Президент • 26 Қараша, 2018

Фузули Мажидли: Қазақстан – oртақ мұраның сенімді мекені

688 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Соңғы жылдары Қазақстанда мемлекеттің болашақ даму жо­лын белгілейтін «жол кар­тасы» іспетті бірнеше бағдарлама біз­­дің назарымызды аудар­ды. «100 нақты қадам», «Қазақ­стан-2050» стратегиясы және «Бола­шақ­қа бағдар: рухани жаңғыру» бағ­дарламаларында мемлекет­тің болашақ даму стратегиясы ай­қындалып, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың өз елін әлемдегі экономикалық тұрғыдан дамыған елдер қатарына қосу жолында үлкен жобаларды жүзеге асыру мақсатын көрсетеді. 

Фузули Мажидли: Қазақстан – oртақ мұраның сенімді мекені

Н.Назарбаев «Болашаққа бағ­дар: рухани жаңғыру» атты мақа­ласында өзінің ой-пікірін ортаға салды: «Заманауи Қазақстанды жасап жатқан нақты адамдарды қоғамға таныту, оларға ақпа­рат­тық қолдау жасап, танымал етудің жаңа мультимедиалық алаңын қалыптастыру, «100 жаңа есім» жобасының өңірлік нұсқасын жасау қажет. Ел-жұрт ұлтымыздың алтын қорына енетін тұлғаларды білуге тиіс». 

Бұл мақалалардағы тезистер күллі түркі әлемі үшін ұлттық сана-сезім және даму тұжырымы іс­петті теориялық мұра. Ұлттық сана-сезім, мемлекеттегі барлық ха­лықтар арасында бірлік-ынты­мақ­тың сақталуы, ғылым, өрлеу және даму – Қазақстан мемле­кеті үшін зор басымдыққа ие ба­ғыт­тар. Н.Назарбаев басшылы­ғын­дағы бауырлас ел үкіметінің мақсаты – 2050 жылға дейін әлем­нің экономикасы дамыған 30 елінің қатарына ену. Сол себепті жанармай-энергетика, туризм, сау­да, білім, денсаулық, көлік және логистикамен бірге негізгі сегіз бағыт бойынша қарқынды жұмыс жүргізіліп жатыр. 

Ел тәуелсіздігінің 27 жылын талдап қарастыратын бол­сақ, Президент Н.Назарбаев тәуел­сіз­діктің ал­ғашқы қиыншылықтарға толы және ауыр кезеңінен мемле­кетті абыроймен алып шықты. Ен­ді Қазақстанның өтпелі ке­зең­нен өтіп, жаңа бағдарламалар ар­қылы өзіне жаңа мақсаттар белгілегенін нық сеніммен айтуға болады. 

Қазақстан дамуының негізі

Негізінде Қазақстан тәуел­сіз­­діктің алғашқы жылдарынан бас­тап-ақ аймақтық геосая­си күш­ке айналу үшін қажетті бар­лық әлеуетке ие: алып терри­тория, табиғи ресурстар, саяси, әске­ри, экономикалық, ғылы­ми және мәдени әлеует. Ойды маза­­лай­тын бір ғана жайт – атал­ған фак­торлардың әрбіріне тіке­лей бай­ланысты адами ресурс тап­шылығы мен ұлттық кадр мәсе­лесі. Президент бұл мәсе­ленің шешімі білімде екен­дігін болжай отыра, өте көре­ген қа­дам жасап, 1993 жылы ТМД мем­лекеттері арасында ал­ғаш болып мемлекеттік бағдар­лама шеңберінде мыңдаған қазақ жасын дамыған білім мен басқару жүйесінің тәжірибесін үйрену үшін дүниенің төрткүл бұрышына жібере бастады. 

Бұл бағдарламаларды тәмам­да­ған ұлттық кадрларды енді мемлекет басқаруының барлық са­тыларында кездестіруге болады. Өткен жылы Халықаралық оқу­шылардың білім жетістіктерін бағалау қауымдастығы рейтин­гінде кейбір пәндер бойынша орта білім саласында Қазақстанның көптеген дамыған елдерден озып, алғашқы ондыққа кіргені кез­дей­соқтық емес. Сондай-ақ дүние­жүзілік бәсекеге түсе алатын жоғары оқу орындары ашылды. 

