкесін түлетіп, өңір өмірін жақсартуға атсалысушылар осы бағдарламадан кейін тың серпінмен өз үлестерін қоса бастады. «Жомарт жүрек» байқауы − елім деп еміренген азаматтардың ел дамуына қосқан үлесін саралап, салмақтауға бағытталған маңызды жобалардың бірі. Бұл кеште ел болашағына бейжай қарай алмайтын азаматтардың атқарған еңбектері жалпақ жұртқа әйгілі болды.
– Соңғы екі жылдың ішінде облыста жалпы құны 5,5 миллиард теңгені құрайтын 96 әлеуметтік жоба жүзеге асырылды, – деді облыс әкімінің орынбасары Айна Мысырәлімова құттықтау сөзінде, – олардың басым бөлігі білім, мәдениет, спорт салалары. Бір ғана Целиноград ауданының өзінде жалпы құны 500 миллион теңгені құрайтын 9 жоба іске асырылды.
Салтанатты шарада «Жыл меценаты» аталымы бойынша Сандықтау ауданының «Свободное» серіктестігінің директоры Александр Закусилов, Есіл ауданы «Заречный» серіктестігінің директоры Уәлихан Әріпов, «Туған өлке» аталымы бойынша Қорғалжын ауданынан жеке кәсіпкер Құралай Түсіпбекова мен «Группа Компаний...» серіктестігі директорлар кеңесінің жетекшісі Ардақ Балтабеков және Целиноград ауданы «Көкше Жемчуг» серіктестігі басшысының орынбасары Қанат Жәкенов, Целиноград ауданынан іскер азамат Бауыржан Исабаев пен «Сандықтау» серіктестігінің директоры Жамул Мусханов марапатталды. Целиноград, Сандықтау ауданының әкімдіктері «Туған жер» бағдарламасы бойынша үздіктер қатарынан көрінді.
Байқал БАЙӘДІЛ,
«Егемен Қазақстан»
Ақмола облысы