Әрине бұл жетістіктерге Н.Назарбаевтың білім саласын стратегиялық басымдық етіп алуы­на байланысты қол жет­кі­зілді. Өйткені ұлан-байтақ жері бар және табиғи ресурстарға бай бір мемлекетте адам ресур­с­тарының тапшылығы мәселесін шешудің ең тиімді жолы – білім және мем­ле­кеттік аппаратта басқару қабілеті бар кадрларды қамтамасыз ету.

Демографияның теңестірілуі, елорданың Алматыдан Астанаға көшірілуі, Ата Заң мен саяси құрылымның этностықтан гөрі территориялық негізге сәйкес құрылуы, білімде ұлттану сая­саты мен қазақ тілін көбірек қол­дану болды. Жаңа елорда – Ас­тананың тұсаукесер салтанаты­на қатысқан Әзербайжанның жал­пыұлттық көшбасшысы Гейдар Әлиев бұл оқиғаны «Тәуелсіз Қазақстанның ең үлкен жетістігі» деп атап көр­сеткен еді. Бұл батыл тарихи-сая­си қадам жалпы мемлекеттің демо­графиялық құрылымын өз­гер­тіп, мемлекетті біржақты емес, көпжақты дамуға алып келді. 

Нұрсұлтан Назарбаев 1997 жылы «Қазақстан-2030» страте­гия­сын қабылдау арқылы ұлттық мемлекеттің құрылысында жүйе­лі тәсіл көрсете білді. Стра­те­гия­ның негізгі мақсаты жаңа мемле­кеттің құрылысы болатын. 2013 жылы Назарбаев халық­қа Жолдауында «2030 Стратегия­сының» мақсат етілген уақыттан бұрын аяқталғанын, жаңа мем­лекеттің құрылғанын алға тартып, «Қазақстан-2050» стратегиясын жария етті. «Қазақстан-2050» стра­тегиясы ұлттық қауіпсіздік, эко­­номика, әкімшілік басқару, білім, денсаулық және инфра­құ­рылым салалары үшін «жол кар­тасын» белгілеумен қатар, Қазақ­­станның ұлттық бірегей­лік мә­се­лесі немесе ұлттық бірегей­лік­­тің қалыптасу үрдісінің әлі аяқ­тал­мағанын көрсететін тіл сая­сатын да негіз етіп алды. 

«Қазақстан-2050» стра­те­гиясы қазақ тілінің барлық са­лада ықпалды түрде дамыты­луын және 2025 жылы латын әліп­биіне көшуді мақсат етеді. Латын әліпбиіне көшу Қазақстанның жаһандық ұстанымына және түркі әлемімен интеграциясына оң әсер етеді. Енді Қазақстанда барлық этностық топтардың басын қосатын, бірақ өзінің тарихи және мәдени кодтарын ұмытпаған қазақ болмысы қалыптасып келе жатыр. Бүгінгі күні тарих, тіл, дін, демографиялық факторлар арқылы қалыптасқан Қазақ­стан бірегейлігі этностық ұлтшыл­­дықтың орнына көпмәде­ниет­тілік, мәңгілік мемлекеттілік эле­менттерін бойына жинақтайды. 

Қазақстан аталған Стратегия негізінде 2050 жылы ұлттық мем­­ле­кеттің құрылысын толық аяқтау­мен қатар, Орталық Азия, жаһан­дық және өңірлік ойыншы­лар үшін зор маңызға ие болады. 

Tүркі әлеміндегі интеграцияның архитекторы

Нұрсұлтан Назарбаев ортақ құндылықтары бар түркітілдес мемлекеттер арасындағы инте­­грацияны нығайту үшін маңыз­­ды бастамалар көтеріп, түркі әле­мі­нің лидері миссиясын абы­рой­мен жалғастырып келеді. Ол – түркі интеграциясын жүр­гізе­­тін Түркі кеңесі, ТүркПА, Ха­лық­­­аралық Түркі академиясы, Түр­­кі мәдениеті және мұра­сы қоры, ТҮРК­СОЙ тәрізді ұйым­дар­ды құру идеясының негіз­гі автор­ларының бірі.

Қазір Қазақстан Моңғолиядан Мажарстанға дейінгі ұлан-ғайыр аймақтағы рухани мұраны жаң­ғыр­туды мақсат еткен «Бола­шақ­қа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыруда. 

Қазақстан 2012 жылдан бас­тап жалғасқан талқылаулардың нәти­жесінде 2017 жылы жаңа әліпбиге өту жөнінде шешім қа­был­дады. Президент Нұрсұлтан Назарбаев­тың тапсырмасымен 2018 жылдан бастап оқу-әдісте­ме­лік құралдар мен мамандар да­йын­­далып, 2025 жылы латын әліп­биі толығымен қолданылатын болады. Мемлекет басшысының ресми газетте жарияланған «Бо­ла­шаққа бағдар: рухани жаң­ғы­ру» атты мақаласында да белгі­лен­гендей, Қазақстанның латын әліпбиіне өтуінің терең логикалық мәні бар. 

Негізі Қазақстанның латын әліп­биіне өтуі қырғыз, татар, баш­құрт, қарашай, құмық, ноғай және басқа да түркітілдес халықтардың әлеуметтік өміріне өзінің оң әсе­рін тигізері анық. Себебі латын әліп­биі – ғылымға негізделген инте­грацияға қарай апаратын жол­дың алғашқы баспалдағы.

Сонымен қатар барлық түр­кітілдес мемлекеттердің латын не­гізді әліпбиге өтуі кейін ор­тақ әліпби идеясының жүзеге асуы үшін де маңызды қадам. Ор­тақ әліпби негізінде қазақтар­дың әзер­байжан тілін, әзербай­жан­дар­дың өзбек тілін, өзбектердің түрік тілін үйренуі жеңілдейтін бо­лад­ы. Ал бұл өз кезегінде алып аймақта еркін түрде жү­ріп-тұруға, сонымен қатар әлеу­мет­тік-экономикалық және мәде­ни ықпалдасу үшін негізгі рөл ой­нау­мен қатар, ақпарат алмасу, ғы­лым, білім және басқа да іргелі салаларда интеграцияны жылдамдататын болады.

Бұл тұрғыдан ортақ әліпби – біртұтас ақпараттық алаң үшін де маңызды фактордың бірі. 

Tүркі әлемінде біртұтас ақпа­раттық алаңның орнатылуы ба­ғытында маңызды қадам, еш кү­мәнсіз, Түркі кеңесіне мүше мем­лекеттер басшыларының сам­митінде алға тартылған ортақ түр­кі телеарнасының құрылуы бас­тамасы. Түркі кеңесіне мүше мем­­­лекеттер басшыларының 2014 жылы Бодрумда өткен сам­митінде Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың түр­кітіл­дес мемлекеттердің ортақ те­ле­ар­насының құрылуы бастама­сы қорытынды декларацияда ай­тылды. Кеңестің V саммиті «Ме­диа және ақпарат саласындағы ын­тымақтастық» тақырыбымен Ас­тана қаласында өтті. Осы сам­митте түркі әлемінде инте­гра­цияның тереңдетілуі үшін «ортақ түркі те­ле­арнасын» құру ке­рек­тігі кезек­ті мәрте тілге тиек етіліп, бұл бағыт­тағы қажетті ша­ралардың жүзе­ге асуы үшін саяси ынта-жігер көрсетілді.

Tүркі кеңесінің Қырғыз Рес­пуб­­ли­касының Шолпан ата қала­сында өткен кейінгі саммитінде ин­теграция үшін негізгі фактор­лардың бірі – ғылымның да­муы, ғылыми байланыстар­дың те­реңдетілуі тұрғысынан Ха­лық­ара­лық Түркі академиясының рө­ліне жоғары баға берілді. 

Биыл Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның Оңтүстік Қазақ­стан облысының тарихи атауы­ның қайтарылуы бағытында ма­ңызды шешім қабылдап, Түркіс­тан ұғымын түркі әлемімен қайта қауыш­тырды. Президенттің осы­ған байланысты қарары Түркістан ұғымының ұлттық сана-сезімде қайта оянуының рәмізі болумен қатар, аймақтың әлеуметтік жә­не экономикалық тұрғыдан да­муына да тың серпін беретін бо­лады. Қытайдан Еуропаға дейінгі жол тораптары мен Жаңа Жібек жолы бойында орналасқан Tүр­кістан түркі әлемінің руха­ни ор­талығы миссиясын да қай­тадан жаңғыртатын болады. Н.Назарбаев бұл шешімге қол қой­­ғанда оның тарихи маңызына назар аударып, Түркістан облы­сы­­ның ғасырлар бойы Қазақ хан­ды­ғы мен күллі түркі жұртшы­лы­ғының саяси және рухани өмі­рінің негізгі орталығы екендігін атап көрсетті.

Бейбітшілік елшісі

Кейде көшбасшылар үлкен саяси ептілік, тәжірибелік және лидерлік қабілетімен өте қысқа уақытта мемлекеттің келешегі мен тағдырын белгілейтін ше­шімдер қабылдауға мәжбүр болады. Бұл тұрғыдан Н.Ә.Назарбаев жа­һандық көлемде үлгі болар­лық саяси қайраткердің бірі ре­тінде қабылданады. Қазақстан тәуелсіздігінің алғашқы жылдарынан бастап бүгінге дейін тікелей немесе жа­нама түрде өзіне әсер ететін шие­леніс­тер­дің шешілуінде «қаты­су­шы тарап» болып келді. Алайда бұл қа­ты­су­шылық рөл негізінде «қайшы тарап» емес, барлық жағдайда да бейбіт өмірге жетелейтін әділет жақтаушысы мен дәне­кер­шілік бастамаларының ұйыт­қысы саналады. Бұл миссияны атқаратын Мемлекет басшы­сы Н.Назарбаев Ресей мен Ук­раина шиеленісінде, Ресей мен Түр­кияның келіспеушілігінде, Сирия қақтығысында да дәнекершілік баста­маларымен Армения-Әзер­­байжан, Таулы Қарабах жан­жа­­лында әділетті жақтап, «бейбіт­ші­лік елшісі» ретінде зор ынта-жігер көрсетті. 

Армения Кеден одағына қосы­лып жатқанда Елбасының Әзер­бай­жанның территория тұтас­тығын сақтау шартын алға тарта отырып, тағы бір мәрте әділетті жақтағандығын әзербайжан халқы үлкен ризашылықпен еске алады. Қазақстан Президенті: «Егер барлық сауда мәселелері шешілетін болса, онда ТМД елдері таныған Армения шекарасы шеңберінде (Кеден ода­ғына) кіре алатынын Арме­ния президенті білуі керек» деген болатын. Əрине бұл көз­қарас Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың батыл әрі әділетті ұста­нымының көрінісіндей барша түркі жұртшылығының бірлігін сипаттайтын үлгі боларлық қадам тәрізді есте қалды.

Қазақстан Президентінің сая­сат философиясы өте айқын: қалып­тасып жатқан жаңа халық­аралық байланыстар жүйесі­нің негізі – үйлесімділік принцип­теріне және әділетке негізделіп, дү­ние жүзі ядролық қарудан бас тар­тып, жаңа экономикалық жүйе, ұлттардың жаңа одағы құ­ры­луы тиіс. Қазақстанның екі жыл­дық мерзімге БҰҰ Қауіп­сіз­дік Ке­ңесінің тұрақты емес мү­шесі ретінде жұмыс істеуі де дү­ние­жүзінің Президент Н.Назар­баев­­­қа деген сенімінің көрсеткіші болып тұр. 

Көпмәдениеттілікті мемле­кеттің сыртқы және ішкі сая­са­­ты­ның басымдылығы деп жа­рия­лаған Әзербайжан Пре­зи­денті Ильхам Әлиев пен Ел­ба­сы Н.Назарбаев­тың бағдар­лары мен көз­қа­растары толық­тай сәйкеседі. Екі мемлекет бейбіт­шілікті үндей­тін гуманитарлық және эконо­ми­калық баста­ма­ларға қолдау көрсе­тіп, үлкен жа­һан­дық форумдарды өз жерін­де өткізіп тұрады. Мақсат белгілі – ұлттық мәдениеттің ең та­маша үлгілері барша адам­зат­тың ортақ қазынасына айнал­сын. Осының нәтижесінде әлем­де сенімсіздікке, діни және этнос­тық дискриминацияға орын қал­майтын болады. 

Қазақстан үлгісі арқылы қа­зір­гі әлемде алпауыт мемлекет болмай-ақ озық идеялардың баста­машысы ретінде әлемнің назарын өзіне аударып, бейбітшілік пен әділетті орнатып, жалпы гу­ма­­нитарлық мәселелердің шеші­міне қолдау көрсетуге болады. 

Президент Н.Ә.Назарбаевтың басшылықта қол жеткізген жетіс­тіктері мен Елбасының жаһан­дық бейбітшілік миссиясы үшін берілер ең жоғарғы марапат – қа­зақ халқының және дүние­жү­зілік қауымдастықтың оған деген жоғарғы сенімі.

Фузули МАЖИДЛИ,

PhD докторы (Әзербайжан)